Четверг, 29 мая, 2025
Басты бетЖаңалықтарТалғар ауданында «Заң және тәртіп» сабағы енгізіледі

Талғар ауданында «Заң және тәртіп» сабағы енгізіледі

Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» бастамасын іске асыру аясында Алматы облысының Талғар ауданындағы бірқатар мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған арнайы оқу сабағы енгізіледі.
Жобаны жүзеге асыру мәселелері Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың өңірге жұмыс сапары барысында өткен кеңесте талқыланды.

«Қоғамымызда заң үстемдік етіп, тәртіп орнауы тиіс. Бұл – қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шарты. Осылай ғана біз Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз», – деген болатын Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында.

Құқықтық сана мен тәртіпке құрметті қалыптастыру бала кезден басталуы тиіс. Бұл жоба осы маңызды міндетті жүзеге асыруды көздейді.

Кеңес жұмысына құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық білім басқармасының басшылығы мен педагогтар қауымдастығы қатысты. Оның қорытындысы бойынша жобаны Талғар ауданындағы 3 колледж бен 10 мектепте пилоттық негізде енгізу туралы шешім қабылданды. Сабақтар жаңа оқу жылынан бастап 7–10-сыныпта оқитын 7 500-ден астам оқушыны қамтитын болады.

Жобаны Оқу-ағарту министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп әзірледі. Оның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында заң үстемдігіне, азаматтық жауапкершілікке және Отанға адал қызмет етуге деген саналы көзқарас қалыптастыру.

Сабақ барысында құқықбұзушылықтардың алдын алу, буллингке қарсы күрес, өзара құрмет пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ гуманистік құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Курсты жүргізетін негізгі тұлғалар – құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар бойы мінсіз қызмет атқарған, мол тәжірибесі бар ардагер мамандар. Бас прокуратура қоғам мен мемлекетке адал қызмет етудің үлгісін көрсете алатын 26 білікті маманнан құралған арнайы оқытушылар тобын дайындады.
Біз – прокуратура, ішкі істер органдары мен сот жүйесінің ардагерлері – Президент қолдаған және Бас прокуратура бастамашы болған “Заң мен тәртіп” пилоттық жобасына қолдау білдіруге шешім қабылдадық. Қазіргі таңда мектептерде құқықбұзушылықтар жиілеп кетті: нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік, тіпті зиянды онлайн-ойындарға қатысу секілді жағдайлар көбейіп отыр. Осыған байланысты біз жасөспірімдерге құқықтық жауапкершілік жасы туралы түсіндіріп, қажет жағдайда қайда жүгіну керектігін айтып, арнайы дәрістер өткізуді қолға алмақпыз. Өкінішке қарай, көптеген оқушылар ата-анасына да, мұғалімдерге де ішкі сырын айта алмайды. Сондықтан біз олар үшін шынайы қолдау көрсете алатын, сенімді тұлға болғымыз келеді», – деді Алматы қаласы прокуратура органдарының ардагері *Гүлнар Бердібекова.

«Адал әрі жауапты азамат тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың стратегиялық міндеті. Заң – кез келген мемлекеттің берік іргетасы. Заңға құрмет болған жерде әділет, қауіпсіздік және даму болады. Сондықтан жас ұрпаққа құқық пен тәртіпке деген саналы көзқарас қалыптастыру – бәріміздің ортақ парызымыз. Жаңа оқу курсы дәл осы құндылықтарды насихаттауға бағытталған», деді Арман Қырықбаев.

*– Бүгінгі бастаманы зор қуанышпен қабылдадым. Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Бас прокуратураның қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл шара өте өзекті. Қазіргі кезде балалар мен қоғамға заң мен тәртіпті түсіндіру аса маңызды. Мұны мектептен бастау – орынды шешім. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзі – осыған дәлел.
Алдағы уақытта құқық қорғау органдарының ардагерлері мектепте арнайы штат бойынша сабақ беретін болады. Ұстаз ретінде бұл бастаманы толығымен қолдаймын. Бұған дейін мектептерде 9-сыныптан бастап «Құқық негіздері» пәні жүргізіліп келсе, енді тәжірибелі ардагерлердің дәрісі балалар үшін ерекше әрі пайдалы болмақ. Олар жас ұрпаққа тек құқықтық білім емес, өмірлік тәжірибе де бере алады, – дейді Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп директоры Зәмзагүл Төлегенқызы.

Пилоттық кезең өз тиімділігін дәлелдесе, жоба еліміздің басқа өңірлерінде де кеңінен жүзеге асырылады.

Кеңес соңында Арман Қырықбаев жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріп, жобаның барлық кезеңде сапалы әрі нәтижелі орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments