Алматы облысында үй кезегінде тұрған отбасыларды баспанамен қамтуға биыл 42 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 2361 пәтер сатып алу көзделген.
Сондай-ақ бюджет есебінен 1018 пәтерлі 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл баспаналар азаматтарға жеңілдетілген несие арқылы беріледі.
Былтыр өңірде 3 мыңнан астам әлеуметтік осал топ санатына жататын азаматтар баспаналы болды. Бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегіне 70 мыңға жуық адам тіркелген. Соның ішіндегі 21 510 адам әлеуметтік осал топ санатына жатады.
Іле ауданында биыл баспана кезегінде тұрған 300 отбасы қоныс тойын атап өтпек. Ол үшін Нұрғиса Тілендиев ауылындағы 10 гектар аумаққа екі пәтерлі 95 үй салынған.
«Жаңа үйлердің сыртқы фасады травертинмен қапталып, су, газ, жарық сынды коммуналдық қызметтері мен ішкі жұмыстары толық жүргізіледі. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 85 шаршы метрді құрайды. Бүгінде тұрғын үйлердің маңы абаттандырылып жатыр», — дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ғазиз Исбай.
Баспаналар «Отбасы банк» арқылы жалға беру және кейін сатып алу тетігімен рәсімделеді. Ипотекалық төлемнің бір бөлігі бюджет есебінен субсидияланады.
Сондай-ақ Алматы облысында «Алатау» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына құжаттар қабылдау жалғасуда. 2025 жылы бұл бағытқа 3,7 млрд теңге бөлініп, 132 отбасы баспаналы болды.
Бізбен бірге болыңыз: Atameken_press
#Алматыоблысы #баспана #тұрғынүй #Отбасыбанк #Ілеауданы #Алатау #Қазақстан #жаңалықтар


