Ағымдағы жылдың 12-30 маусым аралығында Алматы облысында «Алаяқтыққа жол жоқ» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара өтуде. Бұл шара туралы Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Алаяқтыққа жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасы туралы баспасөз мәслихаты өтті.
Облыстық Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Кеңесханұлы Нұржанның хабарлауынша, шараның мақсаты – азаматтардың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру, алаяқтықтың алдын алу.
Жыл басынан бері облыста 550 интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, 131 қылмыстық іс аяқталды, оның 114-і сотқа жолданды. Ең көп тараған алаяқтық түрлері — банк қызметкері ретінде алдау, онлайн саудадағы және инвестициялық жалған ұсыныстар, сондай-ақ әлеуметтік көмек пен несие сылтаулары.
Алдын алу аясында 15 ақпараттық акция өткізіліп, 25 000 парақша таратылды, 11 билборд пен LED-экран орнатылды. 120 мектеп, 3 колледж және университетте кибергигиена бойынша сабақтар жүргізілді,10 мақала, әлеуметтік желілерде 30-дан астам бейнеролик пен үндеу жарияланды.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының орынбасары Сайлаухан Қуаныштың айтуынша, қазіргі кезде интернет-алаяқтықтың бірнеше жаңа түрі белең алуда.
1. Банктік алаяқтық – жалған қоңырау арқылы азаматтарды қорқытып, жеке деректерін алу;
2. Онлайн саудадағы алаяқтық – жалған парақшалар арқылы алдын ала төлем сұрау;
3. Жалған инвестициялар – фейк жарнамалармен алдау;
4. Дипфейк технологиясы арқылы алдау – «туыс» немесе «басшы» атынан ақша сұрау;
5. Фишинг – жалған сілтемелер арқылы логин, құпия сөз ұрлау.
Алматы облысының Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырып, күмәнді жағдай туындаса, бірден «102» нөміріне хабарласуды ескертеді.