Ақ Жайықта өткен Ұлттық құрылтай — ұлтымыздың ұлы міндеттерін асқақтата түсті. Құрылтайдың еліміз үшін орны бөлек. Алқалы жиын – зиялы қауымның мәйегі мол ұсыныс-пікірлерін айтатын ашық алаңға айналып келеді. Мемлекет басшысы ұлттық маңызы бар келелі мәселелерді шешудің оң бағыттарын айқындап отыр.
Соның ішінде, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі кітаптарды көбейтуді, халықтың кітап оқуға ынтасын арттыруды ұсынды. Сондай-ақ ел Президенті Елтаңбаны өзгертуді атап өтті.
Мемлекет басшысы атап өткендей Елтаңбамыз туралы соңғы жылдары бірқатар сын-пікір айтылып жүр. Қоғамда талқыға түскен Елтаңба Кеңес заманындағы Гербке ұқсас екені айтылады, эклектикалық сипаты мен мәні күрделенген дейтіндер бар. Сондықтан дербес ел екенімізді айқындайтын, айшықтайтын Елтаңбамыздың жаңа үлгісін қайта қарастыру қажеттілігі айтылды.
Шындығын айтқанда, Елтаңбамыздағы жұлдыз символы еліміздің Кеңес одағы кезіндегі Елтаңбасының көшірмесіне жатқызуға болады. Ел ішіндегі мұндай көзқарасты бей-жай қалдыруға болмайды.
Бұ «бодандықтың» қалдық ізі сияқты белгі беретіні жасырын емес. Тағы бір шетінен тым күрделі. Бұл олқылықты халық талқысын ескерек отырып түзету керек деп есептеймін.
«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы Астана мен Алматы қалаларында жүргізген сауалнамада тұрғындардың көпшілігі рәміз мағынасын түсінбейтінін және тани алмайтынын көрсетті.
Елтаңбамыздың жаңа Қазақстанға сай, жаңаша көзқарасқа ие болуы, өзгеріс табуы заңдылық деп есептеймін.
Біз Кеңес үкіметін көрдік, ал қазіргі қазақ жастары озық ойлы, жаңашыл, тәуелсіз елдің ұрпағы екенін ұмытпауымыз керек.
Елтаңбаны бірден өзгерте салу оңай шаруа емес, алайда қазіргі заманға сай сәні артып, өткен тарихымызбен үндессе, Елтаңбамыздың жаңаруын қолдаймын.
Ең бастысы, халық таразысына салып, көпшіліктің пікірін ескеру қажет.