Понедельник, 24 июня, 2024
Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында игерілмей жатқан 213,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті

Алматы облысында игерілмей жатқан 213,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті

Биыл «AMANAT» партиясының бастамасымен өңірде 281 учаскесі мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы «Жер аманаты» республикалық комиссиясының өңірдегі көшпелі отырысында айтылды.

Алматы облысына жұмыс сапарымен келген партияның Атқарушы хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек, комиссия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов Еңбекшіқазақ ауданында болып, Масақ ауылдық округінің тұрғындарымен және шаруа қожалық иелерімен кездесті.

Кездесуде Дәулет Кәрібек облыс бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдық жерлер ауылдық округтерге берілгенін атап өтті.

«Алатаудай биік тұлғалы алматылық ағайын үшін Асы жайлауының қадірі мен қасиеті бөлек. Бұны біз жыл басында өңірге келгенде ерекше аңғардық. Екі жарым мың метр биіктікте ен жайлаған қастерлі мекеннің жекеге өтіп кеткені жергілікті жұрттың қабырғасына қатты батқан. Мәселен, Масақ ауылдық округі тұрғындарының «Бұғыты» аумағындағы көлемі 2,4 мың гектар жер учаскесі жекенің қолында екенін айтып шағымданған болатын. Біздер, бұл мәселені бақылауда ұстап, жыл соңына дейін қайта келеміз деп уәде берген едік», – деді ол.

Дәулет Кәрібек сөзін жалғай отырып, арада 5 ай салып, халықтың мал жаю мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жайлаудың біршама бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылғанын жеткізді.

«Осы орайда облыс бойынша барлығы 213,5 мың га жайылымдық жерлер ауылдық округтерге берілгенін ерекше атап өткеніміз жөн. Бұл жұмыстардың барлығы «Жер Аманаты» комиссиясының жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып атқарған жұмыстарының нәтижесі. Бұл, игілікті істің басы ғана. Кезінде жерге қисынсыз иелік етіп, жайылым жердің тапшылығын қолдан жасаушылармен күрес әлі де жалғаса бермек», – дейді комиссия төрағасы.

Алдын ала жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының өзінде нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмайтын 121,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталып, биыл осы жер көлемінің 43,4 мың гектардан астамы мемлекет меншігіне қайтарылған. Нақтырақ айтсақ, Ават ауылдық округі бойынша – 16, Ақши а/о – 457, Асы а/о – 10301,79, Бәйтерек а/о – 3, Балтабай а/о – 6, Бөлек а/о – 201,65, Есік қаласынан – 157, Қаражота а/о – 4121,14, Қаратұрық а/о – 11621,4, Қырбалтабай а/о – 1942,9, Масақ а/о – 420, Рахат а/о – 25, Сөгеті а/о – 14068, Шелек ауылдық округінен – 38 гектар жер мемлекет меншігіне өткізілді.

Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, жайылымды жерлердің мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте өзекті болып тұрғанын айтты.

«10 млн гектарға жуық жер қайтарылды. Бұл – бірінші кезекте «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы. Біз заңға «қоғамдық жайылым» деген ұғымды енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайылым» деген ұғыммен қоса, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер қоғамдық жайылымды жерлерді ығай-сығайларға беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жерлер ретінде енгізілетін болады. Сонымен қатар, нақты бір елдімекенде соңғы 5 жыл тұрған азамат енді жер алу кезінде қосымша ұпайға ие болады. Жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға болмайды. Сондай-ақ енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі», – дейді депутат.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін 260 мың гектар жер телімін мемлекет меншігіне қайтару міндеті тұр. Қазір бұл жоспар 82 пайызға орындалды.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments