Site icon ATAMEKEN

Бала – біздің жарқын үмітіміз

Құрметті Жамбыл ауданының тұрғындары!

Ардақты ата-аналар!

Аяулы бүлдіршіндер мен жас өрендер!

Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – балғын балалықтың шаттығын дәріптейтін, ұрпақ тағдырына бейжай қарамайтын барша адамзатқа ортақ мереке. Бала – әр шаңырақтың шаттығы ғана емес, елдің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы мен халқымыздың үміті.

Қай кезеңде де ұлттың ертеңі – тәрбиелі, білімді, отаншыл ұрпақпен өлшенген. Сондықтан бала тәрбиесі мен олардың алаңсыз өсіп-жетілуіне жағдай жасау – қоғам алдындағы ең жауапты міндеттердің бірі.

Бүгінде мемлекетіміз балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына, қауіпсіз әрі бақытты өмір сүруіне ерекше көңіл бөліп келеді. Соңғы жылдары ауданымызда заман талабына сай үш келешек мектеп бой көтерді. Оқушылардың сапалы білім алуына арналған барлық мүмкіндік қарастырылған.

Осылайша ауданымызда жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Білім беру мекемелері жаңарып, балалардың шығармашылықпен, спортпен және ғылыммен айналысуына қолайлы жағдайлар жасалды. Енді тек жақсы оқып, әлемдік бәсекеге иық теңестіретін қажырлы ізденіс керек. Өйткені бүгінгі бүлдіршін – ертең елдің тізгінін ұстайтын азамат, туған елінің тірегі.

Бала тәрбиесі – отбасынан басталатын ұлы жауапкершілік. Перзентінің қуанышын бәрінен биік қоятын ата-аналардың мейірімі мен ұстаздардың тәлімі, қоғамның жанашырлығы арқылы өскелең ұрпақтың саналы, білімді, рухы биік болып қалыптасатыны сөзсіз.

Осы айтулы мерекеде барша бүлдіршіндердің дендеріне саулық, жүректеріне қуаныш, ал болашақтарыңызға жарқын жетістіктер мен сарқылмас бақыт тілеймін!

Балалардың күлкісі әр шаңырақтан үзілмей, еліміздің аспаны әрдайым ашық болғай! Жазғы демалыстарыңыз көтеріңкі көңіл-күй мен әсерлерге толы болсын!

Н. ЕРТАС

Жамбыл ауданының әкімі

Exit mobile version