Site icon ATAMEKEN

14 наурыз – Амал мерекесі

яғни Көрісу күні Алматы облысында ерекше ықыласпен және жоғары деңгейде тойланды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының бастауы саналатын бұл күнде облыстың барлық аудандары мен қалаларында түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде 13-наурыз күні Іле, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл аудандары көштің басын бастап берсе, Алатау, Қонаев қалалары мен Райымбек, Балқаш, Кеген, Қарасай аудандары мерекенің жалғасын 14-наурыз күні сән-салтанатымен көріктендірді.

Бұл күні жұртшылық бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық сұрасып, үлкендерге құрмет көрсетіп, ұлттық дәстүрді дәріптеді. Облыстың орталық алаңдары мен мәдениет үйлерінде ұлттық ойындар, концерттік бағдарламалар, театрландырылған көріністер және көрмелер ұйымдастырылып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Әсіресе жастар мен еріктілердің белсенді қатысуы мерекенің мазмұнын байыта түсті. Олар үлкен буын өкілдерін арнайы құттықтап, ұлттық құндылықтарды насихаттауға өз үлестерін қосты.

Көрісу күні – татулық пен бірліктің, сыйластық пен құрметтің символы. Осы игі дәстүр арқылы тұрғындар бір-біріне ақ тілектерін арнап, жаңа жылдың бастауын жақсылықпен қарсы алды.

Алматы облысында өткен бұл мерекелік іс-шаралар ұлттық дәстүрлердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындап, ел бірлігі мен рухани сабақтастықтың маңызын көрсетті.

Exit mobile version