Site icon Атамекен

Жамбыл және заман

Жамбыл – ұлттық ділімізден ажыратып қарау­ға келмейтін, қазақ халқының тағдыр-талайына ғана тән бірегей құбылыс. 

Жамбыл – орта ғасыр инквизициясының әз-ә­зіл іздегіш ымырасыз танымының ауылынан алыс қонбаған большевиктік ілімнің тікелей құрбаны.

«Жамбыл туралы жазу қиын» деп еді әдебиетші ғалым. «Өмірінің қайшылығы жөнінен Жамбыл қа­зақ ақындарының ішінде аса күрделі тұлға», – дей­ді мінез-құлқы мен әрекеті арқылы ортаға сыйым­сыз саналатын, талғам-танымы өзгешелеу қа­лыптасқан ақындардың бірі. Бастапқы  сөз төр­кінінен аңдайтынымыз, Жамбылдың шыққан тегі мен өскен ортасын көрнеу олқы тұтатындыққа қо­са, оның өлеңдері шу дегеннен тым қаражаяу кө­рін­етіндігінде жатыр ма дейсің. Ал қайшылығына жүгінудің сырында кеңестік дәуірде тоқсандағы қа­рияның марапатшыл одашылдыққа ұрын­ған­дығын меңзейтін ниет бұғып тұрғанын байқайсың. Күні бүгінге дейін ол жөнінде орныққан дұрыс пі­кір­лермен қатар, айықпастай асқынған дертті ұғымдардың көптеп ұшырасатынынан кереғар көз­қарастардың бітіспес қақтығысын көреміз. Жам­былды суқаны сүймейтіндердің ең басты қоя­тын кінәсі – есек мініп, ел кезіп, тентіреп жүрген жа­ман бір шалдың кездейсоқ ауызға ілініп, аты­ның тарихта ардақталып қалуы ақылдарына сыймай әлек қылатын сияқты. Содан да ол турасында пәлелі-жалалы әңгімелерді өршітіп қана қоймай, оған деген мүсіркеу пиғылдарын туындатуға әуес­тік бар. Содан да Жамбылдың «рухани кемба­ғал­дығын» дәлелдеуге күш салушылық әредікте көзге шалынып қалады. Билік құзырына құлдық ұрып тұруға бейім ділімізге бірөңкей ақ немесе бірөңкей қара түсті көруге үйреткен большевик идеологиясына келіп қосылған соң одан бетер жетекке ер­гіш, айтаққа еліккіш халыққа айнала түскенімізді не­сіне жасырамыз. Жамбылды қазақ қара сөзінің ұлығы Мұхтар Әуезов жақсы көрді екен деп былай жалт беру де жарамас, қазіргі ақсақал жазу­шы­мыздың бірі жек көреді екен деп олай сылаң етіп шыға келу де болмас. Өкінішке орай, мұндай қа­сиет бізде әлі бар. Шығармашылық тұлғаны танып, бағалауда керек десеңіз, басынан бақайшағына дейін ақсүйек ғұрпында тәрбиеленген Толстойдың да жаза басып, жаңсақ кеткен тұстары жоқ емес. Бірақ орыстың зиялы қауымы Толстой айтты екен деп біреуден жеріп, келесісіне бүйрегі бұра қал­майды. Жамбылды зерттеушілердің ғылыми-тео­риялық дайындығы көп жағдайда алпысыншы, тіп­ті, одан да арғы жылдардың деңгейінде қалып қой­ғандықтан қорытқан тұжырымдамалары бүгін­гі шындыққа сәйкес  келе бермейді. Кешегі ба­ға­лау мен рухани құндылықтарға деген бүгінгі көзқарастардың арасында жер мен көктей айырмашылықтар пайда болды. Сөйте тұра, Жамбыл жөнінде қалыптасқан ғылыми тұжырым күні өтіп кеткен посткеңестік жүйеде қалса да өңін айналдырып жіберіп, бүгінгі тұғырнамаға күштеп салуға тырысып бағады. Билеуші құрылысқа бұ­лай­ша иек артып, соған қарай көзқарастарды лез­де құбылтып, лезде айнып шыға келгіш жа­рамсақ пиғыл Жамбыл әруағын әлі талай жапа шек­тіріп, нақақтан-нақақ қиянатқа ұрындыра бе­ретіні сөзсіз. Жамбылға қызғыштай ара түсіп, өбек­теп қорғаштаудың орнына, ниеттестікпен тү­сі­ніп қараудың өзі ұлттық мұраны саралай ұғыну­дың мәдениетін қалыптастырады.

Жамбыл қайшылығы, тегінде, шығарма­шы­лық өмірбаянында жатыр. Өз уағындағы ау­қатты жуандармен тиіп-қашып араласқан ол ұлы жиындар мен ақындық сайыстардың үстінде ғана саңлақтанып шыға келетін кө­рінеді. Сол кездегі қоғамның жоғарғы тобы­на жататындардың бір-бірін тең санайтын өзара демократиялық ахуалы Жамбылдың пайдасына қарай шешіле бермеген тәрізді. Тайпалық намыс қорғалатын тұстарда ғана ес­к­еріліп, былайғы уақытта көптің бірі боп елен­бей жүре беретін көрінеді. Сапарғали Бе­галиннің Жамбыл аузынан жазып алған ес­телігіне қарасақ, Құлмамбетпен болған атақ­ты айтысында Құдайберген болыс бәй­ге­ге тігілген ақшаны қалтасына салып алып, «Жамбыл жеңді» деп атып тұратынын ай­тады. «Жеңді деген атақ менікі бол­ға­ны­мен, ақша аналардың қалтасында кетті», – дегенді Жамбыл ащы мысқылмен есіне ала­ды екен. Демек, бұл жағдайлар оның ар-намысына тиіп, ішкі қорыну сезімімен жек­пе-жек қалдырып, өзімен-өзі тай­та­лас­қа түскенінің куәсіне жүреді. Тағы да Жам­был қарабайыр тіршіліктің күнделікті ағы­сында шаруаға қырсыз, тұрмысқа икемсіз бол­ғанын көзкөрген адамдардың көбі рас­тай­ды. Жамбылдың ақындығын місе тұт­пау­шылық пиғылды орнықтырушы күштің бірі Абаймен бақталастырудың байырғы амалы­на апарып саятыны бар. Ал оның ғылыми не­гізінің жоқтығына тоқталып жатудың өзі ар­тық.

Кез келген ұрпақтың кейінгіге деген ата­лық парызы мен қалдыратын өсиеті бо­латыны белгілі. Бұл тұрғыда Жамбыл жө­нін­дегі ғылыми дұрыс түсінік қалыптастырып, ру­хани мұрамыздан оның алатын орнын осы бастан лайықтауға күш салғанымыз аб­зал. Дей тұрғанмен, қазақ нәсілі үшін «жиыр­ма екінші ғасырдың ортасында Жамбыл есімі атала ма, аталмай ма» деген са­уал­ға тәуекелің жетіп жауап беру оңай емес. Жүз елу жылдан кейінгі жағдайда қа­зақтың ұлттық келбеті қалай өзгеретіні де белгісіз. Сондықтан да бұл сәуегейлікке бар­ғызбайтын, ұрпақтар алдында жауап­кершілігі зор, аса жүрексіндіретін жағдай. Оның өзі ұлттық ділімізді жапон жұртынша мәңгілікке сақтап, ата-бабалық салт-са­наны өміршеңдікпен жаңғырта алып, жаңаша тұжырымдамаларды берік орнықтырудың берекесіне тікелей байланысты шара. Қазір озық тұрған халықтар өткен ғасырларда жасалған құнды­лық­тарынан бүгінгі күнге сәйкестендіретін кө­кейкестілік іздеп әуреге түсіп жатпайды. Тек ұлттық құрметке бөлеп, қадірлеп-қас­тер­леудің кәдесін ойластыруға оңтай тұру ың­ғайы байқалады. Рухани тұрғыдан есею­дің бізге осындай сатысынан өту кезегі тұр­ған шығар, бәлкім? Сөйте тұра, 150 жыл­дан кейін Жамбыл ақынға қандай орын, қандай құрмет лайық? Демек, Жамбыл біз­дің жыл санауымыздан бұрын VIII ғасырда өмір сүрген Гомер сынды мәңгілік құбылыс. Көне дүние өкілі уақыттың буалдыр сағы­мынан мұнартатын анық-қанығы мәлімсіз рухани сұлба ғана. Ғылыми-техникалық дамудың алғашқы баспалдағында өмір сүрген Жамбылдың бір отырыста дәуірлік кезеңді жырлап бере алатын құдіретінің құпиясында әрқашан өзіне тартып тұратын магнит өрісі бардай. Алайда, Жамбыл өз ұрпағына фольклорлық сананы аманаттаушы ғана емес, кәсіпқой шығармашылық иесіне тән өмірлік материалды іріктеп, сұрыптай алатын парасатын да танытады. Жамбылды тұрақты зерттеп жүрген әуесқой ғалымның бірі ақынның өз қарсыластарына қарағанда икемділік танытып, қолма-қол образ ашып кете беретіндігін айтады:

Ноғайбай мырза шіренген,

– Домбыра алған бұл кім? – деп.

 Теріс көзбен қарады,

Танып тұрып танымай,

Екі көзі жеп барады.

Жамбыл реалист. Әлеуметтік жағынан өзі кішік, Ноғайбайдың асқақ екенін де жа­сыр­майды. Және бұл мысалға алынған жол­дар жайшылық жағдайда айтыла салса еле­мей өте беруге де болар еді. Бұл Сарбас ақын­мен болған айтыс үстінде баяндалған оқиға.  Ақынның тап осы сәттегі шыншыл­дығы қа­зақ айтысының ғұрпынан бөлектеу. Бұл жер­де Ноғайбайды кінәлап жатпастан, оның жөнсіз тәкаппарлығын диалог ар­қылы ұтымдылықпен ашады. Абыройының үстемдігін тоңмойын пайдаланатындығын «та­нып тұрып танымағандығы» арқылы дәл бей­нелей біледі. Мұнда тағы Жамбыл бол­мы­сының пенделік осалдықтың сынасы емес, сызаты да түспейді. Жалпы, оның жа­ра­тылысында тағдырына налып, өктем­дікке кектеніп, соның қарымтасын қайтару­ға тырысатын ұсақтық  ұшыраспайды. Те­гін­де, ірі суреткерге ғана тән мұндай қасиет Жам­былға қайдан бітіп жүр? Бұған нақты жауапты тағы да оның өмірбаянынан аламыз. Ақындықтан басқа кәсіппен айналысып көрмеген ол қоңыртөбел тұрмысқа бір­жолата мойынсұнып, билік жүргізуші топ­қа, ықпалды күштерге басыбайлы бол­мау­ға тырысып бақты. Тағдырына кезіккен та­лай қиын сындардан сүрінбей өтуінің сы­ры да бөлекше. Оны алайда қазақы көн­бістіктің төңірегінен іздестіру жамбылдық қазынаның құпиясына бір жақты үңілу болып шығар еді. Бала кезіндегі мінез-құлық­тарының бір түрлілігі өз ортасына түсініксіз көрсетіп қана қоймай, сыйымсыз ожар­лыққа дейін апарғанға ұқсайды.

