Қонаевтағы «Айша Сити» базарында «Алмалы өнімдері» павильоны ашылды. Мұнда жергілікті ауылшаруашылық өндірушілер өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынады.
Мұнда ет, сүт өнімдері, көкөніс және басқа да азық-түлікті нарықтық бағадан 10–15%-ға арзан бағамен сатып алуға болады.
Нысанның ашылу салтанатына қатысқан Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов бастаманың өңір тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
«Алматы облысы — ауыл шаруашылығы дамыған өңір. Біздің облыста өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің елеулі көлемі өндіріледі. Сондықтан біз үшін өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, өнімді сақтау және тұтынушыға тікелей жеткізудің тиімді жүйесін қалыптастыру маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ауылшаруашылық өнімдерін сақтау мен өткізу жүйесін жетілдіру, логистикалық тізбектерді оңтайландыру және негізсіз делдалдықты жою міндетін белгіледі. Жаңа павильон осы басымдықтарға толық сай келеді», — деді Шыңғыс Әрінов.
Облыс басшысының айтуынша, нысан жеке инвестициялар есебінен салынған. Павильонда заманауи санитарлық талаптар мен стандарттарға сай 40-қа жуық сауда орны қарастырылған.
Жергілікті фермерлердің өз өнімдерін делдалсыз тікелей тұтынушыларға өткізу мүмкіндігі де павильонның маңызды ерекшелігі болып табылады.
Осылайша, «Алмалы өнімдері» павильоны өңірдің сауда-логистикалық әлеуетін дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың қосымша алаңына айналады.
Подписывайтесь на нас: Atameken_press
#Алматыоблысы #Қонаев #Алмалыөнімдері #ауылшаруашылық #Әрінов #Қазақстан #новости

