Суббота, 20 апреля, 2024
Басты бетЖаңалықтар70 жылдық тарихы бар шаһарда 45 кәсіпорын жұмыс істейді

70 жылдық тарихы бар шаһарда 45 кәсіпорын жұмыс істейді

Жетісудың кіндік қаласынан 39 шақырым жерде өндірістік шаһар орналасқан. Әуелдегі шағын қала өркендеп, өндірісі дамып, өрлеудің жаңа жолына да түсті, тұрғын үйлер, ғимараттар бой көтерді, әлеуметтік нысандар ашылды, күрделі кезеңдердің қыспағынан да өтті, уақыттың жалына жабысып, жетпісінші баспалдағына көтерілген – Текелі қаласы.
Аумағы, 6133 гектарды алып жатқан өңірде 34 мыңға жуық адам тұрады. Оймақтай ғана қала республикаға өндірісімен танымал. «Суффле Қазақстан» АҚ, «Текелі тау-кен байыту кешені» ЖШС, «Текелі энергокешені» ЖШС-і шаһардағы негізгі өндірістік кәсіпорындар болып табылады. Моноқаланың кәсіпкерлік көкжиегі кең. Жетпіс жылдық тарихы бар Текеліде қазір 45 кәсіпорын жұмыс істейді. «Бизнестің жол картасы -2020», «Бастау-бизнес», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы сеп. Бүгінде бәсекеге қабілетті өнім шығару үдесімен жұмыс істейтін 1455 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Атап айтсақ «Шарықтас», «Текелі Гранит», «Монолит»,«Алатау Мрамор», «Мрамор Тас», «Алақай» сынды кәсіпорындардың өнімдеріне сұраныс жоғары.
Ірі өндірісі көп. Бірі — ТМД елдеріндегі бірегей кәсіпорын «Суффле Қазақстан» солод зауыты. Жобалық қуаттылығы жылына 80 мың тонна солод өндіретін зауыт өнімі алыс-жақын шетелге, Батыс Еуропа елдеріне экспортталады. Екіншісі — 60 жылдық тарихы бар «Текелі сүт зауыты». Халықты табиғи таза өнімдерімен қуантып келеді. Тәулігіне 20 тоннаға дейін сүт өңдеу зауытынан «Текелі» брендімен сүт, айран, май, қаймақ, сүзбе сынды 23 түрлі өнім шығады.
Енді бұл қатарды, Темірді тікелей қалпына келтіру жөніндегі жартылай өндірістік зауыты толықтырмақ. Жылдық қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайтын өндіріс ошағының құрылысы 2021 жылы басталған. Инвестиция көлемі — 4 млрд.теңгеге жуық. Зауыттың жалпы ауданы 3 гектарды алып жатыр. Тың бағытта жұмыс жасап отырған жаңа жұмыс орнында 80 адам еңбек етеді. Айта кетейік, зауыттың негізгі ашылуы ағымдағы жылы көктем мезгіліне жоспарланып отыр. Бір қуантарлығы, аталмыш зауыт Өндіріс технологиясы бойынша Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын болмақ.

Әлеуеті әуелеген қала, тек өндірісімен ғана емес тұмса табиғатымен астасып жатқан емдік-шипалық мекемелерімен де танымал. Еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келетін демалыс орнының бірі-«Текелі» шипажайы.
Қазақстанның ең танымал шипажайлары қатарына кіреді. Ол теңіз деңгейінен 1050 метр биіктіктегі Текелі қаласының шұрайлы сұлу табиғатының бір бөлігі тоғайлы тау етегінде орналасқан. Профилакторий 1976 жылдан жұмыс істеп келеді. Ғимараттың орналасқан жері биік, заңғар таулардан соғатын желдің өтінен қорғала тұрғызылған, құдды демалып, емделу үшін табиғаттың арнайы тартуындай көрінеді. Бұл жерде көптеген сырқаттардан емделу үшін соңғы үлгідегі заманауи және ең тиімді ем-домд әдістерін ұсынады.
«Текелі» профилакторийі денсаулықты нығайтудың 1 дәрежелі мекемесі болып саналады, демалушы ата-аналарды барлық жас мөлшеріндегі балаларымен қабылдауға мүмкіндік берілген мемлекеттік лицензиясы бар. Профилакторийдің диагностикалық-емдеу базасы көптеген аурулардың алдын алу мен оны емдеуге қажетті құрылғылармен жабдықталған. Тәжірибелі мамандар тиімді заманауи технологияларды қолдана отырып, ағзаның жалпы жағдайын қарап, ауруды анықтайды. Профилакторийде әр саланың маман дәрігерлері: терапевт, уролог, кардиолог, невропотолог, гинеколог кеңес береді. Демалушыларға барлық жағдай жасалған, теледидар мен тоңазытқыштары бар жайлы жабдықталған екі орынды нөмірі мен «ЛЮКС» нөмірлерін таңдау ұсынылады.
Көркем мекендегі көрікті орындардың тағы бірі ашылғанына бір жыл толған «VUSLAT» жаңа туристік нысаны. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен еліміздегі ең ұзын көше Қонаев көшесінің бойында, Текелі өзенінің жағасында бой көтерген еді.
Демалыс орны 73000 шаршы метр аумақты құрайды. Негізгі бөлігі Текелі өзенінің солтүстігінде. Оңтүстік жағалауда автотұрақ және демалушыларды тіркеу орны орналасқан. Екі жағалауды жалғап тұрған шағын көпір бұлақтары сарқыраған тау табиғатының болмысын танытып, адамдарға эстетикалық шабыт сыйлайды. Доға тәрізді көпірге көтеріле бере, алдыңыздан жаратылыс өзі айшықтаған көркемдікпен үйлесім тапқан заманауи үлгідегі қонақжайдың келісті келбеті көлденең тартылады. Туристік нысан көрінісі көркем әрі аса қолайлы жерде. Сондықтан, экотуризм қағи-далары да қарастырылған. Алыстан келген саяхатшылар осында тоқтап, әйгілі Бұрханбұлаққа, сондай-ақ, қыс мезгілінде «Горняцкий» шағынауданында орналасқан шаңғы базасына бара алады. Демалыс орнын салуға 200 млн теңге инвестиция тартылған. Қазірдің өзінде 10-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Олардың басым бөлігі – жастар және қала тұрғындары.
70 жылдық тарихы бар қаланың бүгінгі аяқ алысы көңіл қуантады. Келісті келбетіне сай кереге жайып келе жатқан шаһардың келешегі кемел.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments