«AMANAT» партиясы Индер аудандық филиалының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында аудан орталығы Индербор кентінде «Көктем» мөлтек ауданы 11-аймақтан жаңа 80 пәтерлік үйдің кілттері табысталды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және тұрғын үймен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Осы бағытта ауданда ауқымды жобалар жүзеге асып, тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Бүгінгі жаңа қоныс иелерін қуанышты күндерімен құттықтаймын», — деді салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Серік Нысанбаев.
80 пәтерлік тұрғын үйдің 10 пәтері ипотекалық несие түрінде, 10-ы бюджет қызметкерлеріне, 60-ы мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде тұрған адамдарға, яғни көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше бала тәрбиелеп отырған және толық емес отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға табысталды.
Айта кетейік, соңғы 5 жылдықта Индербор кентінде 2021 жылы 80 пәтер, 2023 жылы 192 пәтер табысталса, Жарсуат ауылдық округінде 10 үй кезек бойынша әлеуметтік осал топ, аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналарға берілді.
Биыл тағы жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін Индербор кентінде 80 пәтер, Бөдене ауылдық округінде 12 тұрғын үй кезекпен табысталады.