Алматы облысында 80-нен астам ауыл интернетпен қамтылады
Бұл туралы Алматы облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Ақыл Алматы облысы өңірлік коммуникация алаңында баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қазіргі таңда облыста 380 ауылдық елді мекеннің 351-і интернетпен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар өңірде 160 ауылға Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету жобасы аясында интернет жеткізілді. Осы жоба аясында «Транстелеком» АҚ бастамасы бойынша 24 елдімекеннің халқы жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндік алды
Баспасөз маслихаты барысында, спикер шалғайдағы аз қоныстанған елдімекендерді интернетпен қамтамасыз ету туралы айтты. Пилоттық жоба аясында «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ спутник технологиясы арқылы Қарасай ауданының Жыңғылды және Құрқұдық ауылдарының тұрғындары интернетке қол жеткізген. Осындай технология бойынша Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарының Қарабастау және Сарытау ауылдарының тұрғындарын интернетке қосу қарастырылып жатқананын мәлемдеді.
Қазіргі уақытта Жандос Ақылдың айтуы бойынша компаниялар аумақты мобильді интернетпен қамтамасыз етуді толықтай жоспарлап отыр.
Атап айтсақ, «КаР-Тел» ЖШС Ұйғыр ауданының Кепебұлақ ауылын мобильді байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде, жыл соңына дейін Балқаш ауданының Орақты батыр, Қараөзек және Қоскүмбез ауылдарын қосу жоспарланып отыр.
«Лицензиялық міндеттемелерге сәйкес байланыс операторлары 3G стандартының мобильді кең жолақты интернетімен тек 10 мың адам тұратын елді мекендерді, ал 4G стандартының мобильді интернетімен – 50 мың адам тұратын елді мекендерді ғана қамтамасыз етуге міндетті. Қазіргі уақытта ҚР ЦДИАӨМ бұл шектеулерді алып тастау бойынша жұмыстар жүргізуде», — дейді Жандос Ақыл.
Облыс тұрғындарын сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз ету сұрағы тұрақты бақылауда екінін жеткізді.
Айта кетейік, егерде тұрғындарда байланыс сапасына шағымдар туындаған жағдайда, абоненттер ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің Алматы қаласы және Алматы, Жетісу облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы мекенжайына бар проблеманы, байланыс деректерін және өтініш берушінің нақты мекенжайын көрсете отырып, ресми өтініш жазуға құқылы.