Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстар жалғасуда. Өңірде кезекті «Таза бейсенбі» акциясы ұйымдастырылып, оған 22 мыңнан астам тұрғын қатысты.
Экологиялық шара барысында елді мекендердегі көшелер, аулалар, қоғамдық орындар мен саябақтар тазартылды. Абаттандыру жұмыстарына мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар, жастар, еріктілер және жергілікті тұрғындар атсалысты.
Акция нәтижесінде өңір аумағынан 510 тоннаға жуық қоқыс жиналып, тиісті орындарға шығарылды.
Мұндай шаралар тек қоршаған ортаны тазартуға ғана емес, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға да бағытталған. «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстардың тұрақты түрде ұйымдастырылуы тазалықты бір күндік науқан емес, күнделікті өмір салтына айналдыруға мүмкіндік береді.


