«Батыр Мәлік беренім»
Осыдан сексен жыл бұрын аяқталған сұрапыл да, қатал Ұлы Отан соғысы көп адамдарды кездестірді, қағыстырды, жауластырды. Иә, бұл соғыс кімге болса да оңай тимеді. Тоқсаннан асқан, қалы кеткен қарт Жамбыл бабаға да оңай балмады. Екі ұлын аттандырып, Алғадай баласының өлімін естіп, майдандағы жауынгер балалармен хат алысып, күш-қуатын жиып, қолына домбырасын тастамаған.
Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Қойсалған ауылында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар бала ерте есейіп, үлкен өмірге ерте аяқ басты. Өзінен бөлек 9 ағайыны болған жанұясында бауырлары шетінеп, тек өзі ғана қалады. Қазақтың маңдайына біткен азамат болып өседі.
Ең алғаш баланың білім ге деген құштарлығын жазушы Сәбит Мұқанов байқайды. Жұмыс бабымен Көкшетау өңіріне барып, бір мектепке кездесуге арнайы шақырылады. Сол шарада баяндама оқып, табандылығы мен алғырлығымен бала Мәлік көзге түседі. Сәбит Мұқанов оны оқуға шақырып, баланың білім алуына ықпал жасайды. Оқып жүрген кезінде Сәкен Сейфуллин үйінде тұрса, Бейімбет Майлинмен бір баспада жұмыс істейді. Мәліктің Мәлік болып қалыптасуына қазақ зиялылардың ықпалы болды.
Әскерге аттанғанда өзінің мергендігімен көзге түседі. Атақты Кеңес Одағының маршалы Рыбалко, Арнольд Мэрилерден сабақ алады. Бір қолына қалам, бір қолына қару ала білген Көкшетаудың «Оқжетпесіне» айналған қазақ азаматы Мәлік Ғабдуллинге биыл туғанына 110 жыл. Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл батыр жайында және оның Жамбыл Жабаевпен кездескендігі жайлы сөз қозғамасақ болмайды деп есептейміз.
Жамбыл Жабаевтың ұлылығының сыры, өнегесі ақылы, батасы көп адамға арқау болған. Көп адамға күш-қуат берген. Осылайша Жамбыл бір ауылдың ғана емес, бүкіл қазақ елінің атасына айналды. Ақын да, батыр да, бала да, әнші де, әртіс те Жамбыл ата шаңырағында болған. Тілдескен. Батасын алып, өнегесін тыңдауға тырысқан. Батырлық жырларды жырлаған Жамбыл батырлармен де кездескен. Бауыржан Момышұлы атамызбен де соғыстан хабар алысып мән-жайды біліп отырған.
Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин 1943 жылы тамыз айында туған еліне келеді. Қазақстан еңбекшілерімен кездесулер өткізеді. Осы сапарында жыр алыбы, ғасыыыр куәгері, Жамбыл Жабаевқа барып сәлемдеседі. Бұл тамыздың 23-і еді. Батырмен бірге орыс әдебиетінің көрнекті Самуил Маршак, Қазақ КСР Министрлер Советі Председателінің орынбасары Төлеген Тәжібаев, жазушы Сәбит Мұқанов және тағы біраз адамдар барады. Жамбыл төрде төселген төрт қабат көрпенің үстінде отыр екен. Бір топ ел адамдары қоршап алған. Жамбылмен бірінші болып Сәбит Мұқанов амандасып:
- Жәке, майданнан күтіп отырған балаңыз осы жігіт, — деп ол Жәкеңе Мәлікті таныстырады.
- Кел, қасыма отыршы! Батыр келеді деген хабарды мана күндіз естіп едім, майдан төрінен келген жас арыстанды қарсы алайын деп, күні ұзаққа далада болдым, — дейді Жамбыл, — баяғыдағы Қобыланды, Ер Тарғын, Сұраншы, Өтегендер секілді алып денелі алпамса шығар десем, өзің талдырмаш қана жігіт екенсің ғой?
Қарт ақын домбырасын күйге келтіріп «ауылдың үш ауызын өзім айтайын» деп жырлап кетеді. Жауынгердің батырлық, ерлік қасиеттерін, Отан қорғау жолындағы табанды күресін әдемі жеткізді.
Мәлік батырдан майдандағы жігіттердің қаһармандық істерінен әңгіме шертуді өтінеді. Батыр Жәкең білетін генерал Панфиловтың, Бауыржан Момышұлы мен жас жайнақ Төлеген Тоқтаровтың көрсеткен ерліктерін баяндайды. Жаны тебіренгіш Жәкең:
- Әттең, шіркін-ай, Панфиловтан айырылып қалғандарың өкінішті-ақ! – деп күйзеледі.
- Қан майдан шығынсыз болмадй ғой!
- Мен күй сайын майдандағы жігіттерден хат-хабар алып тұрамын. Олар батырларша қимылдап жатқанын жазады. Мен бұларды оқығанда не тындырғандарын біліп өте қатты масаттанып қуанам, разы болып отырамын. Енді сенің аузыңнан естіп, Мәлік балам, жаным жадырап, көңілім масайрап, қанаттанып отырамын.
Қарт жыраудың Мәлік батырмен дидарласуы – елі мен мекенінің туын ұстаған Аманкелді батырдың бүгінгі ұрпақтарымен кездесуі болатын. Содан да болар ол жыр теңізін сапырып, тұлпар шабытқа мінген.
Алғадай қазасынан кейін Жамбылдың қайтадан жасарып, сұңқарша саңқөылдап, інжу-маржандай сөздері тізіп, қорғасындай балқып, төгіп жырлаған кезі осы еді. Махамбет пен Аманкелді батыр туралы тебірене сөйлеп, от- жалынның ішінен келген жас батырға жүрегі жібіп:
Батырым – Мәлік беренім,
Жүйрігім, озған өренім.
Халқы сүйген қалаулым,
Жырымды саған төгемін, — деп толғапты. Батыр ұлын өз жырының қаһарманына айналдырыпты. Жырау қолын батырдың кеудесіне апарып, омырауға қадалған орденді көріпті. Батырлық белгісі бар Алтын Жұлдыз бен Ленин орденін ұстап ұзақ ойға шомыпты. «Ар-намысқа дақ түсірмейік!» деп ұлы тұлға Мәліктің қолын алыпты. Қаумалаған қалың жұрт қошемет көрсетіпті. Екі ұрпақ өкілінің серті «ер мен елдің бірге соққан жүрегінің, құрыштай берік бірлігінің, айнымас антының, құдыретті күшінің үлгісі» болды. Бұл күні қарт ақын үдей соққан дауылдай лапылдап жанған жалындай, тегеурінді мұхит толқынындай күйге түседі.
«Өзіңдей кілең батыр ұлдарым алға, жауға қарсы аттанғанда атының басын тартпасын, жендеттер тобын қақ жарып, ойран салып өтсін. Қас жаумен шайқас жаумен шайқасқанда ер намысы, ел намысы, халық намысы дегенді жоғары ұстаңдар! Жеңіске жетуімізге көп уақыт қалған жоқ. Қарттығыма қарамастан мен де сендермен біргемін. Саны көп деп сескенбеңдер. Қаруы көп деп тайсалмаңдар, дұшпаннан!
Жауды жеңіп, аман-есен елге қайтыңдар. Сол күні байтақ Отанымызда үлкен той болады. ол тойдың тойбастарын өзім айтам!» — деп Жамбыл ақ тілеу тілеп, Мәлік батырмен қимай қоштасады.
Мәлік батырмен майданға кеткеннен кейін, яғни 1943 жылы желтоқсанның 5-і күні Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында республикалық ақындар айтысы өтеді. Ұлы жиынды Жамбыл ашады. ол: «Сүйінбай мен Қатағанның, Кеншімбай мен Орынбайдың, Сарыбас пен Майкөттің, Құлыншақ пен Қуандықтың, Шөже мен Кемпірбайдың, ақындық дәстүрінің мықты желісін, алтын арқауын босатпай ұстап, өлең-жырды көк дауылдай боратып, шарықтап, шалқыңдар, сөз нөсерін селдетіңдер, миуасын теріңдер, батырлық, ерлік күндердің толғауын айтыңдар!» — деп жар салды байтақ еліне. Аталық сөзін Шашубай, Кенен, Қуат, Нартай, Нұрлыбек, Жақсыбай сынды замана жыршыларына арнайды.
Жауды қуған жөңкілтіп,
Батырларға қараңдар.
Жас арыстан пішінді,
Жауға ойран салған бар.
Батыр сынды мүсінді,
Мәліктей көп балаң бар, — деп ұлы жырау қаһармандықпен шайқасып жүрген Мәліктей батырларды меңзейді.
Иә, Мәлік батыр атамыз бір өзі көп жауынгерге татитын азамат болды. Оның қолбасшылық қасиеті, адамгершілігі, ұлтжандылығы , еліне деген жанашырлығы бір төбе еді. Абыз атамен кездесуі – тарихи сәт. Баласынан айырылған Жамбыл «Алғадай үшін кек алыңдар, ел үмітін ақтап, жеңіспен жетіңдер!» деген ниет білдірді.
Жамбыл мен Ұлы Отан соғысын, Жамбыл мен революцияны, Жамбыл мен Динаны байланыстырып жатамыз. Әрқайсысы бөлек тарих, бөлек әңгіме.
Қозбағарова Назира Ермекқызы
Жамбыл Жабаев атындағы
әдеби-мемориалды музейінің ғылыми қызметкері