Четверг, 3 сентября, 2026
Басты бетПослание президентаКЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ ӨҢІР

КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ ӨҢІР

Теміржол ауылдық округінің тарихы өткен ғасырдың алғашқы ширегінен бастау алады. Күрті өзенінің жағасына қоныс тепкен небəрі бес түтіннен тұратын шағын ауыл кейіннен үлкен елді мекенге айналып, талай тарихи кезеңдерді бастан өткерді. Бастапқыда Ақсеңгір аталған ауыл 1931 жылы Түріксіб темір жолының салынуына байланысты ел арасында Ұзынағаш станциясы деген атаумен белгілі болды.

Сол кезеңде салынған теміржол бекеті бүгінгі күнге дейін өзінің тарихи қалпын сақтап келеді. Темір жолдың іске қосылуы ауылдың тыныс-тіршілігіне елеулі өзгеріс əкелді. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарында бұл маңнан қару-жарақ, киім-кешек, азық-түлік тиелген эшелондар күндіз-түні үздіксіз өтіп жатты. Жүк тасымалындағы темір жолдың маңызы айрықша болды. Осы жағдайды ескерген болар, 1951 жылы ауыл маңынан астық қабылдау мекемесі салынды.

1962 жылы осы өңірде «Күрті» қой совхозы құрылды. Оның алғашқы басшыларының бірі Ш.А. Шатенов болды. Осы жылдары ауылдың көркіне айналған тұрғын үйлер, аурухана, монша жəне басқа да əлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне қызмет ете бастады.

Жер жағдайына қарай ауыл тұрғындары мал жəне егін шаруашылығын қатар дамытты. Ауыл шаруашылығы саласында еңбегімен танылған еңбек майталмандарының қатарында Социалистік Еңбек Ері Өміртай Өмірбековтің, «Ленин» орденінің иегері Сосенкиндердің есімдері құрметпен аталды.

«Күрті» совхозының атақ-даңқы еңбекқор тұрғындары мен білікті басшысы Б.Шолпанқұловтың арқасында республика көлемімен шектелмей, одақ деңгейіне дейін жетті. Совхоздағы мал саны 40 мың басқа дейін өсіп, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі жақсара түсті.

1983 жылдан бастап совхоз басшылығын Советбек Еркінбайұлы атқарып, осы кезеңде шаруашылықтың экономикасы одан əрі қарыштап дамыды. Қой саны 90 мың басқа дейін жетіп, мемлекетке жылына 15 тоннаға дейін сапалы жүн тапсырылды.

«Тұрғын үй-91» бағдарламасы аясында үш жылдың ішінде 130 жанұя жаңа баспаналы болды. 1983-1996 жылдар аралығында «Күрті» қой совхозының атауы бірнеше рет өзгерді. Алдымен «Р-Күрті» өндірістік кооперативі, кейін «Р-Күрті» ЖШС болып қайта құрылды.

Ауыл шежіресінде 1961 жылдан бүгінгі күнге дейін ел басқарған азаматтардың да өзіндік қолтаңбасы бар. Олардың қатарында А.Козыева, И.Акабаев, Қ.Калыков, К.Теңізбаев, Қ.Ахметов, С.Темірбеков, Т.Пушпаков, М.Қошымқұлов, Е.Қалиев, Ғ.Дəуренбаев, А.Мұсаханов, К.Қожахметов, С.Қошмағамбетов жəне басқа да азаматтар бар.

2001 жылы Ұзынағаш станциясына Қазыбек бек Тауасарұлының есімі беріліп, елді мекен Қазыбек бек бекеті болып өзгертілді.

Тарихы терең Теміржол ауылдық округі бүгінде əлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты дамып келеді. Округтегі қоғамдық-саяси ахуал қалыпты. Əкімдік тарапынан тұрғындармен кері байланыс орнату, ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Округтің «Temitzhol.ao» əлеуметтік желідегі парақшаларында 9 бағыт бойынша күнделікті ақпараттық материалдар жарияланады. Instagram жəне TikTok желілерінде 2514 жазылушы бар. Бүгінге дейін 4973 ақпараттық материал жарық көрген.

Салық түсімдері бойынша 2026 жылға бекітілген жоспар 49 млн 499 мың теңгені құрайды. Жыл басынан бері бюджетке 28 млн 574 мың теңге түсіп, жоспардың орындалуы 76,4 пайызға жетті.

2026 жылға округ əкімдігіне 86 млн 914 мың теңге бөлініп, оның 48 млн 383 мың теңгесі игерілді. Бұл 55,67 пайызды құрайды. Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу бойынша 48 келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар жоспарға сəйкес жүргізілуде.

Көлік салығы бойынша маусым айының 30 күніндегі Кірістер басқармасының мəліметіне сəйкес, округте 87 көлік құралы бойынша 3 млн 711 мың теңге берешек бар. Берешекті өндіріп алу мақсатында жеке сот орындаушыларына 64 атқарушылық іс жолданып, олардың орындалу барысы апта сайын бақылауға алынуда.

