Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Үкімет отырысында айтты.
Биыл«Наурыз» және «Отау» бағдарламалары қатар қосылды. Ақпаратқа сәйкес, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Атырау облыстары бойынша тұрғын үй дефициті байқалады. Бұл келесі жылы да қайталануы мүмкін, дейді Отбасы банк.
Келесі жылы «Наурыз» бағдарламасы бойынша 300 млрд теңге беріледі деп жоспарланып отыр.
Бағдарламаға жасалған талдау нәтижесі екі мәселені көрсетті.
«Біріншіден, көптеген сатып алушы тұрғын үйді дайын күйде алуды қалайды. Өйткені жөндеу жұмыстарына шығын көбейіп кетеді», — деді Ләззат Ибрагимова.
Банк осы мәселе бойынша тұрғын үй құрылыс компанияларының ассоциациясымен бірқатар кездесулер өткізген.
«Олар порталға пәтерлерді дайын күйінде қояды, ал сатып алушылар порталдағы пәтерді 10 пайызды салу арқылы алуға келісім береді. Бұл 2025 жылдың бірінші қаңтарынан енгізіледі. Екінші мәселе – бағдарламаға қатысу үшін салымшыда депозитте тек 1 млн теңге болу шарт еді. Конкурсты жеңген салымшы аз уақыт ішінде пәтердің 20 пайызын салуы тиіс. Қазіргі жағдай бойынша 2,5 мыңнан астам өтініштің 39 пайызында ғана 20 пайыз болатын жарна бар. Сондықтан келесі жылы бағдарламаға қатысушылардың депозитінде 2 млн теңге болуын ұсынамыз. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруды тездетеді», — деді спикер.