Воскресенье, 24 ноября, 2024
Басты бетЖаңалықтарТуризм түлеудің орнына “жүдеп” барады

Туризм түлеудің орнына “жүдеп” барады

Әлемдегі экономикалық кірісі ең жоғарғы салалардың бірі — туризм. Бүгінде дүниежүзілік аренада маңызды рөл атқаратын бұл сала тек тұмса табиғаты бар елді мекендер, демалыс, сауықтыру орталықтарымен шектелмейді. Тарихи археологиялық қазбалар, мәдениет пен өркениет, сәулет пен ескерткіштер де бұл саланың бір түрі екенін әсте естен шығарып алғандаймыз. Түркия елін атағанда Ыстамбұл, әуе шарлары қалықтаған Каппадокияны көз алдымызға елестетсек, шекаралас Өзбекстан десе тарихи мекен Ташкентті, Египет десе перғауындар өмір сүрген пирамидиларды еске аламыз. Әрине бұл мемлекеттерде біз білмейтін қаншама туристік жерлердің көп екені анық. Өзге елден келген туристердің айтуынша қыс мезгілінде Алматы қаласындағы Шымбұлақ тау-шаңғылық курорты таптырмас демалыс орталығы көрінеді. Ал жаз мезгілінде Бурабайда демалып, тұмса табиғатын тамашалау жанға ләззат сыйлар нағыз туристік аймақ деп санайды. Иә, елімнің атын атағанда бірнеше мекенді ғана айтқан туристердің жауабы көңілге кірбің түсірері рас. Қазақ жерінің сіз бен біз білмейтін әр өңірдің өзіне ғана тән сұлулығыгг мен тарихынан сыр шертер жерлердің саны көп-ақ. Негізі еліміз орта Азияның туристік шаңырағына айналуына еш қиндық жоқ еді. Алайда біз әлі күнге дейін сол деңгейге жете алмай келеміз.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы туризмді дамыту жөнінде арнайы кеңес өткізген болатын. Ендеше жиында айтылған мәселелер жөніне тоқталайық.

Мемлекет басшысы еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды.

– Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент айрықша назар аударуды қажет ететін бірнеше басым бағытқа арнайы тоқталды.

  • Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес.. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі аймақтарда жер телімін бөлу мәселесі заң тұрғысынан қиындағанына байланысты бизнес өкілдері тарапынан шағым түсіп жатқанын атап өтті. Ал бұл ұзақмерзімді инвестиция салу, қарызға қаржы тарту және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін шектейтін көрінеді.

Бұл ретте Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.

Әрине, Мемлекет басшысының бұл сөзі орынды. Бүгінде  әр  сала жарнаманы қажет етеді. Осы орайда еліміздің көркем жерлерін таныстыр­ған бірер фильмнен басқа, туристік орындарды, туристерге жасалатын қолайлылықтарды таныстыратын ақпарат жоқтың қасы. Қызығушылық тудыратындай айтылып, жазылып, көрсетілмеген соң шетелдік турист түгіл, қазақстандықтардың өзі Отанымыздың әсем жерлеріне саяхаттап бармайды. Қазақстанда тұрып, Қазақстанның туристік орындары туралы білмейтін отандастарымыз да аз емес.

Сонымен қатар қазақстандықтардың туризмге деген түсінігі басқаша. Біздің азаматтарымыздың көбі Қазақстан территориясы ішінде ел көріп, жер көргенді саяхат санамайды. Мүмкіндігі жетсе, шетел асып саяхаттау санасына сіңген. Оның үстіне, табатын табысымен санағанда қазақстандықтар үшін туристік өңірлердің бағасы қымбат. Осыдан барып елімізде «Бурабайда бір апта демалғаннан Дубайға барған тиімді» дейтін көзқарас қалыптасқан. Азаматтарымыздың көзқарасындағы мұндай сыңаржақтылық ішкі туризмнің дамуына тұсау болып қана қоймай, ақшаның шетелге ағылуына да себеп болып тұр. «Дубайға 150 мың теңгеге 3 күнге барып келуге болады. Ал елімізде демалу үшін бұл қаражат жеткіліксіз” дейді жұрт.