Теміржол ауылдық округінің жер көлемі 113 619 гектарды құрайды. Оның ішінде елді мекен аумағы – 341 гектар, жайылымдық жер – 101 424,27 гектар, егістік алқап – 5788,82 гектар.

Округте 115 шаруа қожалығы тіркелген, оның 45-і нақты жұмыс істеп тұр. Мал шаруашылығы да ауыл экономикасының маңызды салаларының бірі. Қазіргі таңда округ бойынша 1722 бас ірі қара, 37 376 бас ұсақ мал, 5522 жылқы, 48 түйе жəне 618 құс бар.

Тұрғындарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алу шарттары бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нəтижесінде екі ауыл тұрғынының құжаттары рəсімделу үстінде.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге арналған арзандатылған жанар-жағармай бойынша 20 тонна дизель отынына өтініш беріліп, оның 7,1 тоннасы алынды. Орындалу көрсеткіші – 35 пайыз.

«Кең дала» бағдарламасы аясында жоспарға сəйкес бір өтініш беріліп, нəтижесінде 374 млн теңге қаржыландырылды.

Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында да жұмыстар бар. Жоспарланған 300 гектардың орнына 2900 гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жоспар артығымен орындалды.

Егін шаруашылығында күздік бидай 500 гектар алқапқа орналастырылып, 1000 тонна өнім алынды. Жаздық арпа 1800 гектар жерге егіліп, одан 3780 тонна өнім жиналды.

Мал азығын дайындау бойынша сенаж – 1784 мың тонна, орындалуы – 1150 мың тонна; жем – 3226 мың тонна, орындалуы – 1850 мың тонна; сүрлем – 2101 мың тонна, орындалуы – 1170 мың тонна; сабан – 1926 мың тонна, орындалуы – 1250 мың тонна; шөп – 24 581 мың тонна, орындалуы – 16 200 мың тоннаны құрады.

Округте тіркелген ауыл шаруашылығы техникаларының саны – 30. Оның 11-і, яғни 36,7 пайызы ескі техника санатына жатады.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мəселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нəтижесінде 13 шаруа қожалығының жалпы көлемі 1750 гектар жері анықталды. Оның 1000 гектары мемлекетке қайтарылатын жерлер ретінде белгіленіп, қазіргі уақытта нақты жер иелері анықталып, қосымша құжаттар жинақталуда.

Округке инвестиция тарту бойынша жылдық жоспар 35 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 5 млрд теңге игерілді. Атап айтқанда, ЗОК 1,2 млрд теңге, «Кернеу» ЖШС – 416 млн теңге, «Интегра» ЖШС – 1,5 млрд теңге инвестиция тартты. Ал «Азия Юнайтед Стил» ЖШС бойынша жыл соңына дейін жылдық жоспардың толық орындалуы күтілуде.

Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы округтің экономикалық əлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері атаулы əлеуметтік көмек үш азаматқа тағайындалды. Жаңа жұмыс орындарын құру жоспары – 75, оның 27-сі орындалды. Тұрақты жұмыс орындары бойынша жоспар – 50, бүгінге дейін 25 жұмыс орны құрылды.

Жыл соңына дейін іске асырылатын инвестициялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен белгіленген жоспардың толық орындалуы көзделіп отыр.

Əскерге шақыру бойынша 10 азаматтың тізімі жасалып, бүгінге дейін үш азамат Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге жіберілді. Қалған азаматтар бойынша Қорғаныс істері бөлімімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Округ тұрғындарымен кері байланысты нығайту, олардың өтініштері мен ұсыныстарын уақытылы қарау да тұрақты бақылауда.

Жыл басынан бері жеке жəне заңды тұлғалардан түскен өтініштердің барлығы Қазақстан Республикасының Əкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің талаптарына сəйкес қаралып, заңнамада белгіленген мерзімде тиісті жауаптар берілді.

Жыл басынан бері 13 тұрғын жеке қабылдауда болды. Тұрғындар негізінен жер қатынастары, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жұмыспен қамту жəне əлеуметтік қолдау мəселелерін көтерді.

Əрбір мəселе бойынша заңнама талаптарына сəйкес «қабылдау карточкасы» жасалып, «Е-өтініш» ақпараттық жүйесіне тіркелді. Тұрғындарға тиісті түсіндірмелер беріліп, көтерілген мəселелердің орындалуы бақылауға алынды.

Округ аумағында екі сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлаушылар саны – 3060 адам.

Теміржол ауылдық округі – тарихы мен тағылымы сабақтасқан, еңбегімен елге танылған азаматтары көп, бүгінгі даму бағыты айқын елді мекендердің бірі.

Кешегі Күрті қой совхозының дəуірінен қалған еңбек дəстүрі бүгінде ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, əлеуметтік мəселелерді шешу бағытындағы жұмыстармен жалғасып келеді.

Алдағы міндеттер де аз емес. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемін ұлғайту, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, инвестициялық жобаларды іске асыру, жұмыспен қамту көрсеткіштерін жақсарту – басты бағыттардың қатарында.

Марат АЙБАЗОВ,

Теміржол ауылдық округінің əкімі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments