Понедельник, 29 декабря, 2025
Басты бетЖаңалықтарӘр бала - ерекше, əр күлкi - қымбат

Әр бала — ерекше, əр күлкi — қымбат

Жаңа жыл – әрбір бала үшін қуаныш пен арман орындалатын маңызды зор мейрам. Осы қыстың демалыс күндері Ұзынағаш ауылының №2 орта мектебінде және №1 мектеп-лицейінде балаларға арналған іс-шара өтті.

24 желтоқсан күні Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ұйымдастырылған дәстүрлі Жаңа жылдық шырша «Ғажайыптар галактикасы» тақырыбында өткізілді. Мерекелік кешке ауданның түкпір-түкпірінен келген озат оқушылар, түрлі байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпаздары және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балалары қатысты. Мектеп фойесінде аниматорлар мен ертегі кейіпкерлері балаларды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, мерекелік атмосфера қалыптастырды.

Аудан әкімі Нұрлан Ерғалиұлы бастаған қонақтар кішкентай Санта-Клаустар мен ертегі кейіпкерлері сән-салтанатпен қарсы алып, негізгі залға дейін шығарып салды. Кішкентай көрермендер «Болашақ планетасына саяхат» атты театрландырылған қойылымды тамашалады.

Ғарыш әлемін бейнелейтін жарық, дыбыс және сахналық эффектілер балаларды ертегі мен фантастикаға толы ғаламшарға жетеледі. Роботтар биі, инопланеталық кейіпкерлердің сахнаға шығуы, ғарыш кемесінің ұшуы – барлығы біртұтас көркем композицияға ұласты.

Қойылым барысында Жаңа жылдық шыршаны жағу үшін «қуаныш энергиясы» қажет екені айтылып, балалардың бірлігі мен қуанышы басты құндылық ретінде дәріптелді. Сахна төріне көтерілген Жамбыл ауданының әкімі балаларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Содан кейін аудан әкімі арнайы шақырылған балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табыстады. Бұдан соң барлық залдың қатысуымен шыршаның шамы жағылып, мереке шарықтау шегіне жетті.

Қойылым желісі бойынша балалар Аяз ата мен Ақшақарды зұлым күштердің қолынан құтқару үшін түрлі сынақтардан өтті. Ертегі биі, «Тәтті тағам» әні, ұлттық аспаптармен орындалған күйлер, заманауи би мен хип-хоп биі мерекенің көркін аша түсті. Сахнада символикалық түрде Жылан жылы мен Жылқы жылының ауысуы көрсетілді.

Ескі жылдың даналығы жаңа жылға табысталды. Жылқы жылы еркіндік пен жаңарудың, табыс пен биік мақсаттардың белгісі ретінде көрініс тапты.

Ал 25 желтоқсан күні Ұзынағаш ауылының №1 мектеп-лицейінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың отбасыларына арналған дәстүрлі Жаңа жылдық мерекелік іс-шара өтті. Бұл шараға аудан әкімі Нұрлан Ерғалиұлы, аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, Жамбыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанғалиева Базарабаевна, сондай-ақ демеуші азаматтар мен ұйымдардың өкілдері – «Клуб Добряков Алматы» еріктілер қоғамы, «CRN GROUP» ЖШС, «Sapa Digital Finance» ЖШС, «Транспортный холдинг Алматы» ЖШС, «Jusan Mo- bile» қатысты. Шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.

Жазған хаттарын оқып, оларға сыйлықтар табысталды. «Банк Центр Кредит» АҚ аудандық филиалының өкілі, «Клуб Добряков Алматы» еріктілер қоғамының басшысы Тастабаева Раушан Жұнысқызы балаларға жаңа жылдық сыйлықтарын табыс етіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Балалар аниматорлармен бірге шыршаны айналып, би билеп, ән айтып, көңілді ойын-сауықтар өткізді. Мереке соңында Аяз ата мен Ақшақар барлық балалармен қоштасып, оларға сәттілік, денсаулық және армандарының орындалуын тіледі.

Жаңа жылдық мереке балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл-күйіне толы болды. Осындай іс-шаралар ерекше балаларға тек қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне, сенім мен өзіне деген құрметті арттыруға үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Балалар өздерінің сүйікті тақпақтарын айтып, Аяз ата мен Ақшақар ұсынған тәттілер мен сыйлықтарға ие болды. Мерекенің маңызды сәттерінің бірі – балаларға жаңа жылдық сыйлықтарды табыстау рәсімі болды. Аудан әкімі Нұрлан Ерғалиұлы балалардың Аяз атаға жазған хаттарын оқып, оларға арнайы сыйлықтар табыстады.

Жаңа жылдық шырша – балалардың жүрегіне жылылық ұялатқан, мейірім мен жақсылықты дәріптеген, елдің ертеңіне деген сенім мен қамқорлықтың айқын көрінісі болып есте қалды.

«Атамекен-ақпарат»

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments