Понедельник, 8 июня, 2026
Басты бетAtamekenПРЕЗИДЕНТ САПАРЫ ӨҢІР ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРДІ

ПРЕЗИДЕНТ САПАРЫ ӨҢІР ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРДІ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 маусымда Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі маңызды инфрақұрылымдық, әлеуметтік және спорттық нысандардың жұмысымен танысты. Сапар барысында Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, қаланың болашағына қатысты бірқатар нақты міндет жүктеді.

Президенттің сапары Алатау қаласының бас жоспарымен танысудан басталды. Қазіргі уақытта қаланың аумағы 88 мың гектарды құрайды. Жоспар бойынша Алатау 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылып, төрт ірі арнаулы ауданға бөлінеді. Қала экономикасының негізгі бағыттары айқындалып, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған жол картасы әзірленген.

Мемлекет басшысына Gate City тұрғын үй алабының даму қарқыны таныстырылды. Бұл аумақта жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және өндірістік кәсіпорындар орналасқан. Мұнда «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа білім беру мекемесі салынған.

Сонымен қатар «Маревен Фуд», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты сияқты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Аталған өндіріс орындары өңір экономикасының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлес қосуда.

Сапар кезінде Президентке жалпы құны екі триллион теңгеден асатын 53 инвестициялық жобадан тұратын арнайы инвестициялық пул таныстырылды. Бұл жобалардың қатарында Орталық Азиядағы ең ірі картоп өңдеу зауытының құрылысы және үй жануарларына арналған азық өндіретін заманауи кәсіпорын ашу жоспары бар.

Мұндай жобалар Алматы облысының өндірістік әлеуетін арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына болашақтағы маңызды нысандардың бірі – Iconic Complex көпфункционалды кешенінің жобасы таныстырылды. Бұл кешен Gate District ауданында салынбақ. Жоба заманауи сәулет шешімдерін, бизнес орталықтарды, қоғамдық кеңістіктерді және туристік инфрақұрылымды қамтиды.

Мемлекет басшысы одан кейін Талғар ауданында орналасқан халықаралық деңгейдегі «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясына барды. Бұл – еліміздегі балалар футболын дамытуға бағытталған бірегей жоба.

Президент академияның 180 орындық жатақханасын аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Қазіргі уақытта мұнда Қазақстанның әр өңірінен келген 116 бала жаттығып жатыр. Оларды іріктеуге 4 мыңнан астам үміткер қатысқан.

Академияда балалардың білім алуына, жаттығуына және жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Президент FIFA стандартына сай жабдықталған футбол алаңын аралап, жас спортшылардың дайындығын тамашалады.

Сондай-ақ академияны кеңейту жоспары таныстырылып, болашақта қосымша футбол алаңдарын, 500 орындық жабық манежді және жаңа әкімшілік ғимаратын салу көзделетіні айтылды.

Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласы Қазақстанның жаңа экономикалық және инновациялық орталықтарының біріне айналуы тиіс екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, мәдени ошақтар салу, білім беру мен спорт нысандарын көбейту бағытындағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Сондай-ақ таза әрі пайдалы жапырақты көкөніс түрлерін өсіретін GREEN ECO заманауи жылыжай кешенінің қызметімен және Қазақстан нарығындағы өндіріске қолданылатын технологиялармен танысты.

Шаруашылықтағы барлық үдеріс химиялық өңдеусіз, тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолданбай іске асырылады. Бүгінде 160 адам еңбек ететін кәсіпорынның өнімдері Қазақстанның 10 қаласына жеткізіледі.

Бұдан бөлек Президент «Лукоморье» тұқымбағы – бақ орталығын аралап көрді. Бұл – автоматтандырылған жұмыс арқылы жылына 1,5 миллион түпке дейін ағаш, сәндік бұталар мен өсімдіктер өсіретін заманауи кешен.

Оның өнімдері қалаларымыздың барлығында сұранысқа ие, сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталады.

Мемлекет басшысына Turanga сәндік өсімдіктер тұқымбағын ұйымдастыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. Онда 130 мыңға жуық ағаш және 3,5 миллион түп бұта өсіру жоспарланып отыр.

Қ.Ж. Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары өңірдің даму қарқынын бағалап қана қоймай, Алатау қаласының болашақ келбетін айқындауға мүмкіндік берді.

«Атамекен-ақпарат»

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments