Воскресенье, 23 августа, 2026
Басты бет23 тамыз - Құрылтай сайлауыАлматы облысының спортшылары дауыс беруге желкенді қайықпен жүзіп келді

Алматы облысының спортшылары дауыс беруге желкенді қайықпен жүзіп келді

Қонаев қаласында алты спортшы жаттықтырушысымен бірге дауыс беру орнына желкенді қайықпен жетті. «Құрылтай – 23 тамыз» деген жазуы бар желкендерді жел керіп, қайықтар Қапшағай су қоймасын кесіп өтіп, №5 қалалық жағажайға қарай бағыт алды.
Олардың қатарында Қонаев қаласының спортшылары Владимир Щанкин, Олег Куливацкий, Яна Белозерова, Берік Құбаев, Антон Гаас және Милана Мамедова бар. Олар жаңартылған №5 қалалық жағажайда ашылған учаскеге барып, дауыс берді. Бұл – спортшылар үшін азаматтық ұстанымын білдірудің ерекше тәсілі.
*«Қапшағай су қоймасы – туристер асыға ағылатын танымал аймақ. Сонымен қатар бұл – ашық суда жүзу жарыстарын өткізуге және желкенді спортты дамытуға қолайлы орын. Бүгін біз жағажайға желкенді қайықпен жүзіп келіп, ерекше тәсілмен дауыс беруді ұйғардық. Сайлаушыларға жарқын әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлағымыз келді. Бұл – Қазақстан үшін маңызды күн. Осындай сәтте шет қалуға болмайды»,* – деді Яна Белозерова.
Қонаевтағы желкенді спорттың тарихы жарты ғасырдан асады. Оның бастауы 1974 жылмен тұспа-тұс келеді. Содан бері жергілікті спортшылар облыс орталығы мен Қазақстанның намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда абыроймен қорғап келеді.
Тек биыл Қонаев спортшылары халықаралық турнирлерде 6 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Ал Орталық Азия чемпионатында тағы 11 жүлдеге – 3 алтын, 1 күміс және 7 қола медальға ие болды.
Желмен жарысып, толқынмен таласқан спортшылардың әрекеті сайлау күнінің жарқын сәттерінің біріне айналды.

*Алматы облысының ӨКҚ*

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments