15 жастағы оқушы жүргізушілерге көлік жүргізіп келе жатып ұйықтап қалмауға арналған көзілдірік ойлап тапты. Идея авторы Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының 10-сынып оқушысы Ернұр Тұрғанбай. Физика пәнінің мұғалімі Дәулешияр Бақытәлі робототехника курсында оқушыға идеяны жүзеге асыруға және эксперименттік модель жасауға көмектесті. Автор көзілдірік инфрақызыл сенсормен жабдықталғанын, ал жобаның өзі жол қауіпсіздігін жақсартуға бағытталғанын айтады.
«Көзілдіріктің жақтауына инфрақызыл сенсор орнатылған, ол жүргізушінің жағдайын үнемі бақылап отырады. Көзілдірік шаршау мен ұйқы келу белгілерін анықтай алады. Егер рөлде отырған адам шаршап немесе ұйқысы келсе, көзілдірік көлік жүргізушісіне ескертеді», – деп мәлімдеді Алматы облысының білім басқармасынан.
Оқушы көзілдірікті басқа да түрлі функцияларды орындауға бейімдеуге болатынын айтты.