«Amanat Qurylys Group» компаниясында өткен кездесуде жастардың жұмыспен қамтылуы, кәсіби дамуы және тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мәселелері қарастырылды.
Кездесу барысында жастарға арналған бірқатар бастамалар таныстырылды. Атап айтқанда, жыл сайын кемінде 40 мың жастың жұмыс берушілердің тәлімгерлігі арқылы алғашқы кәсіби тәжірибе жинауына мүмкіндік беру көзделген. Сонымен қатар келешегі бар бизнес-идеяларды қолдау мақсатында қайтарымсыз гранттар ұсыну қарастырылып отыр.
Жоспарға сәйкес, 2031 жылға қарай жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген жастардың кемінде 65 пайызын тұрақты жұмысқа орналастыру ұсынылған. Бұдан бөлек, Enbek.kz платформасы арқылы жыл сайын 500 мың оқушы мен колледж студентіне жұмыс іздеу дағдыларын үйрету жоспарланған.
Сондай-ақ өңірлерде еңбек етіп жүрген жастарға арналған ипотекалық бағдарламаларды іске қосу мәселесі де қозғалды. Бұл бағытта жыл сайын кемінде 1 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр.
Жүздесу барысында қатысушылар жастарды жұмыспен қамту, баспанамен қамтамасыз ету және кәсіби даярлау мәселелері бойынша пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді.

