«Шіркін, шетел қандай керемет! Білімі қандай, мәдениеті қандай, адамға деген құрметі қандай!» деп тамсанамыз. Бір елдің көшесіндегі тазалыққа, қоғамдық тәртібіне, адамдардың бір-бірінің жеке шекарасына құрметпен қарайтынына, балалардың тәрбиесіне, заңға деген көзқарасына қызығамыз. «Бізде де осындай болса ғой» деп армандаймыз. Өзіміз куә болған мәдениетті әрекеттерді үлгі аларлық іс ретінде телефонға тартып аламыз. Артынша әлеуметтік желіге салып, оқырманнан қолдау күтеміз. Алайда, бұл әрекетіміздің нүктесі қойылып, бар шешімі табылатын жер осында ма? Сол сәтке болсын, өзімізге қарапайым ғана бір сұрақ қойып көрдік пе? Біз шетелдегі мәдениетті өмірді шынымен қалаймыз баәлде оның тек сыртқы көрінісіне ғана қызығып жүрміз бе? Бұлай дейтін себебіміз,жақсы қоғам өздігінен қалыптаспайды. Таза көше тек тазалық қызметінің еңбегімен жасалмайды, оған бей-берекет қоқыс тастамайтын адамның санасы да керек. Қоғамдық тәртіп полиция көп болғандықтан ғана орнамайды. Ешкім бақылап тұрмаса да ортақ ережеге бағынған кезде қалыптасады. Адамның жеке шекарасына құрмет заңда жазылғаны үшін ғана емес, оны бұзудың дұрыс еместігін түсінгендіктен орнығады. Біз аңсайтын жайлы өмірдің ар жағында ең алдымен саналы адам тұр.
Жуырда жүргізілген әлеуметтік сауалымыздың нәтижесі дәл осы мәселе туралы ойлануға себеп болды. Жастарға «Құқықтық сана дегеніміз не?», «Адам өз құқығын қалай қорғауы керек?» — деген мазмұндағы қарапайым сауалдар қойылғанда, бұл ұғымның көпшілікке әлі де толық таныс емес екені байқалды. Өз құқығын білу мен оны заңды түрде қорғаудың айырмашылығы да, құқық пен міндеттің арақатынасы да бәріне бірдей түсінікті емес екен. Бұл жерде мәселені жастардың өзіне ғана аударып қою, «Жастар заң білмейді» деу ең оңай жол. Алайда, дәл осы жауап қана мәселенің түп-төркінін ашып бермейді. Өйткені құқықтық сананың бір күнде пайда болмайтыны белгілі. Ол баланың отбасынан, көрген тәрбиесінен, мектептен, айналасындағы адамдардың әрекетінен, қоғамның жалпы мәдениетінен қалыптасады.
Ендеше, құқықтық сана дегеніміз не? Оны күрделі заң терминдерімен түсіндірудің қажеті жоқ. Құқықтық сана – адамның өз құқығын, өз міндетін, жауапкершілігін және өз әрекетінің салдарын түсініп өмір сүруі. Онымен бірге өзгенің де құқығы бар екенін мойындауы. Қоғамдық орында кезек сақтау – құқықтық сана. Біреудің жолын әдейі бөгемеу – құқықтық сана. Өзгенің затын рұқсатсыз алмау, көршінің тыныштығын бұзбау, автокөлік жүргізгенде жол ережесін сақтау, интернетте біреуді қорламау, оның жеке мәліметін рұқсатсыз таратпау – мұның барлығы құқықтық сана. Тіпті қоқысты көшеге тастамау да осы мәдениеттің бір көрінісі. Себебі ол жерде «маған ештеңе болмайды» деген түсініктен гөрі «бұл орта тек менікі емес» деген сана маңызды екені анық көрінеді.
Біздің қоғамдағы қалыптасқан бір түсінікке ерекше тоқталған жөн. Кейде «менің құқығым бар» деп мәселе көтерген адамға жақсы көзбен қарай бермейміз. Құқығын талап еткен адамды «бәлеқор», «жалақор», «тыныштықты бұзушы» деп бағалайтын жағдайлар кездеседі. Ал үндемей қалған, бәріне көне берген адамды «сабырлы», «тәртіпті», «абыройлы» азамат деп қабылдаймыз. Бірақ үнсіздік дегенәрдайым тәртіптің белгісі емес қой. Ал көну ше? Ол әрине сабырлылыққа жатпайтыны белгілі. Демек, құқығын заңды жолмен талап ету дегеніміз қоғамға қарсы шығу емес екен. Керісінше, адам өзінің құқығын білмесе, оны біреу бұзып жатқанын да аңғармай қалуы мүмкін. Ал құқық бұзылған жағдайда қайда баруды, кімге жүгінуді, мәселені қандай тәртіппен шешуге болатынын білмеген адам амалсыз екі жолдың бірін таңдайды. Бәріне көніп, үнсіз қалу немесе ашуға беріліп, мәселені дау-жанжал арқылы шешуге тырысу. Құқықтық сана осы екі жолдың арасындағы заңды жолды көрсетеді.
