Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында магнигті жұтып қойған 7 және 4 жасар екі ағайынды балаға сәтті ота жасалды. Балалар іштің мазасыздығы мен тұрақты ауырсынуына шағымданып, медициналық мекемеге жеткізілді. Тексеру барысында асқазан-ішек жолында бірнеше магнит табылды. Жағдайдың қауіптілігін ескеріп, дәрігерлер балаларды жедел ауруханаға жатқызып, толық тексеруден кейін ота жасауға шешім қабылдады.
Кіші баланың асқазаны мен жіңішке ішегінің әртүрлі бөліктерінде бөгде заттар болды. Магниттер бір-бірінен қашықтықта болса да, тартылып, ішек қабырғаларын қысып тұрды. Тәжірибелі мамандар баланың асқазанынан 15 магнит, тағы 14-ін жіңішке ішектен алып шықты. Сонымен қатар ота барысында хирургтер ішектің туа біткен қапшық тәрізді шығыңқысын — Меккель дивертикулын анықтап, алып тастады. Осылайша, баланың денесінен барлығы 29 магнит шығарылды.
Үлкен баланың тоқ ішегінен бір-біріне жабысқан үш магнит табылды. Дәрігерлер лапароскопиялық ота жасап, арнайы хирургиялық әдіс арқылы магниттерді соқыр ішек аймағына жылжытып, содан кейін алып шықты.
Хирург Асқар Қаназовтың айтуынша, балалар магниттерді үйде ойнап жүріп кездейсоқ жұтып қойған. Бақытымызға орай, ата-аналары дер кезінде жедел жәрдем шақырып, медициналық көмекке жүгінген.
«Бірнеше магнитті жұтып қою баланың денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Магниттер ішектің әртүрлі бөліктерінде болса да, бір-біріне тартылып, оның қабырғаларын қысуы мүмкін. Нәтижесінде қан айналымы бұзылып, ішек тіндері зақымдалады, тіпті тесілуіне дейін әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда кешігу ауыр салдарға әкеп соғуы ықтимал. Сондықтан дер кезінде медициналық көмекке жүгіну өте маңызды. Балалар ауруханаға магниттерді жұтып қойғаннан кейін шамамен бес сағаттан соң түсті. Уақтылы ауруханаға жатқызу мен мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында қауіпті асқынулардың алдын алдық», — деді хирург.
Отадан кейін екі ағайынды да толық тексеруден өтті. Олардың денесінде қосымша магниттер табылған жоқ. Дәрігерлердің жедел шешімдері мен кәсібилігінің арқасында балалар тез айығып, тоғыз күннен кейін үйлеріне шығарылды.
Дәрігерлер ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады. Магнитті конструкторлар, ұсақ ойыншықтар мен жекелеген магнитті бөлшектер әсіресе кішкентай балалар үшін қауіпті. Мұндай заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажет.
Егер бала магнитті жұтып қойды деген күдік болса, тіпті симптомдар болмаса да, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Үйде бақылауға уақыт жоғалтуға болмайды.
Подписывайтесь на нас: Atameken_press
#Алматыоблысы #медицина #магнит #балалар #хирургия #Қазақстан #новости

