Суббота, 20 июня, 2026
Басты бетЗаң мен тәртіп«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында заң үстемдігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті нығайтуды мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Президент ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты бүгінде құқықтық мемлекет қалыптастырудың, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың негізгі тетігіне айналды.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласының полиция департаментінде «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрбол Мырзатаев төрағалық етті.
Жиын барысында құқық үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл мәселелер қазіргі қоғам үшін ерекше өзекті болып отыр. Себебі заңға құрмет пен тәртіпке бағыну – тұрақты мемлекеттің және қауіпсіз қоғамның басты өлшемдерінің бірі.
Қазіргі таңда елімізде құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, интернет кеңістігіндегі заңсыз әрекеттермен күресу және тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің жолын кесу бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.
Дөңгелек үстелде сөз алған Нұрбол Мырзатаев заң мен тәртіп қағидатын қоғам өмірінің барлық саласында орнықтырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, құқықтық мемлекет құру тек мемлекеттік органдардың міндеті ғана емес, ол әрбір азаматтың белсенді ұстанымы мен жауапкершілігін талап етеді.
Шын мәнінде, заң талаптарының сақталуы қоғамдағы әділеттіліктің, тұрақтылықтың және сенімнің негізін қалайды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, қоғамдық тәртіптің қамтамасыз етілуі және қауіпсіз ортаның қалыптасуы мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі болмақ.

Бүгінгі күні құқық қорғау органдары халықпен өзара байланысты күшейтуге ерекше мән беріп отыр. Ашықтық қағидаты, кері байланыстың тиімді жүйесі және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою құқық қорғау қызметінің маңызды бағыттарына айналды. Бұл өз кезегінде қоғам мен полиция арасындағы сенімді нығайтып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Сарапшылардың пікірінше, заңға бағыну мәдениеті ең алдымен отбасыдан, мектептен және қоғамдық ортадан бастау алады. Сондықтан құқықтық тәрбие беру ісіне мемлекеттік органдармен қатар ата-аналар, педагогтер, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары да белсенді қатысуы қажет.
Шымкентте өткен дөңгелек үстелдің басты нәтижесі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту жөніндегі ортақ ұстанымның қалыптасуы болды. Қатысушылар заң мен тәртіп қағидатын қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру арқылы ғана қауіпсіз әрі әділетті мемлекет құруға болатынын атап өтті.
Заң үстемдігі орныққан жерде әділет салтанат құрады. Ал әділетті қоғам – ел дамуының, азаматтардың әл-ауқатының және мемлекет тұрақтылығының берік кепілі.
RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments