Соңғы апталардағы әлемдегі орын алып жатқан саяси мәні бар оқиғалар қалыптасқан тәртіптің қаншалықты осал бола бастағанын тағы бір мәрте көрсетті. Таяу Шығыс ауқымды қақтығысқа тартылып, Ормуз бұғазы маңындағы шиеленіс күшейіп отыр, ал ондағы кез келген іркіліс жаһандық баға мен логистикаға бірден әсер етеді. Еуразияның оңтүстігінде Пәкістан – Ауғанстан бағытында жағдай ушығып, ескі шекаралар мен жаңа радикалды желілер (топтар) «жергілікті» қақтығыстарды аймақтық қауіпсіздікке төнген қатерге айналдырырып отыр. Еуропада Украинадағы соғыс жалғасып жатыр, бұл тәуекелдердің біздің географиялық кеңістігіміздің бүкіл периметрі бойынша қалыптасып отырғанын білдіреді. Мұндай жағдайда мемлекеттік тұрақтылық абстрактілі ұғым болудан қалады. Ол биліктің шешімдерді қаншалықты жылдам әрі дәл қабылдай алуымен, ішкі келісімді сақтай білуімен және ұлттық мүдделерді эмоциялық ауытқуларсыз, сыртқы саяси авантюраларға ұрынбай қорғау қабілетімен өлшенеді. Сондықтан бүгінгі күні Қазақстан үшін саяси жаңғыру – имидждік мәселе немесе «формальдылық үшін ғана қойылған мәселе» емес, өміршеңдік пен дамудың нақты құралы.
Осы аяда Қазақстан – стратегиялық сабырлылық пен институционалдық тәртіпті ұстанатынын көрсетіп отыр. Сыртқы саясат ведомствосының Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты ұстанымы айқын: араласпау, қандай да бір тарапты қолдаудан бас тарту, дипломатиялық реттеу мен халықаралық құқыққа сүйену. Әлеуметтік желілердегі эмоциялар талдаудың орнын басып жатқан кезеңде мұндай бағыт елдің мүддесін өзге қақтығыстарға тартылудан қорғайды әрі келіссөздер үшін кеңістікті сақтайды.
Сонымен қатар Қазақстан аймақтық қауіпсіздіктің жауапты қатысушысы ретінде әрекет етуде: эвакуациялық шаралар бойынша үйлестіру, көршілермен және серіктестермен жедел байланыс, әскери-саяси ахуалға қатысты бағалаулар алмасу –«бейтараптық» пассивтілік емес екенін дәлелдейді. Бұл – қағидат пен прагматиканы ұштастыратын, халықаралық нормаларға сүйенген саналы саясат.
Сыртқы тұрақтылық ішкі институттардың сапасына тікелей байланысты. Қазақстанның бірқатар көршілермен салыстырғанда анағұрлым тұрақты позицияда болуы кездейсоқ емес. Бұл – мемлекеттік басқару ережелерін жаңартуға, институционалдық жауапкершілікті күшейтуге және биліктің қоғам мен бизнес үшін болжамдылығын арттыруға бағытталған соңғы жылдардағы жүйелі реформалардың нәтижесі.
2022 жылдан бері елде мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі кезең-кезеңімен қалыптасып келеді. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жаңғырту бағыты. Яғни реформалар әр салада бөлек-бөлек жүргізіліп жатқан жоқ, керісінше, бәрі біртұтас жүйеге біріктіріліп жүзеге асуда. Бұл формуланың мәні – жауапкершілікті дұрыс бөлуінде. Күшті Президент бұл үлгіде басқа мемлекеттік институттарға қарсы қойылмайды. Ол елдің даму бағытын айқындайды және жүргізіліп жатқан саясаттың бірізділігі мен тұтастығын қамтамасыз етеді. Ықпалды Парламент – маңызды шешімдер ашық талқыланып, қоғам алдында заңды түрде бекітілетін кәсіби алаң. Яғни заңдар мен бастамалар шынайы талқылаудан өтеді. Есеп беретін Үкімет – атқарушы билік. Ол тек сөз жүзінде емес, нақты нәтижемен жұмыс істеуі керек және бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын ашық көрсетуге міндетті.
Егер реформалардың мазмұнын қарапайым тілмен айтсақ, олардың барлығы бір мақсатқа бағытталған – халықтың басқару ісіне көбірек қатысуы және барлық деңгейде нақты жауапкершіліктің күшеюі. Әкімдерді сайлау жүйесінің енгізілуі – алдымен ауылдық округтерде, кейін аудан әкімдерін сайлауға көшу – жергілікті басқару жүйесін біртіндеп өзгертіп жатыр. Енді жергілікті басшы тек тапсырма орындайтын әкімші ғана емес, халық алдында жауап беретін тұлғаға айналуда. Мәслихаттардың рөлін күшейту – осының заңды жалғасы. Өкілдік органдар тек дайын шешімдерді бекітумен шектелмеуі керек. Олар шешім қабылдауға қатысып, бақылау жасап, бюджетті және даму бағыттарын ашық талқылауға араласуы тиіс.
Бүгін күн тәртібінде – институционалдық жаңғыртудың келесі, одан да жоғары кезеңі тұр. Бұл – парламенттік реформа және елдің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі. Ұсынылып отырған өзгерістердің ішінде Парламентті бір палаталы модельге көшіру, Құрылтайды қалыптастыру, вице-президент институтын енгізу, сондай-ақ қоғамдық өкілдіктің жаңа органы – Халық кеңесін құру бар. Сонымен қатар өкілеттіктерді қайта бөлу және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара бақылауды күшейтуге қатысты басқа да ұсыныстар талқылануда.
Қазіргі саяси үдерістің негізгі кезеңі – биылғы 15 наурызға белгіленген Жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум болмақ. Дәл осы референдумда азаматтар ұсынылып отырған мемлекеттік құрылым үлгісіне соңғы бағасын беріп, елдің алдағы институционалдық даму бағытын айқындайды. Осындай жағдайда қоғамның дауыс беруге жауапкершілікпен қатысуы ерекше маңызға ие. Бұл жай ғана рәсім емес, мемлекеттің билік жүйесі мен оның ұзақ мерзімді жұмыс істеу қағидаттарына әсер ететін стратегиялық таңдау. Референдумға қатысу – тек конституциялық құқық қана емес, сонымен бірге азаматтың саналы әрі жауапты ұстанымының көрінісі.
Неліктен мұның бәрі дәл қазір маңызды? Өйткені геосаяси тұрақсыздық күшейген сайын, ел ішіндегі кез келген әлсіздіктің салдары да ауырлай түседі. Қазіргі таңда энергетикалық, көші-қон, әскери және ақпараттық қауіптер артып келеді. Осындай жағдайда мемлекетке кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын, алғашқы қиындықта шайқалып кетпейтін мықты жүйе қажет.
Ел ішіндегі берік институттар – мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігін қорғайтын басты тірек. Бұл тұрақтылықтың экономикалық қыры да айқын. Мұнай нарығындағы құбылмалылық, қақтығыстар мен көлік шектеулерi салдарынан бағаның өсуі – Қазақстан өз мүдделерін қорғай отырып, мүмкіндіктерді тиiмдi пайдалануы керектiгiн кɵрсетедi.
Мұндай жағдайда басқару жүйесі тұрақты, жағдайды болжау мүмкіндігі бар және инвесторлардың сенімі бар елдер жеңіске жетеді, онда реформалармен нығайтылған саяси тұрақтылық шешушi факторға айналады. Сондықтан Президенттің модернизация бағытын қолдау – тек мақтауға арналған нәрсе емес. Бұл — ұтымды ұстаным: қоғам сұранысына сүйене отырып, бейбіт жəне эволюциялық жолмен реформалана алатын мемлекет күшейе түседi.
Соңғы жылдары елде ішкі саясаттың мемлекеттік идеологиясында көрініс тапқан қағидаттар бекіп келеді: «Заң және тәртіп» – құқықтық мемлекет пен қауіпсіздіктің негізі; «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» — билік пен азаматтар арасындағы тұрақты диалог; «Әртүрлі пікір — біртұтас ұлт» — қоғамдық келісім формуласы; «Адал азамат» — жауапты азаматтыққа басымдық; «Таза Қазақстан» — жаңа экологиялық этика. Бұл жай әдемі сөздер жиынтығы емес, саясаттың қалай құрылатынын және институттардың тиімділігі қалай бағаланатынын айқындайтын тұғырнама.
Қорытындылай келе, елдің қазіргі даму кезеңі күрделі сыртқы орта мен кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан ішкі трансформацияның үйлесімімен сипатталады.
Халықаралық шиеленістің артуы жағдайында негізгі ресурс – институционалдық тұрақтылық. Яғни мемлекеттік жүйенің тұрақты жұмыс істей білуі, заңдылықты қамтамасыз етуі, экономикалық тұрақтылықты сақтау және стратегиялық бағытты үздіксіз жүргізе білуі маңызды.
Президент бастамасымен жүзеге асырылып, жүйелі түрде ілгерілетіліп жатқан реформалар дәл осындай негізді қалыптастырады. Мемлекет басшысының саяси еркі мен өзгерістердің жүйелі сипаты елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді – тек тұрақты мемлекет ретiнде ғана емес, сонымен қатар Еуразия геосаяси картасында сенімді әрі жауапты ойыншы ретінде.
Айнабеков Бауыржан Бақтыбайұлы, Алматы облысы Қарасай аудандық Мәслихатының төрағасы.