Мақаланың тақырыбын осылай қойдым да ойланып қалдым. Өйткені мына қоғамда «еңбек» деген сөздің мәні-маңызы қаншалықты құнды… Сауал көп, жауап табу оңай емес. Бірақ, бірақ адал еңбектің нанын жеп жүргендер арамызда аз емес. Елге елеусіз кәсіпті өмірінің арқауына айналдырғандар жайлы оқырманға айту парыз. Ауыр жұмысты атқарып, елдің ризашылығына бөленіп жүргендерді көргенде әрине риза боласың.
Өткен ғасырда аудандық почта бөлімшесінде «Союзпечать» деген шағын мекеме болды. Бар-жоғы екі қызметкері бар еді. Десе де олар аудандағы мекеме, кәсіпорын, шаруашылықтардың қызметкерлерін баспасөзге жазылуын насихаттап, қыруар істің тиянағын келтіретін. «Союзпечат та» істеген Сүймесінова Гүлмира Қапанқызын білмейтін, танымайтын адам жоқ шығар. Гүлмирамен жұмыс барысында кездесіп, баспасөзге жазылу науқанында тығыз қарым-қатынаста болып жүрсін. Өз жұмысына тиянақты, ұйымдастыру қабілеті жоғары, жұртпен тіл табысатын ақкөңілділігімен есте қалды. 2017 жылы ол жұмысын ауыстырды. Бұл кәсібі тіпті ауыр, әрі жауапты екен.
Қазір Гүлмира Сүймесінова байланыс бөлім-шесіндегі сұрыптаушы болып жұмыс атвқарады. Цехтың іші қашан барсаң абыр-сабыр. Мұнда шет елден бастап, еліміздің түкпір-түкпірінен посылка, хат-хабар, тағы басқа сәлемдемелер келеді. Посылкалардың салмағы 30 килограмнан жоғары. Гүлмира өз жұмысы жайлы былайша пікір білдірді.
– Өзім 1982 жылы Почта-байланыс училищесін бітірдім. Еңбек жолымды аудандық байланыс бөлімінде оператор-кассир болып бастадым. Ауылдарда 30 бөлімше бар. Солармен байланыста болып, хат-хабар, посылка, тағы басқа тұтынушылардың сұранысына сай қажетін өтейміз. Газет-журнал, зейнетақы тасымалдайтын 9 хат тасушыға бригадир Ольга Ділдебаева басшылық етеді. Менің әріптесім Игембаева Гүлнара Құралбекқызының жұмысы да өте жауапты. Гүлнара Талғар қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. Мамандығы есепші. Айта кететін жай ол компьютерді жете меңгерген маман. 1995 жылдан осы кәсіпте тер төгіп келеді. Жоғарыда айтып кеткендей жұмыс ауыр. Келген посылканы елді мекендердегі бөлімшелерге компьютерге кіргізіп, жоғалмай жеткізілуін бақылайды. Өте іскер, жауапты. Цехтың іші газет-журнал, тағы басқа заттар келгенде шаң-тозаң болады. Бірақ, адам өз ісін жан-тәнімен жақсы көрсе шыдайды екен. Біз соны түсіндік.
Президент биылғы жылды жұмысшы қауымына көңіл бөлетіндей маңыздылығын атап көрсетті ғой. Соған риза болдық. Қазіргі кезде Қытайдан келетін сәлемдемелер көбейді. Күніне 20-дан 50 қанар сәлемдеме-посылка келеді. Мүгедек жандарға келетін посылка-сәлемдемелер қатары да жылдағыдан көп. Олардың салмағы 40-50 килограмнан асады. Бәрін Гүлнара екеуміз көтереміз. Екі иығымыз сансырап қалады, деді Сүймесінова Гүлмира әңгімесінде.
Осындай ауыр жұмыстың айлығын білмек болғанда ол еріксіз күлді. Айтпай-ақ қояйын.
– Ауыз толтырып айтатындай айлық емес, деді.
Дана бабамыз «Қанағат – қарын тойғызар, қанағатсыздық – жалғыз атын сойғызар» деген терең ойдың маңызын осы сәтте біліп, көз жеткіздім. Майқы би абыз айтқандай қанағат кеткен жерде адамның қадірі де кетеді, деген. Ал тұтынушыдан келген аманат заттарды жеткізудің өзі үлкен жауапкершілік. «Біреуден алсаң – аманат, берсең жақсы – саламат. Басқа қылсаң, бақ кетер, Ақыры қаларсың жаманат» деген сөз тегін айтылмапты. Осындай жауапкершілік жүгін көтерген қос құрбы Гүлмира мен Гүлнараға алғыстан асқан қайырлы дүние жоқ дей келе, еңбектеріне сәттілік тіледім. Рсында да адамның бағы – адал еңбекте екенін ұмытпайық. Қос құрбы өз өмірлерін осылайша қадірлейді.
Күмісжан Байжан,
ҚР Мәдениет қайраткері.