Жапаның үйіне алыстан бір топ қонақтар ке­ліп, бас тартылар кезде Жамбыл алып қа­шып кетіп, сайдың ортасына апарып өзі жей­тін. Немесе нағашы ағасы Қанадан қо­быз­шының үйіне күй үйренуге бара жатып өзі­нен-өзі аттан сап, пора-порасы шығып жы­лайтыны секілді тосын қылықтары түсі­нік­сіз. Әлгі қылығының себебін сұрағанда: «Екі жағымнан екі арлан келіп талады», – де­ген екен. Бұл Жамбылдың көкірек-көзі ха­лықтың аңыздарымен ашылғанын көр­сететін жағдаят. Қазақтың ата салтында өнерді кие тұту бекзаттығы бар да, бірақ әр­­бір ұлттық жоралғыны жапондықтарша концептуалды дәрежеге көтеріп, әлемдік ауқымға шығара алмай қалады. Айталық, ақындыққа бет бұрғанын ауыл-аймақ түгел білсе де, Жамбылды бұл жолда орнықты деп мойындай қоймайды. Себебі, оған әлі Сүйінбай батасын бере қойған жоқ болатын. Бұл рухани шараның қазақ үшін маңы­зы қазіргі мемлекеттік дәрежедегі басты-бас­ты құжаттардан бір мысқал кем емес­­­тігін көреміз. Бұл орайда Сүйінбайға жүк­телетін жауапкершілік өз алдына ұзын-сонар әңгіме. Ол ең бірінші өнердің киесіне жолықпауды ойлап, кім көрінгенге батасын бермейтіні аян. Баяғыда бас қосқан сайын ауыл қариялары: «Жәкең жарықтық ақын­дық жөнінен ешкімге батасын бермей кет­ті», – деп отыратын еді. Балалық сана сол кез­дің өзінде Жамбылдың мұнысын өзім­шілдікке қимай, онда мүлде басқаша сыр барын топшылайтын сияқты еді. Демек, ол көптеген құпияны өзімен бірге алып кетті деген ұйғарымға еріксіз келесің.

Жамбылдың тұрақты жырлайтын та­қы­рыбы – бостан сүйгіштік ой-арман. Ата-ба­балық аманат ретінде оны кейінгіге мүл­тіксіз жеткізе алады. Өзінің жасы ұлғайып, асып-төгіліп барып арнасына түсіп, ақын­дығы баяулай бастаған кезінде тап болған Қазан төңкерісін елге келген жақсылық деп ұқты. Жамбылдың шығармашылық қасіреті осылайша ақыл-ойының кемелденген ша­ғында емес, ғұмыр мезгілі екіндіге қарай ауып, күні ұясына батып бара жатқанда басталды. Тоталитарлық жүйе тоқсандағы қаудыраған шалдың рухани қайта түлеудегі феномендік құбылысын дер кезінде байқап, өз мүддесін күйттеген бағытқа қарай бұрып жіберіп отырды. Сонысы үшін Жамбылды кінәлау білместік. Алайда, осы білместіктің кесірінен Жамбылға деген дұшпандық қатайып, оны құбыжық қып көрсетуге деген ниет байқалады. Оның бүкіл шығарма­шы­лығына байыппен көз жүгіртіп қарасақ, ең әуелі кәдеге жаратпауға бейіл тұрғандарда сол баяғы бір білместік қана жатқан жоқ. Жамбылдың ақындық қуатын көрнеу елемеуге тырысатын қараулық та бар. Сүйікті жайлауы Майтөбемен оңаша отырып сыр­ласқан сәттегі айта жөнелген өлеңінің құйы­лысындағы оқшаулыққа көз салып қа­ралықшы.

Сүйінгендей нем бар еді?

Өзіңдей биік шың бар еді.

Арғы бетің ызғар еді,

Бергі бетің мұң, зар еді.

Иығыңда бай, манап,

Бауырың толған құлдар еді.

Қанша таптық тұрғыда айтылды деген күнде, Жамбылдың шежіре көкірегі өмірдің біраз сырын білетініне сенесің. Қазақ өлеңінде бұрыннан бар монолог сипатында шығарылса да, мұндағы жамбылдық сана ағысы өмірдің бетімен әшейін қалқып өтпейді. Өзінің көкейінде жүрген түйткілді сауалдардың сабағынан ұстап, тамырын жұлқып-жұлқып тартып көреді. Жамбылдың өз тақырыбына тұрақтылығы кейде ығыр ғып  жіберетін сияқты. Әсіресе, айтыстары­ның бәрінде шу дегеннен-ақ батырлықты қалқан ғып ұстанып шыға келетіні бар. Ал бұл кейде жауға сауыт-саймансыз жалаңаш шап­қан­мен бірдей. Нарықтық қатынасқа қарай біртіндеп көшіп бара жатқанымызға байланысты қазір ғой, бұрын сөкеттеу көрінетін бейтаныс құбылыстарға етіміз үйреніп, көн­діге бастағанымыз. Он тоғы­зыншы ға­сырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында да жақсылық  атаулының бәрі тұрмыстық  игіліктермен өлшеніп, бей­марал заман орнағандай көрінген. Ұлт­тың ро­мантикалық азаттық сүйгіш сезі­міне селкеу түсіп, тоғышарлық құйын үйіріп әкете бас­таған кезде батырлықты қозғау аса ас­қақ естілмейтін дәрежеге жеткен сыңайлы. «Өткенді айтып менменсіп, көтересің көңі­ліңді, ол күндегі батырлар, бәрі  жерге  кө­міл­ді», – деген Досмағамбеттің Жамбылға айт­қан уәжінен сол заманның шын­дығынан хабардар боламыз. Ал Жам­был­дың батыр­лық­қа табан тіреп, соның төңірегінен шық­пай қоюы  қарсыластар үшін Дон-Кихоттыққа бара-бар жағдай еді. Әйтсе де Жамбыл ша­ра­сыздыққа ұрынып, ыңғай сайқымазақ болды десек те қате­лесеміз. Ұлттың көкейін­дегі мүлги бастаған батыр­лық сананы оятып, жаңғыртпақшы болған Жамбыл талпынысын көкірегі ояу, көзі ашық адамдар ба­­ғалай да, қолдай да білген. Соның ар­қа­сында бәсеке үнемі Жамбылдың пайдасына шешіліп отырған.

«Құлмамбетпен айтысын еске алған сайын Жамбыл өзінен-өзі мырс етіп күліп қоя­тын еді», – дейтін Шаштай ақсақал. Жам­был өз кезегінде елінің байлығын тіз­белеп, төпелетіп соға бастағанда Құл­мам­бет: «Шапырашты дегенің жойдасыз өтірікші болады екен ғой, қызталақ, соқ, соға түс», – деп, таңырқаған сыңайда басын шайқап қана тынады екен.

Сыпатайдың артында Қақаман бар,

Қақаманның артында тақамам бар.

Кіжіктің үлкен үйін көріп пе едің,

Тоқсан тұлып, алтын боз жасаған бар…

Құлмамбетпен айтысын еске алу ба­рысын­да Жамбылдың аузына көбіне осы жол­­дар түсетін көрінеді. Көзін бір нүктеге сү­зілте қадап, қулана жымиып қойғандағы пі­шіні көз алдыңа елестейді. Алайда, бұл жол­дарды он қайтара оқысақ та, құпиясына бойлай алмай әлек болатынымыз қалай? Бұрынырақта дүниеден көшкен ауылдың Халық, Мәжен, Жұмағұл сынды қариялары да тап осы жолдарға үйірсектей беретін. Мұн­ың сонда нендей керемет сыры бар? Құл­мамбеттей жақсы мағынасындағы кон­серваторлық ағымның көрнекті өкіліне поэ­тикалық тұрғыдан лайықты жауап бере алғанына іштей сүйсінісі жатқан шығар, бәлкім.

Жамбылдың қарсыласына қолданған ақындық тактикасы әлденеше қатпарлы, о бастағы тұғырнамасы батырлық та, дәулет­ке сай әр түрлі кәсіпшілікті тілге тиек етіп келеді. Құлмамбетке қарағанда Жамбыл көзқарасы анағұрлым ілгері, өз уағының инфрақұрылымын алға тартуы сол заман үшін елеулі жаңалық та еді. Дей тұрғанмен, жо­ғарыда мысалға келтірілген жолдарда жам­былдық утопияға ұқсайтын бірдеңе бар. Кейбіреулер Жамбыл айтысының ең шұрайлы да көркемі Досмағамбетпен бол­ған жекпе-жегі деп санайды. Бұл – Құл­мам­бет­пен айтысының драматизмін көпе-көр­неу ескермегендік.

Он тоғызыншы ғасырда қазақ айтыс өне­рі Жетісу өңіріне ауыса бастағанын кезін­де М.Әуезов атап көрсеткен болатын. Ол әйтсе де басқа сапаға көшкен еді. Оны кәсіпқой боксшылардың он екі раундтық жекпе-жегімен салыстырудың өзі аздық ете­тіндей. Өйткені, сөз сайысы барысында жал­ғыз ғана ақындық шеберлік роль ойна­май­ды, онда ойлау жүйесі, адамгершілік ұста­нымдар сынды көптеген өлшемдер де жете ескерілген. Тап бұл арада Жамбылдың өмірлік көзқарасы ұлттық этикадан алшақ­тамайды да, ұстанған бағытынан жаңылып та қоймайды. Қарсыластарына Асанқайғы, Бұқар жырау, Балта, Шөже, Сүйінбай, Май­лықожа, Құлыншақ секілді есімдерін ыңғай көлденең тартады. Бұл оның рухани парыз ұғымы географиясының бойлықтары мен ендіктері бүкіл қазақ жерін орап тұра­тынын көрсетеді. Айтыс ақындарының бас­қ­а бір­де-бірінен мұндай қасиетті байқай ал­май­сың. Өзінің пірі санайтын Сүйінбайға кейде «ер» деген анықтаманы қоса кететіні бар. Онысы да тегін емес. Туыстас екі халықтың ақындары Сүйінбай мен Қатағанның айтысында Жамбылдың ұстазы қазақтың тарихи географиялық орналасу артықшылық­та­рын көрсетіп, мәнісін айтатын тұстар жет­­кі­лікті. Яғни азиялық қалың бояуға Сүйін­бай өркениеттік реңктерді түсіріп, то­маға-тұйық қалмаудың  өзіндік жөн-жо­ба­сын ұсы­­нады. Қазақты айнала қоршап жат­қан көр­­шілеріне дейін етене тұтып, атын атап, түсін түстейтіні, міне, соның айғағы. Жамбыл да ұстазының идеясын іліп әкетіп, праг­ма­тиктіктен гөрі реформаторлыққа ден қойды. Жиырмасыншы ғасыр басындағы айтыс өнерінің ерекше үлгісі – Құлмамбет пен Жамбылдың арасындағы сөз сайысы туралы әңгіме көп. Мұнда өз руының артық­шылығын бетке ұстау, былай қарағанда, тым үйреншікті үрдіс. Бірақ ой көзімен үңіліп, дендеңкірей түссең, анау дейтіндей артық-ауыс қазымырлық сезілмейді. Бөл­шек­­тенудің орта ғасырлық белгілері қанша шаң берсе де, Жамбыл, бәрібір, жаңаша ой­лай алатын толқынның өкілі екенін дәлелдей­ді.

Жүз мың теңге сандықта шіріп жатыр,

Баласы Ниязбектің Сәрсенбайда.

Құлмамбеттің байлық  жөніндегі ескі­лікті өлшемі осындай. Ал Жамбыл бұл арада өмір­шең көзқарасын танытады.

Арғы шетін айтайын,

Қызылжар мен Семейден,

Мына шетін айтайын,

Ташкент пенен Наманган,

Әндіжан мен Марғұлан.

Ақша деген немеңді

Қапқа салып алдырған.

Жігіттер бар жетілген

Орыс-қазақ ұжым боп,

Тізе қосып бекінген.

Өмір құбылыстарын тап осылайша бай­қау үшін ең әуелі оқу-тоқу, сонан соң ақыл-ойдың талдай алатын алғырлығы керек. Жам­был, әйтсе де, құдды бүгінгі күннің биі­гінен қарап: «ақша деген немеңді» деп миы­ғы­нан күліп, кекетіп тұрған сияқтана бе­реді.

Жамбыл коммунистік идеологияның «ше­шеніне» айнала бастаған кезде ұлттың бел­гілі қаһарман ұстындарының әруақ­та­рына тіл тигізіп, бәрін қаралап шыға келді де­генге сену және қиын. Тоталитарлық жүйе­­нің таңдауы, әйтсе де, Жамбылға тегін­нен-тегін түскен жоқ. Тағдыры да, дарыны да іздесе таптырмайтын тұлғаның ең әуелі экзотикалық жағы қатты ескерілген  сияқ­ты. Діндар да тақуа шалдың сауатсыз­дығы ізде­генге сұраған болып, соның атымен пікір таратудың айласы аярлықпен жүзеге аса бас­тады. Рухани қуыршақ күйге түскенін Жам­былдың қаншалықты дәрежеде се­зін­гені турасында деректер тым аз. Орасан фе­номендік құбылыс саналса да, ком­му­нистік идеологияға деген азан шақыру­шылық міндеттен Жамбылдың шаршай бас­тағанын бірен-саран көнекөз қариялар ақырын сыбырлап қана айтатын.

Ұлы Алғадай ұрыс даласында қаза тап­қан кезде республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы өзі бас боп кеп естірткені белгілі. Күйік  үстінде отырған Жамбыл ащы әңгі­ме­ге дейін барып, бүкіл жүйеге тілі тиіп кетеді. Тіпті, көсемдерін балағаттап та жіберген. Тө­рағаның қасына еріп келген орыс ағайын­дар әлденеден секем алып қап: «Бұ кісі не деп жатыр?» деп сұраған екен. «Ұлым Отан үшін, ел үшін, Сталин үшін мерт болды, аты өлмейді» деп біреу тап сол арада аударып, дереу жуып-шайып жіберген.

1905 жылы туған перзентіне тап осы есім­ді қойғанына кейде таңырқайсың да. Демек, ол  ұлтжандылық жағынан романтик, жаудың басты батырларының әдіс-айласын алдын-ала біліп алу мақсатында сынақ ай­қасқа баратындарды қазақ Алғадай деп атаған.

Жамбылдың коммунистік идеологияға деген альтуризмі ендеше жасанды. Қазақ­тың қалың қыртысты патриархалдық тұр­мы­сынан шыққан адамның большевизмді жырлаған кезде бірден Маяковский мен Сейфуллиннің дәрежесіне көтеріле қоюы мүмкін емес. Ұзақ  ғұмыр жолында әлде-

не­ше катаклизмдерді басынан өткеріп келіп, өмірінің соңына қарай үйіп-төгілген қам­қор­лықты субъективті тұрғыдан қабыл­дады. Мұны ең әуелі осы күнге дейін көрген азап-мехнатының өтеуі деп ойлады. Басына бақ қонады деген сенімге өмір бойы иек артып, қасиетті бабаларының әруақтары өзін қолдап, жебеп жүргендей сезінуі тағ­дырдың сұрапыл сындарынан сүріндір­мей алып шық­қан сыңайлы.

Жамбыл қабылдауының ерекшелігін біз­дің әбден заттанып, қатқылданып кеткен санамыз мөлшерлеп қана түсінеді. Ғылыми таным орасан биік өресінде тұрып, адамзат ба­ласының сәбилік дәуіріндегі ой-қиялға үйір­сектей беретіні несі? Онда баурағыш қан­дай керемет бар? Бұл сауалдарға әлем­дік ғылыми ой мың мәрте тиянақты жауап берген де шығар. Әлеуметтік зердеміз қазір серги түскен сайын ата салттық қабылдау мен түйсінудің қайнары лайланбай таза сақталып келгеніне қайран қала түсесің. Жамбылға айналып соққан сайын оның таза шығыстық сүрлеудің соқпағында тұрып ұлттық құнарды байыта түскеніне қоса, өзін­дік жаңа кеңістікке шыға бастағанын байқаймыз. Қазақтың рухани топырағын­дағы жамбылдық мысалға Габриэл Мар­кес­тік құбылыстың жаңғырығы жетпей жат­қандай көрінеді.

Эпостық мұрамыздың телегей-теңіз мол­дығына қаныққан Горькийдің: «Алтын сан­дықтың үстінде отыр екенсіңдер ғой?» – деген сөзінің бұл орайда жаны бар. Уақыт бәріне төрелігін береді деп өзімізді қанша жай­барақат ұстағанымызбен, кез келген рухани шетін мәселеге осы күннен бастап өркениет тұрғысынан келмейінше әділет орнықпайды. Қайтадан қазақ бола бастауымыз үшін өз аңыз, ертегілеріміз бен батырлар жырын темірқазық қып ұстануымыз шарт. Және мұндайда  жамбылдық  фактор­ға соқпай өте алмаймыз. «Жамбыл «Көроғлы» дастанын 15 күн айтатын еді», – дейтін кө­некөз қариялар. Тап қазіргідей нарық заманында 15 күн тіпті ақылға сыймайтын жағ­дай көрінуі ықтимал. Мұнша­лықты уа­қыт жұртты тіршілік-харакетінен қалдырып, алдына иіріп ап жыр тыңдату үшін ең әуелі әлеуметтік кепілдік керек. Қазақ тұрмысы­ның жайбасар ағысы бәрін көтеретін байсалды да байыпты. Ал осынша­лықты идил­лия­ға орыстың дворяндарының да, фран­цуздың маркиздерінің де, немістің ба­рондарының да еркі жетпес еді. Боль­шевиктік тәртіп орнатушылар біздің халық­тың көкірек көзінің тұнықтығы мен қабылдау тазалығын тап басып, өркениетке сақа­лы­нан сүйреп әкелгендей бұлдануына жақсы болуы үшін Жамбыл секілді тұлғалар аса қа­жет еді. Эпостық санадан ажырамаған хал­қымыздың сәбилік аңғалдығын ком­мунистік тәртіп ұтымды пайдалана білді.

15 күн қатарынан тынбай жырлаудың 11 тәулігінде Жамбыл өзі баяндаған жағ­дайлар көз алдынан көлбеңдеп өте бастайтынын айтады екен. Жетінші, тоғызыншы емес, нақ, он бірінші күн неге солай болаты­нын кім білсін, шалдардың айтысы әйтеуір со­лай. Поляк қаламгері Парандовскийдің жазу­шылық лабораторияға үңіліп, су­рет­керлердің мінез-құлықтарын тереңдеп зерт­теген кітабынан бұл сынды жайларды қи­сапсыз ұшырататының хақ.

Біздің ұлттық діліміздің өсіріп айтып, аңыз­ға айналдырып жіберуге бейімдігі – Жам­былды әулие тұтып, культтік дәрежеге дейін асқақтатып әкететіні бар. Оның әсі­ре­се көріпкелдігі хақында әңгіме ел ішінде же­тіп-артылады, кезінде оны ғайбаттап қа­на қоймай, соңынан ақындық мұрасына ша­буыл жасауға дейін барған кейбір адам­дардың ақырының сәтсіз аяқталу мысалына жүгінушілік те басым. Оның көзі тірі кезінде-ақ өршіген өсек-аяң соңында қатып қалған сіреспелі ұғымдарға айналып тынды. Жамбыл тұлғасын қаралауға деген кейде астыртын диверсиялық қуатты насихат құралы жұ­м­ыс істейтіндей көрінетіні бар. Оған деген көзқарастардың кісі төзгісіздей қа­рау­лыққа ұласуының мәнісі бір ғана Кеңестік идеологияның дауылпаз жыршысы болға­нын­да жатпаған сияқты. Абыройы асқақтап әлем­ге танылып кеткеніне көрнеу іштарлық жа­сап, аққа күйе жаға салатын жауап­сыз­дықтарда адамгершіл нұсқаның аздығын бай­қаймыз. Бірақ ондайлар өздерінің тек­тілік артықшылықтарын алға тартар бір сұмдық бұлданыстарды жасауға әуес. Тіпті, одан да ары астамшылыққа барып, бекза­далық рухани ақсүйектік қалыптарының жанында күйкі тұғырланып көрінетін Жамбыл құдды сәндерін кетіретіндей оған деген жи­реніштің ахуалын жорта орнатуға бейіл тұ­ратын күштер де жоқ емес. Ондайларды күш деп айтуға да болмас. Өйткені, олар еш­қандай да рухани мәртебелік салмақтары сезілмейтіндер. Жамбылдың аты аталса-ақ бітті, бет-аузы бырысып-тырысып қалатын бір үлкен кісінің сөзіне құлақ ассаң, оның ел­ге қиянаты тіпті өтіп кеткен көрінеді. «Қа­лай­ша?» – деп сұрайсың ғой баяғы. «Ойбай-ау, боздақтарды соғысқа аттан, Отан қорға деп ұран тастап, бәле жасаған жоқ па?». «Мы­на іргедегі ауданда туысқандарым тұ­ра­ды. Бара қалсаң-ақ бірінің аузына бірі тү­кіріп қойғандай: «Жағы талмай қақсай бе­ретін Жамбылды да құдай алмай қойды», – деп бәрі зар еңірейтін». Алматыдағы бір үл­кен жиында Жамбылдың өлең айтқанын өз көзімен көрген екен. Ары-бері шайқалып, бұлғақтаған ыңғайына қарай жығылған әде­би хатшысы арасында тіпті жата қалып та жазып алуға тырысыпты. «Күңгір-күңгір кө­мескі үні естілмейді де. Соның ертесіне әлгі «Социалистік Қазақстан» газетінің бе­ті­не табақтай өлең боп шыға келді», – дей­ді.

Бүкіл ұлттық менталитеттегі кейбір осал­дықтарды Жамбылдың әруағына жауып шыға келген күнде ұтатын нәрсеміз бә­рібір шамалы. Тоталитарлық жүйе біздің ха­лықтың еркін түгел еңсеріп, құдды енді іс­ке кірісе бастағанша бәрін Жамбыл бүл­діргендей, оған деген дұшпандықты қатайту әділетсіз болып шығады, ұлттық қоғамдық ой толысып, кемелденбеген жағдайда талдап таратушылық жағы қашанда олқы со­ғып жатаныны мәлім. Сырттан таңылған идео­логияның құлдығына жеке-дара Жамбыл ғана жегіле берсе бір жөн. Бәленің бә­рін жүзге қарай бет алған қарт адам бас­тағандай, жаланы түгел соның басына үйіп-төге беру жараспайтын қылық. Сол дәуірде құ­дайдан да жоғары қойып, Сталинді өлең­ге қоспаған қазақтың ақыны кемде-кем. Міне, сол бәсекеде Жамбылдың үздік шы­ғып, бөлекше көзге түсуі, керек десеңіз, оның артықшылығын дәлелдей түседі. Тап осы тақылеттес ойды кезінде Ғафу Қайыр­бе­ков марқұм топ жиынның алдында айт­қан болатын. Міне, Жамбылға қай тұрғыдан келсек те, әділетті шешімін табар лайықты ба­ғасын берер негіздің жатқанын көреміз. Алай­да, коммунистік насихат оның ой-сана жүйесінің омыртқасынан опырып, жұлы­ны­нан шорт үзіп, бұдан былайғы ақындық жан тол­ғанысына жасанды талшықтарды жал­ғап жіберді дегенге былай илана алмайсың. Өзіне деген қамқорлықты ол адал жүрек, аңғал ниетімен қабыл алғаны рас. Ажалды сағаты жеткенше ақындық жүрек соғысын тоқ­татпай, ақыл-ойының шамшырағын са­лауат­ты шағындағы сияқты ақырына дейін сөндірмей өзін сергек ұстау – жамбылдық феномен.

Адамзат баласының өнер тарихында жүз жасқа келгенге шейін азаматтық бел­сен­ділігінен айрылмаған адамды өте-мөте си­рек кездестіретінің хақ. Мұны тегінде, қа­зақ шығармашылық ойына тән ең басты ерек­шелікке сайсақ, қателеспейтін сияқ­ты­мыз. Оның бастау кезінде Бұқар жыраудан ары кететін ақсақалдық салт-сана біз­дің ұлт­тық идеологиямыздың негізіне бара-бар. Ендеше, қазақтың ақылы тұнық қария­лық рәсімінде тәрбиеленген Жамбыл­дың «алжаспайтын ми берген» деп өзі айтуында терең мән жатыр. Мұншалықты ұзақ жа­саған адамда ақылынан шатасқандық бел­гілер сезіліп пе еді, сезілмеп пе еді, сұ­рас­­­тырып қарағанда, оның көзін көріп, та­лай дәмдес-тұздас болған қариялардың бәрі бі­рауыздан «жоқ» десетін. Жамбылдың әйт­се де қилы-қилы мінездерін өзге емес, өз ауылдастары да түсінбей, қаңқу сөз таратып жіберген жағдайлары да баршы­лық.

Беттен алып төске шаппайтын, үлкенді сый­лап, алдынан қия өтпейтін ізгілікті нор­ма­лар бойынша өсіп қалыптасқан Жам­был­дың адам танушылық қасиетін көз көр­ген­дердің бәрі ауыздарынан тастамай айта беретін. «Ақсақал жарықтық тым әзілқой кісі еді, – дейді қазір тоқсан екі жастағы Әй­неке шешеміз. – Амандасуға барғанда жас демей, кәрі демей қалжыңдаса бере­тін». Осындай мінез-құлқының өзі Жам­был­дың рухани құдіретінің сырын аша түсе­тіндей. «Ақсақал Мәскеуге барып келгеннен кейін біздің үйге ат басын жиі-жиі бұра бас­тады, – дейді Әйнеке әжеміз тағы. – Алдында біз еш күдік ала қойған жоқ едік. Бір күні есіктің алдына келіп тұрып: «Жылыстың қызы қайда, шақырыңдаршы», – деді. Әпке­мізге көңілі кетіп жүргенін бірден сезе қойдық. Оған кейін өкімет араласты ма, жоқ балалары келіспеді ме, әйтеуір, ол ниетінен қайтарды-ау деймін».

Оның қартайғандағы ұнатқан әйелі өзі­не қарағанда анағұрлым жас еді. Жүріс-тұ­рысы ширақ, өз ісіне мығым, сөзге шешен сол әйелдің бойынан Жамбыл нендей қа­сиет­терді тапты екен деген ойға еріксіз шо­ма­сың. Құлазулы қалпынан бір серпіліп қой­майтын, көзінің нұры өшіп, бетінің қы­зылы тайған сол кейуананың қараторы дөң­гелек жүзінен бір кездегі жастық бел­гілерін ойша елестетіп көруге тырысатынбыз. Өлім табиғи процесс екені белгілі. Бі­рақ жарық дүниемен әркім әрқалай қош­­­­тасып жатады. Міне, сол шешеміз дү­ниеден өтер алдында ешкімге салмақ арт­паған. Келін-кепшіктерінің бірінен әуелі иіс су сұрап алыпты. Үстіне ешкімді кіргізбестен жуынып-шайынып боп тотыдайын таранып алып жүріп кете беріпті. Осы бір жағдайды ауыл адамдары біраз уақыт әңгімеге айналдырып жүріп, артынан ұмытып кетіпті. Иә, өмірде бәрі ұмытылады. Бірақ сонда әйел­дің бойынан мұндай таза тақуалықты Жамбыл қалай байқайды екен деген ой ылғи иек­теп, көкейден кетпей тұрып алатыны бар.

Ауылға алғаш ЧИЗ тракторы келіп, жер жырта бастағанда Жамбыл күреңіне мініп кеп, тамашалап қарап тұрады екен. Әсіресе, трак­тордың дырылдағанын қоймай қызық­тап, бірде күні бойы қасынан үйіріліп шық­папты. Аңызды жыртқанда бірге айнала бе­ріп, айнала беріп, ақыры шаршап құласа ке­рек. Ел дастарқан басына жиналып, жай­ғасып отырған кезде таңырқауы әлі басыл­ма­ған Жамбыл: «Ойпырым-ай, мына ма­құлы­ғың сұмдық екен ғой өзі. Жүретін де өзі, жерді айдайтын да өзі, тағы нан деп қыл­қылдамайды, жем деп мөңіреп тілен­бейді, не деген керемет», – деп қайталай бе­ріпті.

Ғылыми-техникалық дамудың заңды­лы­ғын кеңестік жүйе тікелей өзінің жақсылығы деп ұқтырды. Онысы асқан табысы ретінде ха­лықты иландырып, соңына ерте білді. Со­нысының өтеуін және қалтқысыз беріл­гендік арқылы өлшеп, өзінің атына деген мадақ-марапатты тойымсыз обырлықпен тілене түсті. Қуатты насихат құралы соған жап­пай жұмыла жұмыс істеген соң, илану­дың тобырлық тұрғыдағы аса келеңсіз бел­гілері белең ала бастады. Большевизмнің сұңғыла идеологиясы халықтың қарт өкілін жарылқай қояйын деп көңіл бөлген жоқ. Соның бейнесіндегі рухани жасаңғыраудың сирек кездесетін факторын өз мүддесіне қыз­мет еткізуге тырысты. Ал әлгіндей жүзге таяған  адамның еліккіш қасиеті жасанды­лық атаулыдан ада. Халықтың ғасырлар бойына тірнектеп жинап, байи түскен тәр­бие­сінің шын мәніндегі зиялылыққа ұшта­сатын сәті сон­дықтан да Жамбыл болмысынан мол ұшы­расады. Оның шығар­ма­шылық тұлға­сына үңілген сайын оған көзің әрдайым же­те түседі. Жалпы, Жамбыл жан баласын сыртынан ғайбат­тамаған. Қандай жағдай болса да шындықты айтуға тырысқан. Алайда, Сталинге тең таппай қиналған тұстарын тілге тиек етуші үрдіс кезеңдік мерзімін өтеу­ге тиіс.

Жамбылдың жұмбақ қырлары көп. Ұлық­тық  дәрежеге жетсе де, өткен өмірінің қиын шақтарын ешқашан ұмытпаған. Жамбыл менмендікті әсте жақтырмаған. Өті­рік­ке ешқашан төзбеген. Алғадайынан бас­қа ұлдарының бойында жігерсіздік барын да білген. Аулада тұратын бір аталас за­ман­дасы: «Жәке, Алғадайды неге соғысқа жі­бермей алып қалмадыңыз, оған сіздің күшіңіз жететін еді ғой», – деп сұрапты. Сон­да Жамбыл: «Ол мені ұятқа қалдырмайтын болған соң жібердім ғой», – деп жауап бе­ріп­ті. Ар-намыс пен ұятты Жамбыл бәрінен де жоғары қойған. Сол жақсы көретін ұлы соғыста қаза тапқан кезде:

Темір өзек пенде жоқ,

Өлмес адам елде жоқ.

Орынсыз деп өлімі,

Ондай ойлау менде жоқ, –  дейді.

Тап осы жолдардан қазақтың қариялық қасиеті соншалықты үлкен жүректілікке бара алатынын аңдаймыз. Өмірдің мәнін ұғы­нып, қастерлеу жөнінен біздің халық еш­кімнен кем де, сорлы да емес. Ешкім өлім­ге немқұрайды қарай алмайтыны хақ. Тіпті, Жамбыл жастау кезінде: «Кірсе лебіз – шықса жоқ, қауіп етіңдер өлімнен» деп айт­қан ойы жоғарыдағы мысалға алған жол­дарға мүлде кереғар. «Орынсыз деп өлі­мі, ондай ойлау менде жоқ» деу Жам­былдың ұлттық адамгершіл нұсқадан айы­рыл­мағандығын көрсетеді.

Жамбыл – ондаған ғасырлардың фольклорын жиырмасыншы ғасырға жеткізуші көне дәуір мен жаңа заманның арасында тұрған рухани  жәдігер. Рухани жалғас­тық­тың дәуірлік жүгін белі қайыспай көтерген ол өзіне жүктелген ұлы міндетті ақырына дейін адал атқарып, халқына аманаттап кетіпті.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ

Exit mobile version