Қымбатты ата-аналар мен балалар!
Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Балаларды қорғау күні – әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға үндейтін ерекше мереке. Сондықтан бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің мәні мен маңызы зор. Ауданда ел болашағы балалардың білімін жетілдіру, өмір сүру сапасын арттыру, олардың спорт, өнер үйірмелеріне қатысуына жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, ілгері ойлайтын мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Бала – адамның бауыр еті. Әрбір ата-ана өз баласын жарық дүниеге әкелген сәттен бастап оған барлық жүрек жылуын, ата-ана қамқорлығын сыйлап, болашақта сол баланың өмірде өз орнын тауып, қалыптасуына ықпал етеді. «Боламын деген баланың бетінен қақпай, белін буатын» дана халқымыз ұрпағына тағылымды тәрбие беріп, кішіпейілділікке баулып өсірген.
Халқымызда «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген қанатты сөз бар. Өсіп келе жатқан балаларымыз жақсы білім алып,келешекке нық қадам бассын! Ата-аналары мен ұстаздарының сенімін ақтай берсін!
Жүздеріңнен қуаныш пен бақыт күлкісі кетпесін, ал жүректеріңе тек мейірім мен шапағат ұяласын.
Мереке құтты болсын!