Жамбыл ауданында мектеп оқушылары арасында «Жайдарман» ойындарының жартылай финалы өтті. Жамбыл ауданы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен көңілді тапқырлар додасына тоғыз команда қатысып, өзара бақ сынады.
Жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, сахна мәдениетін қалыптастыруға, тапқырлық пен шешендік өнерді дамытуға бағытталған сайыс тартысты әрі қызықты сәттерге толы болды. Қатысушы командалар әзіл-қалжың арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әр команда өз өнерін ортаға салып, ұйымшылдығы мен шығармашылық ізденісін көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша тоғыз команданың арасынан үздік деп танылған үш команда облыстық кезеңге жолдама алды. Бұл – жас жайдарманшылар үшін үлкен мүмкіндік әрі алдағы белестерге бастайтын маңызды қадам.
Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды құттықтап, облыстық кезеңде сәтті өнер көрсетулеріне тілектестік білдірді. Алдағы уақытта жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған мұндай шаралар жалғасын таппақ.
Сонымен қатар, келесі айда аудан әкімінің Кубогы сарапқа салынып, Жайдарман жанкүйерлерін тағы бір тартысты дода күтіп тұр. Бұл сайыс та жас өнерпаздардың басын қосып, әзіл мен тапқырлықтың, бірлік пен командалық рухтың мерекесіне айналмақ.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың бойындағы қабілеттерді дамыту және белсенділігін арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Жамбыл ауданы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Жайдарман ойындарының маңызы зор.
Жастардың шығармашылығын шыңдап, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуге баулитын мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың дамуына оң ықпал етеді. Жас жайдарманшыларға сәттілік тілейміз! Облыстық кезеңде аудан намысын абыроймен қорғап, биік белестерден көріне берсін!


