Site icon ATAMEKEN

🏫 Алматы облысында инклюзивті білім берудің бес нысаны салынады

 

Алматы облысында 6 мыңнан астам бала арнайы және инклюзивті білім алады. Олар үшін өңірде 30-дан астам бейіндік мекеме жұмыс істейді. Алайда облыста арнайы білім беру ұйымдарының тапшылығы сақталып отыр.

Талғар ауданындағы оңалту орталығы 2014 жылы ашылған. Осы уақыт ішінде мұнда 1500-ден астам бала көмек алды. Қазір орталықта 252 бала оңалтудан өтіп жатыр.

«Біздің орталық толығымен тегін, ақылы қызметтер жоқ. Біз әлеуметтік қорғау желісі бойынша — 180 балаға қызмет көрсетеміз. Қалған балаларды қор есебінен де тегін қабылдаймыз. Алматы облысы бойынша балаларды қабылдаймыз, басқа қалалардан келетін балалар да бар», — дейді «Ақжол-М» оңалту орталығы директорының орынбасары Мұхаммедәзиз Нұрахметов.

Облыста 9 психологиялық-педагогикалық консультация және 13 түзету кабинеті жұмыс істейді. 600 орындық үш мектеп-интернат бар.

«Бұл мектеп-интернаттар болғандықтан, балалар мұнда тек оқып қана қоймай, медициналық көмек те алады. Олар аптасына бес күн интернатта болады. Олармен тәрбиешілер, логопедтер, дефектологтар және басқа мамандар жұмыс істейді», — деді Алматы облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Бақытқызы.

Соңғы үш жылда оқулықтар мен оқу құралдарына шамамен 32 млн теңге бөлінген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту және кадр тапшылығын шешу қажеттігін атап өтті. Осыған орай өңірде тағы бес арнайы білім беру мекемесін салу жоспарланып отыр. Оның бірі Қонаевта іске асырылады. Келесі жылы мұнда 500 орындық жаңа форматтағы мектеп кешенінің құрылысы басталады. Ол интеллектуалдық дамуы бұзылған балаларға арналған.

Бізбен бірге болыңыз: Atameken_press

#инклюзия #Алматыоблысы #білім #балалар #Қонаев #Қазақстан #жаңалықтар

Exit mobile version