Бүгін сайлау учаскелерінде жастардың белсенділігі айқын байқалады. Жас қазақстандықтар дауыс беруге келіп қана қоймай, сайлау процесін ұйымдастыруға да өз үлестерін қосып жүр. Астанада учаскелердегі жұмысқа «Жас сайлаушылар клубының» мүшелері атсалысуда.
Жас волонтерлер азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, сайлау учаскесінде бағыт-бағдар көрсетуде, сондай-ақ алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлаудың маңызы туралы ақпарат беріп жатыр. Бүгін елорданың өзінде қалалық сайлау комиссиясымен бірлесіп клубтың 29 мүшесі жұмыс істеп жатыр.
«Бүгін біз ерікті ретінде азаматтарға көмектесіп, сұрақтарына жауап беріп, қайда бару керектігін түсіндіріп жүрміз. «Жас сайлаушылар клубы» — жастарға сайлау процесіне тікелей қатысуға мүмкіндік беретін әрі оның ашықтығын арттыруға ықпал ететін бастама», — дейді клуб мүшесі Темірлан Мақұбаев.
Клуб мүшелерінің айтуынша, жастар қазірдің өзінде елдің қоғамдық өміріне белсене араласуға ұмтылып келеді.
«Біз, жастар, қазірдің өзінде Қазақстанның қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрміз. Әрбір азаматтың ел болашағына өз үлесін қосып, азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндігі болуы керек деп санаймыз», — дейді клуб мүшесі Еркежан Қазбек.
«Жас сайлаушылар клубының» мүшесі, Нұрдәулет Мұқтарбек бүгін сайлауға келген әрбір азаматқа шын жүректен алғыс айтатынан жеткізді. «23 тамызда әр азамат сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасауы маңызды. Сайлауға бейжай қарамау – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Бұл – еліміздің болашағына оң өзгеріс әкелетін маңызды қадамдардың бірі» — деп бөлісті.
«Жас сайлаушылар клубы» үшін мұндай жұмыс алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Бұған дейін оның мүшелері наурыз айындағы референдум қарсаңында жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға атсалысқан.


