Аққайнар ауылдық мәдениет үйінде Көрісу күніне орай «Амал келді, жыл келді» атты мерекелік концерттік бағдарлама өткізілді. Бұл күн – елімізде ұлық мейрам саналатын Наурыз мерекесінің бастауын білдіретін ерекше күн. Халық арасында бұл мереке Амал күні деп те аталады.
Көрісу күні – адамдар бір-бірімен қауышып, қыстан аман шыққанына шүкіршілік айтып, көктемнің келуін қуанышпен қарсы алатын күн. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірімен қол алысып, төс қағыстырып, амандық-саулық сұрасып, ақжарма тілектерін білдіреді. Бұл күні адамдар бұрынғы өкпе-ренішті ұмытып, татулық пен бірлікті нығайтады.
Ауыл тұрғындары бұл мерекені кең көлемде атап өтті. Мерекелік шара барысында ән айтылып, ұлттық дәстүрлер дәріптеліп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.
Сонымен қатар, Аққайнар ауылдық мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен келген қонақтарға ұлттық тағам – наурыз көже ұсынылды.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы бұл игі шара ауыл тұрғындарын бірлікке, татулыққа шақырып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.


