Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы 2026 жылы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекеттік қолдау шараларын жалғастыруда. Басқарма әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің (ӘКС) тізіліміне дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) енгізу үшін өтініш қабылдау жүргізілетінін хабарлайды. Бұл жайында Сауда және кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Райымбек Иемберді БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген кәсіпкерлер ғана мемлекеттік грант конкурсына қатысуға мүмкіндік алады. Құжаттар 1–15 наурыз аралығында қабылданады.
«2026 жылға жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік грант ұсынуға 200,0 млн теңге бөлінді. Бір жобаға берілетін грант көлемі 5,0 млн теңгеге дейін. Конкурстарды өткізу мамыр және қазан айларына жоспарланған. 2025 жылы бизнес-идеяларды іске асыру үшін жалпы сомасы 139,9 млн теңгеге 28 жоба қаржыландырылды»,- деді Райымбек Иемберді.
Мемлекеттік грант конкурсына ӘКС тізіліміне енгізілген кәсіпкерлер және «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері болған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Грант беру тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдаған 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері 4 санат бойынша тіркеле алады:
1. халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын кемінде 2 адамды жұмыспен қамту;
2. әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар өндіретін тауарлар мен қызметтерді өткізуге ықпал ету;
3. әлеуметтік бағыттағы қызмет түрлері бойынша жұмыс істеу;
4. әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша қызмет көрсету.
Мемлекеттік грантқа құжаттар KEZEKTE.KZ электрондық порталы арқылы қабылданады. Өтінімге PDF форматында мына құжаттар тіркеледі: жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы анықтама; бизнес-жобаны кемінде 20% мөлшерінде қоса қаржыландыру бар екенін растайтын құжаттар (банк шотынан үзінді немесе мүліктің бағалау құжаты); әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі немесе «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалисі мәртебесін растайтын құжат көшірмесі.
Спикердің айтуынша, өтініш қабылдау және конкурс өткізу туралы хабарландырулар Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ресми сайтында, Атамекен ҰКП интернет-ресурсында, сондай-ақ аудан және қала әкімдіктерінің сайттары мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік – табыс табумен қатар қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тиімді құрал. Мемлекеттік гранттар жаңа жұмыс орындарын ашуға, осал топтарды қолдауға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға нақты мүмкіндік береді.


