Ақша реформасы қай кезеңде болмасын, елдің экономикалық және саяси ахуалына
қарай түрленіп отырады. Сонымен 1961 жылғы 1 қаңтардан бастап айналымға жаңа ақша белгілері шығарылғаны баршамызға белгілі. Ал 1993 жылы 15 қарашада жүргізілген ақша реформасы жай ғана ақша айырбасы болып қалған жоқ, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өзіміздің ұлттық валютамыз – төл теңгемізді айналымға енгізді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті 15 қарашадан бастап ұлттық валютамыз – теңгені енгізу жайлы Жарлыққа қол қойып, Ұлттық банктің ақша айырбастау туралы
ережесі енгізілген еді. Осылайша, Ел Президентінің Жарлығымен 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып бекітілді. Осы аталмыш мерейлі мереке қарсаңында Қарасай ауданындағы қаржы бөлімінің жұмыс
барысы жайында ойлы оқырманға мақала ұсынуды жөн санадық. Қарасай ауданы бойынша қазынашылықтың алғашқы өкілі, бас қазынашы болып Ермек Қыдыралиев өз қызметін бастаған болатын. Бұдан соң 1996 жылдың наурыз айында Айнабекова Индира Өксенқызы бас қазынашы қызметіне тағайындалған екен. Содан кейін 1997 жылы 1 санатты қазынашы болып Күлзинат Тайлыбаева қызмет атқарған. Аттары аталған үш қазынашы бүгінде өз мамандықтарының майталманы атанды. 1998 жылдың қаңтар айынан бастап Е.Қыдыралиевтың басшылығымен штат саны 4 адамнан құралған Қаскелең аудандық қазынашылық бөлімі құрылған болатын. Қазынашылық жүйені қалыптастырудың осы кезеңінде технологиялық негізде БАСК-М бағдарламалық кешені қолданылды. Бұдан соң ҚИАЖ қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесі енгізілген. Содан кейін 2008 жылдың қаңтарынан бастап Oracle Applicationc B12 бағдарламалық жасақтамасының жаңа нұсқасына көшу жүзеге асырылған екен. Ал 2008 жылдың шілде айында Қарасай аудандық қазынашылық басқармасы болып қайта құрылған. Бұдан соң 2012 жылдың ортасынан бастап «Қаскелен» қазынашылық клиент» мемлекеттік мекемелерімен электронды құжат айналымы жобасын кезеңкезеңмен жүзеге асырған. Қарасай аудандық қазынашылық басқармасы қызметкерлері қазынашылық жүйесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына барлық реформаларға белсене атсалысып келеді. Қаржы министрлігінің, қазынашылық комитетінің, облыстық департаментінің, сондай-ақ аудан әкімінің бірнеше мәрте марапатына ие болған ұжым мүшелері қашанда құрметке лайықты. Осы саланың ардагерлері Людмила Малышева, Шамшихан Кожабаева, Жарқын Күлекенованың есімдері әрдайым мақтанышпен аталады. Қазынашылық басқармасында ұзақ жыл ортақ мақсатқа өз үлесін қосқан сала қызметкерлеріне кәсіби мереке қарсаңында толағай табыс тілейміз.
Тұрсынжан Асқарұлы