Жамбыл ауданының Самсы ауылында тұрғындармен кездесу өтіп, ауылдық жердегі медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында тұрғындардың дәрігерге уақтылы қаралуы, ауруларды ерте кезеңде анықтау, аудандық медицина ұйымдарының мүмкіндігін кеңейту және ауылдарға білікті мамандар тарту мәселелеріне назар аударылды.
Ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімді болуы – денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты әр ауданда кемінде бір инвазиясыз диагностика орталығын ашу ұсынылып отыр. Мұндай орталықтарда тұрғындар облыс орталығына бармай-ақ жүрекке ультрадыбыстық зерттеу жасатып, ЭКГ түсіріп, қан қысымын тәулік бойы бақылау сияқты қызметтерді пайдалана алады.
Сонымен қатар аудандарда оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыру көзделуде. Ауылдық жерлерге білікті дәрігерлерді тарту үшін қызметтік баспана беру, әлеуметтік қолдау көрсету, көтермеақы және ынталандыру төлемдерін қарастыру ұсынылған.
Цифрлық технологиялардың дамуы да ауыл медицинасының мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Ауыл тұрғындарының 97 пайызын интернетпен қамту телемедицина қызметтерін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл шалғай елді мекендердегі тұрғындарға мамандардың кеңесін қашықтан алуға жағдай жасайды.
Кездесу барысында тұрғындар ауылдағы медициналық қызметке қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық көмекті халыққа барынша жақындату және оның сапасын арттыру мәселелері алдағы уақытта да өзекті бағыттардың бірі болып қала бермек.


