Суббота, 15 августа, 2026
Басты бет23 тамыз - Құрылтай сайлауы23 тамыз – Құрылтай сайлауы: Жамбыл ауданында ақпараттандыру жұмыстары күшейтілді

23 тамыз – Құрылтай сайлауы: Жамбыл ауданында ақпараттандыру жұмыстары күшейтілді

Жамбыл ауданында 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Саяси науқан қарсаңында тұрғындарға сайлау күні, дауыс беру тәртібі және өз сайлау учаскесін алдын ала анықтау мүмкіндігі туралы ақпарат кеңінен жеткізілуде.
Аудан бойынша халық көп шоғырланатын және тұрғындар жиі жүретін орындарда сайлауға шақыратын ақпараттық материалдар орналастырылуда. Көшелердегі арнайы трафареттерде, ақпараттық тақталарда және түрлі нысандарда 23 тамызда өтетін сайлау туралы еске салатын жазбалар ілінген. Мұндай көрнекі ақпараттар тұрғындардың назарын маңызды саяси науқанға аударып, сайлауға қатысу қажеттігін еске салуға бағытталған.
Сайлау күні жақындаған сайын азаматтардың өз дауыс беретін учаскесін алдын ала біліп алғаны маңызды. Қазіргі таңда сайлау учаскесінің нөмірі мен нақты мекенжайын интернет арқылы бірнеше тәсілмен анықтауға болады. Ол үшін GOV.KZ платформасындағы сайлау сервисіне, sailau.gov.kz немесе sailau2026.gov.kz сайттарына кіріп, өз өңірін таңдап, ЖСН енгізу жеткілікті. Жүйе азаматқа тиісті сайлау учаскесінің нөмірі мен орналасқан мекенжайын көрсетеді. Бұл мүмкіндік туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлаған.
Сонымен қатар сайлау учаскесін eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «Танымал қызметтер» бөлімінен де анықтауға болады. Ақпараттық материалдарда орналасқан QR-кодтарды сканерлеу арқылы да қажетті сервиске жылдам өту мүмкіндігі қарастырылған.
Жамбыл ауданындағы ақпараттық жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындардың сайлау туралы толық әрі нақты ақпарат алуына жағдай жасау. Әсіресе сайлау учаскесінің орналасқан жерін алдын ала біліп, дауыс беру күні қажетті мекенжайға уақытылы бару азаматтар үшін қолайлы болмақ.
23 тамыз – елдің саяси өміріндегі маңызды күн. Осы күні азаматтар өздерінің конституциялық құқығын пайдаланып, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысады. Сондықтан әрбір тұрғынды сайлау туралы ақпаратпен алдын ала танысып, өз сайлау учаскесін анықтап, азаматтық белсенділік танытуға шақырамыз.
Сайлауға қатысу – ел болашағына деген жауапкершіліктің бір көрінісі. 23 тамызда өз таңдауыңызды жасаңыз!

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments