Пятница, 15 мая, 2026
Басты бетЖаңалықтарМ.Етекбаевтың 90 жылдығы

М.Етекбаевтың 90 жылдығы

БАЛА КӨҢІЛ ЖАЗУШЫ…

15 мамыр күні Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінде қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, қарымды қаламгер, журналист, жерлесіміз Мұхаметжан Етекбаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Бала көңіл жазушы» атты еске алу кеші өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, ардагерлер, мәдениет саласының мамандары, ауыл тұрғындары мен қаламгердің туған-туыстары қатысты.

Кеш барысында қазақ балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Мұхаметжан Етекбаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды. Қаламгердің журналистика мен әдебиет саласындағы елеулі еңбегі, жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан рухани үлесі туралы мазмұнды бейнематериал көрсетілді. Қатысушылар жазушы шығармаларының тәрбиелік мәніне ерекше тоқталып, оның қаламынан туған туындылардың талай буынның жүрегінен орын алғанын атап өтті.

Шараға арнайы қатысқан Жамбыл аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нұрбүбі Әшекеева аудан әкімі Нұрлан Ертасұлының ыстық ықыласы мен жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар, жазушының жары Хазима Қожақанқызына құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылып, орамал тарту етілді.

Еске алу кешінде Мұхаметжан Етекбаевпен қызметтес болған, қаламгердің көзін көрген зиялы қауым өкілдері мен арнайы шақырылған қонақтар естеліктерімен бөлісті. Олардың қатарында Жамбыл ауданының құрметті азаматы, ақын Өмірбай Өмірзақ, білім беру ісінің үздігі, журналистер одағының мүшесі Ақлима Қосенова, жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі Күмісжан Байжан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-жазушы Рәтбек Терлікбаев, белгілі суретші Әуелбек Сқақов және өзге де арнайы қонақтар болды. Олар қаламгердің адамгершілік болмысы, шығармашылық ізденісі мен қазақ әдебиетіндегі қолтаңбасы жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті.

Кеш соңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Жиналған қауым қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкіліне тағзым етіп, мәдениет үйінің жанындағы Мұхаметжан Етекбаевтың кабинетін аралады.

Мұхаметжан Етекбаев – туған жердің мақтанышына айналған, балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның қалдырған шығармашылық мұрасы мен өнегелі өмір жолы келешек ұрпаққа рухани бағдар болып қала бермек.

Б.Айталы

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments