Қауіпсіздік туралы сөз болғанда көз алдымызға көбіне ел шекарасы, қорғаныс қабілеті, қоғамдық тәртіп немесе төтенше жағдай кезіндегі әрекет тәртібі келеді. Ал тұрақтылықты саяси тыныштықпен байланыстырамыз. Бірақ мемлекеттің тұрақтылығы мен азаматтың қауіпсіздігі бір ғана ұғыммен өлшенбейді. Оның ішінде дағдарыс кезінде мемлекеттің қаншалықты жылдам әрекет ете алатыны, азамат құқықтарының қандай жағдайда шектелуі мүмкін екені және қоғамдағы татулықтың қандай деңгейде қорғалатыны да бар.
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция осы мәселелерге қатысты бірқатар норманы жаңаша жүйеледі. Ата Заңның жаңа мәтіні 1 шілдеден бастап күшіне енді. Енді тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселесіне бұрынғыдай тек жалпы қағидат тұрғысынан емес, нақты құқықтық тетіктер арқылы қарауға мүмкіндік бар.
Бұл өзгерістердің ішіндегі назар аударарлығының бірі – қауіп төнген кезде мемлекеттің жедел шешім қабылдау мүмкіндігінің кеңеюі. Бұған дейін мұндай жағдайлар негізінен төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу тәртібі арқылы қарастырылса, жаңа Конституция қауіптің алдын алу мен оған жедел құқықтық жауап берудің заң шығару тетігін де қарастырып отыр.
Жаңа Конституцияның 60-бабының 4-тармағында халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына немесе елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда Үкімет енгізген заң жобаларын Құрылтайдың дереу қарауы тиіс екені жазылған. Ең маңызды жаңалық мұнымен ғана шектелмейді. Осындай заң жобасы енгізілген кезде Үкімет өз жауапкершілігін ала отырып, тиісті мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдай алады. Мұндай акт Құрылтай қабылдаған заң күшіне енгенге дейін немесе заң жобасы қабылданбай қалғанға дейін қолданылады.
Бұрынғы Конституцияда Үкіметтің заң шығару бастамасы болғанымен, дәл осындай жағдайда қауіпке байланысты заң жобасын дереу қарау және оған дейін уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдау жөніндегі арнайы конституциялық тетік болмаған. Ескі Конституцияның 61-бабында Үкіметтің заң шығару бастамасы жалпы тәртіппен қарастырылған.
Бұл өзгерістің астарында қазіргі заманның бір шындығы жатыр. Қауіптің бәрі алдын ала ескерту жасап келмейді. Эпидемиялық ахуал, ірі техногендік апат, қоғамдық тәртіпке қатер, экономикалық тұрақтылыққа әсер ететін күтпеген жағдай секілді мәселелерде бірнеше айдан кейін қабылданатын шешім кейде кеш болуы мүмкін. Демек, жаңа норма мемлекеттің әрекет ету жылдамдығына құқықтық негіз береді.
Конституция Үкіметке уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдау мүмкіндігін бергенімен, оны шексіз өкілеттік деп түсінуге болмайды. Мұндай актінің өмір сүру мерзімі де нақты шектелген. Ол тиісті заң күшіне енгенге немесе Құрылтай заң жобасын қабылдамай тастағанға дейін ғана қолданылады. Яғни төтенше қажеттілікке берілген мүмкіндік тұрақты басқару құралына айналмауы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа норма қауіпсіздік пен билік жауапкершілігінің арасындағы тепе-теңдікті іздейді. Мемлекетке – жылдам әрекет ету мүмкіндігі, ал заң шығарушы органға – қабылданған шешімді қарау және бекіту құқығы беріледі.
Жаңа Конституциядағы тағы бір маңызды өзгеріс адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеу мәселесіне қатысты. Бұрынғы Конституцияның 39-бабында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қажетті шамада және тек заңмен шектелуі мүмкін екені көрсетілген. Сондай-ақ саяси себептермен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол берілмейтіні бекітілген.
Жаңа Конституция бұл қағиданы сақтай отырып, оны 41-бапта қайта жүйеледі. Енді құқықтар мен бостандықтарды шектеудің негіздері қатарында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де нақты көрсетілген. Сонымен бірге шектеудің тек заңмен және қажетті шамада ғана жүзеге асырылатыны бекітілген. Ал саяси себептермен құқықтарды шектеуге жол берілмейтіні жеке тармақ ретінде сақталған.
Мұндағы өзгерістің мәнін бір ғана сөзбен түсіндіру қиын. Өйткені мәселе құқықты шектеуге рұқсат беруде емес, сол шектеудің шекарасын белгілеуде жатыр.Мысалы, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоғамдық тәртіпке нақты қатер төнген жағдайда мемлекет белгілі бір құқықтарды уақытша шектеуге мәжбүр болуы мүмкін. Бірақ жаңа конституциялық логика бойынша мұндай шектеу өздігінен ақталмайды. Оның заңдық негізі болуы керек және ол қажетті шамадан аспауға тиіс.
Себебі «қауіпсіздік» деген ұғым кейде өте кең түсіндіріліп кетуі мүмкін. Егер оның шегі белгіленбесе, қауіпсіздікті қамтамасыз ету деген желеумен адамның заңды құқықтарына шамадан тыс араласу қаупі туындайды. Ал Конституциядағы «тек заңмен» және «қажетті шамада ғана» деген талап мемлекеттік шешімнің құқықтық негізін де, оның мөлшерін де бағалауға мүмкіндік береді.
Демек, жаңа Конституция қауіпсіздікті азаматтың еркіндігіне қарсы қоймайды. Керісінше, екеуінің арасындағы құқықтық тепе-теңдікті сақтауға тырысады.
Жаңа Конституцияның 41-бабында тағы бір маңызды норма бар. Этносаралық және конфессияаралық татулықты бұзуға алып келетін әрекет конституциялық емес деп танылады. Бірақ бұл жерде де «бұл норма бұрын болмаған» деп айту дұрыс емес. Бұрынғы Конституцияның 39-бабының 2-тармағында ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылған. Сондықтан жаңалық – татулықты алғаш рет қорғауда емес, оның жаңа Конституциядағы жалпы құқықтық шектеулер жүйесінде қайта бекітілуінде.
Бұл мәселенің бүгінгі қоғам үшін салмағы аз емес. Қазақстан түрлі этнос пен конфессия өкілдері бірге өмір сүріп отырған мемлекет. Мұндай қоғамда тұрақтылық тек экономикалық көрсеткіштермен немесе мемлекеттік институттардың орнықтылығымен өлшенбейді. Адамдардың бір-бірінің тіліне, мәдениетіне, діни сеніміне құрметпен қарауы да елдің ішкі қауіпсіздігінің маңызды бөлігі. Сондықтан жаңа Конституцияның кіріспесінде де бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйену атап көрсетілген.
Бұл жерде конституциялық норма қоғамға да белгілі бір жауапкершілік жүктейді. Өйткені араздыққа бастайтын әрекет кейде бір күнде үлкен дауға айналмайды. Әлеуметтік желідегі арандатушы сөз, жалған ақпарат, белгілі бір ұлтты немесе дінді кемсіту, адамдарды «біз» және «олар» деп бөлу сияқты әрекеттер бір қарағанда жеке пікір секілді көрінуі мүмкін. Бірақ оның қоғамдық салдары әлдеқайда кең болуы ықтимал. Сондықтан тұрақтылықты сақтау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Қоғам мүшесінің сөзі мен әрекеті де ел ішіндегі ахуалға әсер етеді.
