Атамекен

«AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының кезектен тыс LIV (54-і) конференциясы өтті.

 

Жамбыл ауданында «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының кезектен тыс LIV (54-і) конференциясы ұйымдастырылып, маңызды саяси шешімдер қабылданды. Конференция жұмысына партия мүшелері, аудандық филиалдың саяси кеңес мүшелері және делегаттар қатысты.

Конференцияны «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Амалбек Ықылас Еркінұлы ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде партияның елді мекендердегі жергілікті басқаруды нығайтуға, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы сайлаудың маңыздылығына тоқталып, партия тарапынан ұсынылатын кандидаттардың халық сеніміне лайық болуы басты талап екенін жеткізді.

Күн тәртібіне сәйкес, конференция барысында Үңгіртас ауылдық округі әкімінің сайлауына «AMANAT» партиясынан кандидат ұсыну мәселесі қаралды. Бұл мәселе бойынша аудандық филиалдың саяси кеңесінің ұсынысы тыңдалып, кандидаттың өмірбаяны, еңбек жолы, кәсіби біліктілігі мен қоғамдық қызметі жан-жақты таныстырылды.

Талқылау барысында делегаттар кандидаттың ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесін, жергілікті тұрғындармен тығыз байланысын және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған нақты жоспарларын атап өтті. Пікір алмасу нәтижесінде Үңгіртас ауылдық округінің әкімі қызметіне лайықты үміткер ретінде Абдуали Дәурен Нұрмұханбетұлының кандидатурасы ұсынылды.

Конференция шешімімен «AMANAT» партиясынан Үңгіртас ауылдық округі әкіміне кандидат ретінде Абдуали Дәурен Нұрмұханбетұлы бірауыздан бекітілді. Делегаттар оның алдағы сайлауда партия бағдарламасын тиімді жүзеге асырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолында аянбай еңбек ететініне сенім білдірді.

Конференция соңында партия төрағасы Амалбек Ықылас Еркінұлы барша қатысушыларды алдағы сайлау науқанына белсенді қатысуға шақырып, партия мүшелерінің бірлігі мен жауапкершілігі жеңістің басты кепілі екенін атап өтті.

Exit mobile version