📍Астанада Ұлттық волонтерлік желісі экологиялық волонтерлік, жануарларды қорғау және төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету бағыттарындағы гранттық жобалардың қорытындысына арналған баспасөз конференциясын өткізді.
Жобалар Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүргізілді. Гранттарды беру жұмысын «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастырды.
Шағын гранттар байқауына еліміздің барлық өңірінен 210 өтінім түсті. Іріктеу қорытындысында әр бағыт бойынша 10 бастамадан барлығы 30 жобаға қолдау көрсетілді.
Экологиялық волонтерлік Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында дамып келеді. Волонтерлер қоғамдық орындар мен су айдындарын қоқыстан тазартып, мектептерде экоклубтар құрды. Атап айтқанда, Алакөл жағалауынан 23 тоннадан астам қоқыс жиналып, 13 өңір мен қалада экологиялық іс-шаралар өтті.
Жануарларды қорғау бағытында үй жануарларына жауапкершілікпен қарауды насихаттауға және панажайларға көмектесуге арналған бастамалар қолға алынды. «Қыста құстарға көмектес» акциясы 20 өңірді қамтып, волонтерлер құстарға бір тоннадан астам жем берді. Жануарларға көмек көрсету үшін цифрлық құралдар да қолданылып келеді. Мәселен, «Найди друга» Telegram-боты панажайдағы жануарларға жаңа иелерін табуға көмектеседі.
Төтенше жағдайлар кезіндегі волонтерлік жобалар тұрғындарды түрлі оқыс жағдайларға дайындап, көмек көрсетуді мақсат етеді. Мобильді волонтерлік топтарды даярлаудың бірыңғай бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам адам оқудан өтті. Сондай-ақ судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, мүгедектігі бар адамдарды қауіпсіз жерге көшіру және шұғыл қызмет мамандарына психологиялық қолдау көрсету жөнінде іс-шаралар ұйымдастырылды.
Салада халықаралық тәжірибе алмасуға да мән беріледі. Бұл жұмыс төтенше жағдайлар кезіндегі волонтерлік ынтымақтастықты және Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь пен Ресей волонтерлерінің қатысуымен бірлескен экологиялық акциялар өткізуді қамтыды.
Баспасөз конференциясына мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