Жаңа Конституциядағы осы өзгерістерді қатар қойғанда, бір ортақ бағыт байқалады. Біріншіден, қауіп туындаған жағдайда мемлекеттің әрекет ету жылдамдығына құқықтық мүмкіндік берілді. Үкіметке жедел жағдайларда уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдау тетігі ұсынылды.
Екіншіден, азамат құқықтарын шектеудің конституциялық шегі нақты сақталды. Құқықты шектеу тек заңмен және қажетті шамада жүзеге асырылуға тиіс, ал саяси себеп мұндай шектеуге негіз бола алмайды.
Үшіншіден, қоғамдық татулық қауіпсіздіктің конституциялық өлшемдерінің бірі ретінде бекемделді.
Осының бәрі қауіпсіздікті тек сыртқы қатерден қорғану ұғымы ретінде қарауға болмайтынын көрсетеді. Қауіпсіздік – мемлекеттің сырттан келетін қатерге төтеп беру қабілеті ғана емес, ішкі тұрақтылықты сақтай алуы, азаматтардың құқықтарын қорғауы және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуі. Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. Құқықтық мемлекеттің тұрақтылығы биліктің кез келген жағдайда қатаң шара қолдана алуымен емес, сол шараның заңға қаншалықты сай екенімен өлшенеді. Қоғамға тәртіп керек. Бірақ тәртіптің өзі заңмен шектелген кезде ғана әділетті сипат алады.
Жаңа Конституциядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатысты нормалардың өзара байланысы да осыны аңғартады. Мемлекетке қатерге жедел жауап беретін мүмкіндік беріледі, бірақ азаматтардың негізгі құқықтары қорғансыз қалмайды. Қоғамдық татулықты қорғау күшейтіледі, бірақ құқықтық шектеулердің өзі Конституция белгілеген шеңберден шыға алмайды.
Конституциядағы жаңа нормалардың өміршеңдігі енді олардың мәтінде жазылуымен ғана емес, іс жүзінде қалай қолданылатынымен бағаланады. Қауіп төнген кезде мемлекет жылдам әрекет ете алды ма? Уақытша қабылданған шешім қажетті шектен аспады ма? Азаматтың құқығы орынсыз шектелген жоқ па? Қоғамдық татулықты бұзатын әрекеттерге заң бірдей қолданылды ма? Осындай сұрақтардың жауабы конституциялық кепілдіктердің нақты мазмұнын ашады.Өйткені тұрақтылық дегеніміз – қоғамда ешкімнің сұрақ қоймауы немесе ешкімнің қарсылық білдірмеуі емес. Тұрақты қоғам дегеніміз – қайшылық туындағанда оны заң арқылы шешудің жолы бар қоғам. Қауіп пайда болғанда мемлекет әрекет ете алатын, ал сол әрекеттің өзі құқықтық шеңберден шықпайтын қоғам.
Жаңа Конституциядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілдіктеріне енгізілген жаңа тұстардың мәні де осында. Бір жағынан, мемлекетке күрделі жағдайларда жедел шешім қабылдауға мүмкіндік берілсе, екінші жағынан, азамат құқықтарын шектеудің шегі айқын көрсетіледі. Ал қоғамның ішкі татулығы мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды конституциялық құндылық ретінде қарастырылады.
Сондықтан қауіпсіздік туралы сөз қозғағанда, тек «мемлекет өзін қалай қорғайды?» деген сұрақпен шектелмеген жөн. Екінші сұрақ одан кем емес маңызды: мемлекет қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, азаматтың құқығын қалай қорғайды?
Жаңа конституциялық нормалардың негізгі мәнін осы екі міндеттің арасындағы тепе-теңдіктен іздеуге болады. Қауіпке дер кезінде жауап беру, бірақ құқықты шектемеу; тәртіпті сақтау, бірақ заңнан аттамау; қоғамдық татулықты қорғау, бірақ азаматтық еркіндікті жоғалтпау – тұрақтылықтың құқықтық іргетасы да осында.
Жұмахан Байғазықызы. Газеттің тілшісі


