Қазақстанда ақылы жолдардың бағасы тағы қымбаттауы мүмкін. Көлік министрі Марат Қарабаев тариф құнын көтеру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Ведомство басшысы елдегі ақылы жолдардың бағасы басқа мемлекеттермен салыстырғанда арзан екенін айтты.
«Жолдың бағасын ұлғайту жоспарда бар. Халықаралық көлік жүргізу конвенциясына сәйкес, отандық және шетелдіктер бірдей төлеу керек. Ондай болмаса басқа елдерде қазақстандықтарға жолда артық ақша төлеуді талап етуді бастайды. Ең арзан жол бізде. Мысалы, Ресейде Мәскеу-Қазан жолы салынды, онда 1 шақырымы 25 теңдеген тұрады. Біздің жолдар орташа есеппен алғанда 1 теңге 20 тиынды құрап отыр», – деді ол.
Министр әртүрлі санат бойынша қазақстандық жолаушыларға жеңілдік қарастырылғанын атап өтті.
«Жолдаушыларды тасымалдайтын автобустар болса, олар ақылы жолға мүлдем төлемейді. Екіншіден, жүк тасымалдаумен айналыстан кәсіпорындар ақшасын алдын- ала төлесе, онда 15 пайыз жеңілдік жасаймыз. Ал сапасы төмен жолдарға ақы алынбайды», – деді Марат Қарабаев мәжіліс кулуарында.
Министр тарифті көтеру мәселесін бұған дейін көтерген еді. Айтуынша, Қазақстанда 2013 жылдан бері ақылы жолдың тарифі өзгермеген. Марат Қарабаев тарифті көтеру арқылы ақылы жолдың сапасын жақсартамыздеген болатын.
Дегенмен ақылы жолдың тарифі айтарлықтай қымбаттамайды. Мамандар ақылы жолдың тарифті нақты қанша пайызға өсетінін есептейтін болады.
«Ақылы жол тарифі көп өспейді. Кейбір адамдар 2-3 есе өсірейік деп айтып жатыр. Алайда мен ақылы жол тарифі 2-3 есе өспейтінін, бірақ пайыз жағынан артатынын мәлімдеймін», – деді Көлік министрі.
Ал «ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар ақылы жолдарды онлайн режимде көрсететін ақпараттық сервисті іске қосқанын мәлімдеді. Енді көлік жүргізушілері мен басқа да жолаушылар Kaztoll.kz сайты арқылы нақты уақыт режимінде жолдардың жағдайын бақылай алады.
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының мәлімдеуінше, бүгінде 17 ақылы жолда 74 бейнекамера орнатылған. Олар көлік қозғалысының трафигі, ауа райы және жолдың жалпы жағдайы туралы ақпарат береді.