Дегенмен, бұл жерде «менің құқығым бар» деген ұстанымы бар адамда міндетті түрде «басқаның да құқығы бар» деген де түсінік қалыптасуы тиіс. Менің жеке шекарам бар болса, басқа адамның да жеке шекарасы бар. Мен өз мүлкімді қорғауға құқылы болсам, өзгенің мүлкіне қол сұғуға құқым жоқ. Мен өз пікірімді ашық айтуға ерікті болсам, басқа адамды қорлауға немесе кемсітуге ерікті емеспін. Демек, құқықтық сана – өз құқығыңды өзгеден жоғары қою емес. Ол – өз құқығың мен өзгенің құқығының арасындағы шекараны түсіну. Өкінішке қарай, кейде жеке шекараны қорғау, өз пікірін айту немесе өзіне жасалған әділетсіздікке қарсылық білдіру «өзімшілдік» деп қабылданады. «Үлкеннің алдын кеспе», «үндеме», «елмен бірге бол», «біреудің көңілін қалдырма» деген тәрбиелік ұстанымдардың астарында ізгі ниет бар екені түсінікті. Бірақ осы сөздер баланы үнемі өз құқығынан бас тартуға, әділетсіздікке төзуге үйретіп жібермеуі керек. Сабырлы болу мен үнсіз қалудың, кешірімді болу мен өзіне жасалған қиянатқа көне берудің арасы жер мен көктей.
Аталған мұндай түсінік ең алдымен отбасында қалыптасады. Бала құқықты заң кітабынан бұрын өзінің үйінен үйренеді. Ата-анасының бір-бірімен қалай сөйлесетініне, баланың пікірін қалай қабылдайтынына, оның жеке заттарына қалай қарайтынына, өзгенің пікіріне қалай құрмет көрсететініне қарап өседі. Сондықтан ата-ана баласына «құқығыңды біл» деуден бұрын, өзі құқық пен міндеттің мәнін түсінуі қажет. Ата-ана өз құқығын білмесе, баласына оны қалай үйретеді? Бала мектепте немесе аулада буллингке ұшырағанда ғана мәселенің барын түсініп, кімге жүгінерін іздеу аздық етеді. Құқықтық сана баланың құқығы бұзылғаннан кейін емес, оған дейін қалыптасуы керек. Бала өзін қорлаған адамға қалай жауап беру керегін, қай кезде үлкендерден көмек сұрау қажет екенін жетік білгені маңызды. Ата-ана да баласының құқығын қорғаудың заңды жолдарын білгені жөн.
Сондай-ақ, бұл – тек буллингке қатысты емес. Интернеттегі қауіп те күн сайын күрделеніп келеді. Бүгінгі балалардың ілуде біреуі болмаса, басым бөлігі бос уақытын цифрлық кеңістікте өткізеді. Ал, ондағы қауіптің түрінде есеп жоқ. Алаяқтық, жалған ақпарат, бөтен адамның жеке мәліметін пайдалану, кибербуллинг, бопсалау, рұқсатсыз фото немесе бейне тарату деген дүние сымсыз әлемнің әліппесіне айналғаны қашан?! Осының бәріне қарсы тұру үшін адам өзінің жеке дерегінің құндылығын түсінгені жөн. Құпия кодты бөтенге бермеу, күмәнді сілтемені ашпау, бейтаныс адамға жеке мәліметті жібермеу. Мұның барлығы екінің біріне таныс болуы керек қарапайым сақтық ережелер мен құқықтық мәдениеттің бір бөлігі. Сол сияқты өзгенің суретін рұқсатсыз тарату, біреудің жеке хат-хабарын жариялау (әділдік іздеген жастардың үйреншікті әдетіне айналған әдіс), әлеуметтік желіде адамның ар-намысына тиетін сөз жазу да «жай әзіл» деп қаралатын әрекет емес екенін түсіну қажет.
Қоғамға ауыр жүк артпай-ақ, жақсы әрі қауіпсіз өмір сүруіне қажетті ережелерді қалыптастыратын саналы азаматтар көбейген сайын қоғамның бір-біріне деген сенімі де арта түседі. Міне, біздің жетсек деп армандайтын, анық аңсайтын дүниеміз осы болса керек. Демек, сол арманды жүзеге асыруды біреуден күтіп отыруға болмайды. Өйткені қоғам деген – алыстағы белгісіз бір күш емес, ол әрине өзіміз. Ортақ мәдениет те, тәртіп те, құқыққа деген көзқарас та әрқайсымыздың күнделікті әрекетімізден құралады.
Құқық, заң, тәртіп деген сөздер тек сот залында немесе құқық бұзушылық орын алған кезде ғана еске түсетін ұғымдар емес. Олар адамның қадір-қасиетін қорғайтын мүмкіндік, саналы түрде таңдау мен өмірде ұстану мәдениеті екен. Тіпті күнделікті тыныш өмірдің өзі – біздің саналы таңдауымыз десек артық айтпаймыз. Бір-біріміздің құқығымызды сақтап өмір сүруді таңдаймыз. Өзгенің шекарасына құрметпен қарауды таңдаймыз. Баламызға жауапкершілікпен қарауды таңдаймыз. Қоғамдық орында тәртіп сақтауды таңдаймыз. Заңсыздыққа тап болсақ, оны күшпен емес, заңды жолмен шешуді таңдаймыз. Міне, нағыз құқықтық сана дегеніміз осы! Заңды түсініп орындаған адам көбейген жерде тәртіп те, қауіпсіздік те, өзара құрмет те табиғи өмір салтына айналатыны белгілі. Тәртібіміз бен тыныштығымыз бұзылмасын!
Жұмахан Байғазықызы. Газеттің тілшісі


