Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту жылы аясында киберқауіпсіздікті нығайтуға, дербес деректерді қорғауға және телекоммуникация саласын жаңғыртуға бағытталған ауқымды заңнамалық өзгерістер қабылданды.
Елімізде алғаш рет мемлекеттік инфрақұрылым мен цифрлық жүйелерді қорғаудың бірыңғай құқықтық негізін қалыптастырған «Цифрлық кодекс» пен «Киберқауіпсіздік туралы» бейіндік заң қабылданды.
Жаңа нормаларға сәйкес Еңбек кодексіне жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің кибермәдениет талаптарын сақтау жөніндегі міндеттері енгізіп, ал мемлекеттік қызметшілер мен аса маңызды инфрақұрылым объектілерінің қызметкерлері жыл сайын оқытудан өтуге міндеттелді. Енді негізгі цифрлық объектілердің меншік иелері жыл сайын қауіпсіздік аудитін жүргізуге тиіс. Сонымен қатар әлемдік тәжірибеге сәйкес аса маңызды инфрақұрылымды бақылау функциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретіне берілді.
Маңызды қадамдардың бірі — жаңа Конституция деңгейінде дербес деректерді қорғау қағидатын бекіту болды. Осыған сәйкес «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға шектеулі қолжетімділік базаларына, оның ішінде медициналық, банктік немесе коммерциялық құпияны қамтитын ақпараттық жүйелерге қол жеткізу кезінде міндетті биометриялық аутентификация талаптары енгізілді. Енді ұйымдар деректердің таралуы және оларды өңдеудің басталуы туралы тек уәкілетті органдарды ғана емес, азаматтардың өзін де ресми түрде хабардар етуге, сондай-ақ ірі операторлар тізілімін жүргізудің жаңа талаптарын сақтауға міндетті. Бұдан бөлек, заңнамаға дербес деректердің сәйкестендіргіші ұғымы нақты енгізіліп, оған адамның тегі, аты, әкесінің атынан тұратын жиынтығы, ЖСН, бейнесі және тұлғаның биометриялық векторы енгізілді.
Құқықтық жаңашылдықтармен қатар министрлік бақылауды күшейтті. 2024 жылдан бері 650-ге жуық тексеру жүргізіліп, ірі компанияларда да, шағын бизнес субъектілерінде де, оның ішінде сұлулық салондары, фитнес-орталықтар және интернет-платформаларда ақпараттық қауіпсіздіктің базалық құралдары мен саясаттарының жоқтығы анықталды. Бұл ұйымдардың барлығы азаматтардың ақпаратын қорғауға ерекше назар аударуға міндетті.
Қауіпсіздік шараларын күшейтудің маңыздылығына тоқталған Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев:
«Талдау көрсеткендей, инциденттер мен деректердің таралуының басым бөлігі күрделі жүйелердің бұзылуынан емес, адами фактордан және заңды тіркелгілік жазбалармен жұмыс істеу кезінде цифрлық гигиенаның негізгі қағидаларын сақтамаудан туындайды. Сондықтан бүгінгі таңда қауіпсіздік регламенттерін сақтау мен кибермәдениетті арттыру ұйымның ауқымына қарамастан әрқайсысына қойылатын міндетке айналды», — деп атап өтті.
Айтарлықтай өзгерістер телекоммуникация саласын да қамтыды. Маусым айында қол қойылған заң байланыс қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қосымшаларға тарифсіз қолжетімділікті енгізді және абоненттік құрылғыларды верификациялау қызметін мемлекеттік реттеуге берді. Соның нәтижесінде телефондардың заңды сатылым үлесі 30 пайыздан 70 пайызға дейін өсті.
Алаяқтықпен күресу мақсатында банктер мен компаниялардың ресми қоңырауларын таңбалау жүйесі енгізілді, интернет-провайдерлер мен IP-телефония қызметі лицензияланатын болды, сондай-ақ жарнамалық хабарламалар мен автоматты қоңыраулардан бас тарту рәсімдері жеңілдетілді. Енді байланыс операторларының кез келген қосымша ақылы қызметтері абоненттің екі мәрте келісімімен ғана қосылады.
Сонымен қатар елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Келесі жылдың соңына дейін 3,5 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып, талшықты-оптикалық интернеттің қолжетімділігі 92 пайызға дейін жеткізіледі. Ескірген 3G желілерін заманауи 4G және 5G стандарттарына көшіру, сондай-ақ жаңа буындағы Direct-to-Cell спутниктік байланысын енгізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Каспий теңізінің табаны арқылы өтетін трансшекаралық талшықты-оптикалық кабель мен «Батыс — Шығыс» ұлттық гипермагистралының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар Павлодар облысында ауқымды «Деректерді өңдеу орталықтары алқабының» құрылысы басталды. Бұл жобалар қабылданған заңнамалық өзгерістермен бірге еліміздің цифрлық кеңістігінің сенімді қорғалуын қамтамасыз етіп, инвестициялар тартуға және мемлекеттік әрі коммерциялық сервистердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.


