Четверг, 14 мая, 2026
Басты бетAtamekenАлматы облысында құны 48 млрд теңге қоқысты қайта өңдеу жобасы...

Алматы облысында құны 48 млрд теңге қоқысты қайта өңдеу жобасы іске асуда

Алматы облысында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында экологияны жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өңірде жаңа қайта өңдеу зауыттары салынып, жасыл аймақтар көбейіп, инвесторлар тартылған экологиялық бастамалар қарқын алуда. Бұл туралы облыстық ТҮКШ және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Биыл өңірде тазалық пен көгалдандыру жұмыстары ерекше қарқын алған. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға 308 мыңға жуық адам қатысып, 7 мың тоннадан астам қоқыс жиналған. Сонымен қатар, 9 мыңға жуық кәсіпорын мен бизнес нысандары өз аумақтарын тұрақты түрде тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.
«Аймақты көгалдандыруға да басымдық беріліп отыр. Биыл облыс бойынша 103 мың түп ағаш отырғызылған. Мамыр айының соңына дейін жиналған 15 тонна қара ағаш тұқымы елді мекендерге себіледі»,-деді Димаш Қожабеков.
Экологиялық туризм мен жасыл аймақтарды дамыту мақсатында өңірде 20 экопарк жұмыс істейді. Олардың жалпы аумағы 69 мың гектардан асады. Биыл бірнеше ірі экопарк жобасын іске асыру жоспарланған. Соның бірі — құны 1,5 млрд теңге болатын «Барыс» экопаркі. Аумағы 10 гектарды құрайтын нысанда 7 мың түп ағаш отырғызу көзделген. Қазіргі таңда оның 2 мың түбі егілген.
Сонымен қатар, жеке инвестициялар есебінен жаңа демалыс және экологиялық аймақтар салынуда. Аумағы 8,5 гектар болатын «Aykan Resort» экопаркінің инвестициялық құны 5 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, 5,5 гектар аумақты қамтитын «Tal Resort» экопаркі де 5 млрд теңгеге салынып жатыр. Ал 2027 жылы «Көшпенділер» экопаркін іске қосу жоспарланған.
«Өңірде коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу ісі де жаңа деңгейге көтерілуде. Еңбекшіқазақ ауданында «Guangdong Suchun» компаниясы құны 3 млрд теңге болатын қоқыс өңдеу зауытын салып жатыр. Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 400 мың тоннаға дейін қалдық өңдей алады»,-деп атап өтті спикер.
Қарасай ауданының Әйтей ауылында «Kaz Waste Conversion» компаниясы 15,5 млрд теңгеге қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын тұрғызуда. Болашақта кәсіпорын жылына 450 мың тонна қалдықты сұрыптап, қайта өңдейді.
Іле ауданында «Food Waste» компаниясы тағам қалдықтарын өңдейтін кешен салуды жоспарлап отыр. Құны 1,6 млрд теңге болатын жоба арқылы жылына 16,9 мың тонна органикалық тыңайтқыш өндіріледі.
Ал шина қалдықтарын өңдеумен айналысатын «Urban Core Beverly Hill Group» компаниясы өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Инвестиция көлемі 48 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында кәсіпорын жылына 40 мың тоннаға дейін шина қалдықтарын өңдей алады.
Бұдан бөлек, Қаскелең қаласында пластик пен алюминий қалбырларын қабылдайтын екі фандомат орнатылған. Әр тапсырылған ыдыс үшін тұрғындарға 4 теңге көлемінде бонус беріледі. Жиналған қаражатты арнайы қорға аударуға мүмкіндік қарастырылған.
Облыста экологиялық бақылауды күшейту үшін 9100 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиялары енгізіліп, автоматты суару жүйелері кеңейтілуде. 2026 жылы мұндай жүйелердің көлемін 45 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Жалпы, жүзеге асырылып жатқан жобалар Алматы облысының экология мен өндірісті қатар дамытқан заманауи «жасыл аймаққа» айналуына негіз болмақ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments