Тау баурайын жағалай орналасқан Наурыз елді мекенінде көп жылдық адал еңбектің көрінісі айқын байқалады. Самал желмен баяу тербелген жеміс ағаштарының сыбдырынан тіршіліктің тынысы сезілгендей. Мезгілінде құлпырып гүлдеген алма ағаштары ендігі жеміс түйіндерін сала бастаған. Мұндай тамаша көрініс жаңа маусымның берекелі боларына үміт ұялатады. Бұл тек табиғат көрінісі ғана емес, ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналған табыс көзі. Аталған жемістің бұл түріне деген сұраныс мезгіл талғамайтыны баршамызға белгілі. Ол тек нарықтағы қажеттілікпен шектелмейді, адам денсаулығына тигізер пайдасымен де бағалы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында аграрлық секторды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Соның ішінде отандық алма шаруашылығын жаңғырту, сұрыптарды жетілдіру, импортқа тәуелділікті азайту мәселелері басты бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Мұндай қолдау ауыл кәсіпкерлеріне жаңа серпін беріп, тың бастамаларға жол ашуда.
Жамбыл ауданында да бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Жеміс өсіру ісін кәсіпке айналдырып, ел экономикасына үлес қосып отырған шаруашылықтардың бірі – «Заңғар» жеке қожалығы. Аталған шаруашылықта алма өсіру ісі бірнеше жылдан бері тұрақты дамып келеді.
Бақ алқабының тыныс-тіршілігімен танысу барысында қожалық басшысы, кәсіпкер Акимов Нұрлан Оразбекұлының еңбегіне көз жеткіздік. Бұл істі үлкен жауапкершілікпен қолға алғаны байқалады. Кәсіпкердің айтуынша, алма сұрыптарының ауа-райы құбылыстарына төзімділігі әр өңірдің климат жағдайы мен топырақ құнарлылығына байланысты. Жердің мүмкіндігі өнім сапасына тікелей әсер етеді. Отырғызылатын көшеттерді таңдауда оның күтім жағдайы ескерілу керек. Жеміс ағаштары ауруға шалдықпай, жақсы өскен болса, бірнеше жыл бойы сапалы өнім беруге қабілетті.
Алма бағының жалпы ауданы 5 гектар жерді алып жатыр. Бұл саланы 2018 жылы бастаған. Алғашында әр түбі 500 теңгеге сатып алынып, 500 түп алма көшеттері отырғызылған. Бастапқыда Сарыағаш қаласында өсірілетін «Голден Делишес», «Старкримсон» деп аталатын екі түрлі алма сұрыптары таңдалып, кейіннен жаздық апорт, лимон алма ағаштарымен толықтырылған. Қазіргі таңда бұл қожалық 4 түрлі алма сұрыптарын өсіреді.
Көшет отырғызу тәртібі де маңызды. Ағаштардың арақашықтығы 1,5–2 метр, қатар арасы шамамен 2–3 метр көлемінде сақталады. Мұндай жүйе әр ағаштың еркін өсіп, жеткілікті қорек алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар күн сәулесінің толық түсуіне жағдай жасайды.
Бұл салада тәжірибе ерекше рөл атқарады. Нұрлан Оразбекұлының айтуынша, бағбандық бір күнде меңгерілетін кәсіп емес. Ол табандылық пен ұқыптылықты, біліктілік пен жауапкершілікті қажет етеді. Кәсіпкер осы бағытта сегіз жылға жуық еңбек етіп, бүгінде бұл істі өмірлік кәсібіне айналдырған.
Қазіргі уақытта жеміс алқабында көктемгі аграрлық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қураған ағаштар жаңасымен алмастырылып, топырақ қопсыту, арық тарту, суару жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Сонымен қатар зиянкестерге қарсы дәрілеу шаралары да назардан тыс қалмақ емес.
Шаруашылықта негізінен дәстүрлі агротехникалық әдістер қолданылады. Бұл тәсіл шағын көлемдегі алқап үшін тиімді әрі үнемді саналады. Бір ғана техникаға әртүрлі бөлшектерді жалғау арқылы бірнеше жұмысты қатар атқаруға болады. Мұндай тәсіл шығынды азайтып, еңбек өнімділігін өсіруге ықпал етеді.
Зиянкестермен күрес мәселесі де ерекше назарда. Маманның айтуынша, халық арасында құрттаған алманың денсаулыққа пайдасы зор деген пікір қалыптасқан. Ал тәжірибелі маман бұл пікірмен келіспейді. Жеміс толық пісіп жетілгенге дейін түрлі зиянкестердің әсері айтарлықтай қауіп төндіреді. Жыл өткен сайын өнім беру сапасы төмендеп, тамыры мен жапырағына, ағаш діңіне кері әсер етеді. Осы орайда кәсіпкер дәрілеу жұмыстарын өз тәжірибесінен өткен қолжетімді органикалық қоспалар арқылы дайындайтынын тілге тиек етті. Бұл жасауға оңай әрі дайын дәрілік қоспалармен салыстырғанда қолжетімді. Қожалықта «Амафоз» селитрасы мен органикалық қоспаларды бүркіп себу әдістері жүргізіледі. Аталған дәрілік қоспалар алманың шырын-сипаты мен адам денсаулығына кері әсерін тигізбейді.
Дегенмен шаруашылықта олқылықтар жоқ емес. Ең негізгі қиындық – орналасқан өңірдегі арық суының тапшылығы. Көктем мен жаздың басында бұл мәселе айтарлықтай сезілмейді. Алайда жаздың соңғы айларында суға деген сұраныс артады. Негізгі себеп – көршілес тұрғындардың бақшаларын суару кезеңімен байланысты.
Бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Соның бірі – артезиан ұңғымасын қазу. Екінші нұсқа – кең қолданыстағы тамшылатып суару жүйесін енгізу. Алайда алқап орналасқан өңірдің жер асты суларының ерекшелігі мен қаржылық шығындардың көптігін ескерсек, бұл жұмыстарды бірден жүзеге асыру мүмкін болмай отыр.
Аталған қиындықтарға қарамастан «Заңғар» шаруа қожалығы жыл сайын тұрақты түрде 8–9 тонна көлемінде өнім алады. Қол еңбегімен жасалып жатқан жұмыс нәтижесі үшін бұл ең жоғары көрсеткіш. Өнім жинау кезеңінде 15–20 адамға дейін маусымдық жұмысшылар тартылады. Олар жемісті дер кезінде жинап, сапасын сақтауға үлес қосады.
Өнімді нарыққа өткізу жұмыстары әзірге ең қарапайым жолмен шешілген. Аймақтық сауда орындарына жеткізбей-ақ, жергілікті тұрғындар мен тұрақты тапсырыс берушілер арқылы өнім толықтай сатылып кетеді екен. Себебі шаруа қожалықта жаздық лимон мен апорт алмаларынан бөлек, қыс мезгіліне сақтауға төзімді алма сұрыптары да бар. Бүгінде Нұрлан Оразбекұлы ауыл аймақты сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Сондай-ақ ол аула маңына алма сақтау қоймасын дайындаған. Сатылымнан қалған алмаларды сол қоймада сақтайды. Табиғи жеміс шырынын да дайындайды. Алмалардың сақталу мерзімі келесі көктемге дейін құнарын жоғалтпайтыны тәжірибеде белгілі болған.
Интенсивті және дәстүрлі әдістері жиі салыстырылып жүр. Интенсивті тәсіл жоғары өнім беруге бағытталғанмен, шығыны көп әрі күтімі өте күрделі. Себебі бұл әдіс бойынша отырғызылған көшеттер құрғақшылық пен ауруға жиі ұшырайды. Жыл сайын ағаш көшеттерін жаңасымен алмастыру және тамшылатып суару жүйесін енгізу шаралары үлкен қаржылық тәуекелге әкеп соқтырады. Ал дәстүрлі әдіс тұрақтылық пен үнемділікті қамтамасыз етеді. Қожалық иесінің айтуынша, осыдан сегіз жыл бұрын отырғызылған көшеттер әлі күнге дейін өнім көлемін арттырмаса, кеміген емес. Тамыры тереңдеген сайын ауа-райына тұрақталуы да соғұрлым белсенді болатыны анықталған.
Алдағы уақытта шаруашылықты кеңейту жоспары қарастырылуда. Кәсіпкердің мемлекет тарапынан қолдауға сұрау салуы әзірге нақты жауапсыз. Субсидияға ілінген жағдайда «Заңғар» қожалығынан өзге Ақтерек ауылында игерілмей жатқан 200 гектар жерді алма шаруашылығына пайдалану көзделіп отыр. Елімізде кеңінен өсіріліп жатқан 5 түрлі алма сұрыптарын шаруашылыққа енгізіп, мемлекет нарығына шығу жолы көзделіп отыр.
Алдағы 5–10 жылға күтілетін жоспар бойынша қолданыстағы дәстүрлі және заманауи интенсивті бақ өсірудің шығындары ескеріліп, екеуара ортақ әдіс қарастырылмақ. Сол үлкен қожалыққа ірі техника мен технология көмегін енгізбек. Жергілікті халықты жұмыспен қамту жолдары да жоспарлануда. Осылайша мемлекетіміздің алма өнімі саласындағы импортқа тәуелділікті азайту жағына өзіндік үлес қоспақшы.
Заңгер мамандығынан бағбандыққа біржола көшкен Нұрлан Оразбекұлы біраз жыл бұрын жылқы шаруашылығымен айналысып, тендер арқылы да табыс тапқан. Дегенмен еңбек тәжірибесінде алма шаруашылығына біржола тұрақтағанын жеткізді.
Алма бағын өсіру кәсібінің бар ауыртпалығы мен ұтымды тұстарын жетік меңгерген. Отбасында балалары бұл кәсіпке қызығушылық танытпаған көрінеді. Дегенмен жастардың заманы мүмкіндіктер мен даму жолын іздестіруді үнемі талап етеді. Ол бағбандықты меңгеруді қалайтын жас мамандар ниет білдірсе, тәжірибемен бөлісу де көзделген мақсат екенін тілге тиек етті.
Жалпы, алма өсіру – табиғатпен үндескен адам жанының еңбекке құштарлығын оятып, маңдай термен келетін табандылығын шыңдай түспек. Әр атқан таң мен батқан күннің аясында қарапайым еңбек етіп, үлкен нәтижелерге жетуге болатынына көзіміз жетті. Әр отырғызылған көшет – болашаққа салынған инвестиция. Бұл ойымызға дәлел кәсіпкер, бағбан Нұрлан мырзаның еңбек тәжірибесі.
Бүгінгі ішкі нарықты отандық өніммен толықтай қамтамасыз ету – алдағы уақыттың басты талабы. Сондықтан алма шаруашылығын дамыту бір ғана кәсіпкердің емес, тұтас ел экономикасының маңызды бағытына айналуы тиіс. Еңбектің жемісін көрген, әлемдік бәсекеге бейімделуді көздейтін білікті мамандар барда қазақ даласында бақ та өседі, жеміс те піседі.
Жұмахан Байғазықызы



