Алматы облысында құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.
2026 жылғы 31 қазанда облыс әкімі Шыңғыс Аринов облыстық ПД-ға және өңірдің мемлекеттік мекемелеріне 50 қызметтік автомобильдің кілтін табыс етті.
«Осы жұмыс аясында Полиция департаменті мен мемлекеттік мекемелерге отандық өндірістің 50 жаңа қызметтік автомобилі беріліп отыр. Автопарктің жаңаруымен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Заң және Тәртіп» қағидатын мемлекеттің басты басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. Бұл жауапты миссияны іске асыруда сіздердің рөлдеріңіз өте маңызды», — деді әкім.
Ол өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Облыстың қоғамдық орындарында 11 400 бейнебақылау камерасы орнатылып, Жедел басқару орталығына қосылған. Бұл құқық бұзушылықтарды уақтылы жолын кесуге және оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар келесі жылы полиция жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында қолдау жалғасады. Атап айтқанда, жергілікті бюджет есебінен учаскелік және патрульдік полицияға қосымша 150 штаттық бірлік бөлу қарастырылған», — деді Шыңғыс Аринов.
Жаңа қызметтік автомобильдер Қонаев және Алатау қалаларының, сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Балқаш, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарының полиция бөлімдеріне берілді.
Бізбен бірге болыңыз: Atameken_press
#Алматыоблысы #полиция #жаңаавтомобильдер #Аринов #қауіпсіздік #Қазақстан #жаңалықтар