Алысты айтпай-ақ Алматының өзін айтар болсақ, Көлсай, Есік көлі, Алмарасан, т.б жерлер бар. Ал одан бөлек тарихи-мәдени орталықтар қаншама?! Алайда сол жерлерді  білген күннің өзінде, жоспар құрып бару тағы мұң. Өйткені соңғы кездері салынған жолдарды есепке алмағанда, Қазақстанның көп өңірлерінде жол нашар. Егер арнайы бағытта автобус болса, оның өзі ескірген көліктер. Сондықтан болар, тәуекелге бел буып, өмірлерін қиындатпай-ақ шетелге билет алып жатқандардың көп екендігі. Бұл мәселе жөнінде Мемлекет басшысы туризм саласы бойынша өткен жиында да айтқан болатын.

Президенттің пікірінше, отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығы.

– Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл – өте жедел атқаратын міндет. Автомобиль жолдарының сапасы да нашар. Әсіресе, шалғайда орналасқан демалыс аймақтарына көлікпен жету оңай емес.  Тіпті, өте қиын. Тас жол жоқ деуге болады. «Астана – Алматы» бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұл – Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстырып тұрған күре жол. Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бірнеше жоба бар. Бұлар – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Казталовка – Жәнібек бағыттары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев  өткен кеңесте.

Туристердің еліміздің туристік орындарын көп білмеуінің тағы бір себебі   — Қазақстанның әр облысындағы кө­рікті орындарын тез әрі ұтымды жолмен аралап шығуына тиімді саяхат жобасы жасалмауы. Әр облыс, аудан, қалалардың туризмге арналған ортақ жобасы жоқ. Туристердің көбі естіген, білген жеріне барып қана қайтады. Егер әр өңірдің туризм саласына жауапты мамандары арнайы туристік жерлерге арналған кітапшалар мен нұсқаулықтар, онлайн қосымшаларды дайындаса нұр үстіне нұр болмас па еді?!

Мейлі жол, көлік мәселесі шешілді деген күннің өзінде қонақтарға арналған қонақүй мәселесінің еліміздегі бүгінгі жай-күйі сын көтере ме?!  Бурабай, Түркістан сынды жерлерде 5 жұлдызды қонақүйлер бар. Алайда танымал саяхат орындарынан салынған қонақүйлердің бағасы шетел саяхатшылары үшін арзан болғанмен, бұл бағаны кез келген қазақстандық саяхатшылардың қалтасы көтере бермейді.

Осы тұрғыда туристік орындардың инфрақұрылымдары кемелсіз екеніне тағы да бір көз жеткіземіз. Мәселен, атағы әлемге айгілі Шарын шатқалында жібі түзу дәретхана жоқ. Дүние жүзіне әйгілі Шарын шатқалында дұрыс дəретхананың болмауы кішкентай мәселе сияқты көрінгенімен, бұл Қазақстанның туризм саласына қаншалық көңіл бөліп отырғандығының бір дәлелі деп ойлаймын. Тақтаймен шегелеп жасап қойған дәретханалар бар. Бірақ іші өте лас. Халықтың сөзі қаншалықты дұрыс-бұрыстығын білу үшін менде барып көрген едім. Расымен, Шарын шатқалында не жөні түзу дәретхана жоқ , не су сияқты ең қажетті заттарды алатын ең болмаса бір дүкен жоқ.

Сондай-ақ саяхатшыларға жол бастап, туристік орындардың басты ерекшелігін түсіндіретін туризм нұсқаушылары аз. Бар болса да, білімі, тіл қабілеті төмендеу. Кейбір орындар туризмге қызмет етудің маңызды буыны саналатын бұл түйінді ескерусіз қалдырған. Нұсқаушылар бар болған күннің өзінде ақылы. Тағы да сол ақша мәселесі.

Біз бүгін Президенттің қатысуымен өткен жиында сөз болған мәселелерге тоқталып, еліміздегі туризм саласының осал тұстарын баяндадық. Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, экология мәселесіне арнайы тоқталды

Президенттің айтуынша, туризмді дамытамыз деп, табиғатқа зиян келтіруге болмайды.

– Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Әрине, азаматтардың экологиялық сауатын көтеру де маңызды. Осыған орай Мәдениет, Экология, Оқу-ағарту министрліктері нақты шараларды қолға алуға тиіс. Бұл бағытта ағартушылық жұмыстармен ғана шектелуге болмайды. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Туризм елдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға, мәдени алмасуға және әлемдік аренада оң имиджді қалыптастыруға ықпал ететін сала. Дегенмен, туризмнің сәтті дамуы табиғатты сақтау және жергілікті дәстүрлерді құрметтеу үшін экологиялық және әлеуметтік-мәдени аспектілерді ескеруді талап ететінін де естен шығармаған жөн.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments