Дәрігерлер де дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын жиі еске салады. Көпшілігіміз медицина теориясы мен өмір салтындағы кішкентай қателіктер үлкен қиындықтарға әкелуі мүмкін екендігін жақсы біле бермейміз. Пациенттер өз мәселесіне немқұрайлы қарағандықтан, дәрігерлер ойға келмейтін жағдайларға тап болады. Өйткені, немқұрайлылықтың соңы хирургиялық бөлімге алып барады. Осындай жағдайлардың бірі, Талғар аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне К. есімді 1960 жылы туған науқас түсті. Тексеруден кейін оның оң жақ балтыры буллезді-некротикалық формада асқынғаны анықталды. Науқас хирургиялық бөлімге жатқызылып, аудандық орталық аурухана директоры Х.А.Дасибеков, хирургия бөлімінің меңгерушісі Г.К.Есенәлиев құрамына енген арнайы топ жарасы асқынған науқасты екі кезең бойынша емдеу туралы шешім қабылдады. Алғашқы госпитализация кезінде некрэктомия, яғни жарамсыз тіндерді алып тастау мақсатында хирургиялық ота жасалды, кейін дәрігерлер жараның толық тазаруына және жазылуына күш жұмсады. Содан соң науқас үйіне шығарылды. Екінші госпитализация кезінде, яғни жара кезекті хирургиялық манипуляцияларға дайын болғанда, аутодермопластика жасалды. Яғни, жара науқастың іш тұсынан алынған терімен жабылды.
Аутодермопластика — механикалық, термиялық, химиялық жарақаттардан кейін, хирургиялық оталардан кейін пайда болатын тері ақауларын жоюдың тиімді әдістерінің бірі, түрлі жараларды емдеудің соңғы кезеңі болып табылады. Бұл әдіс өзге әдістерге қарағанда өте тиімді, жараның барынша тезірек жазылуына сеп болады. Операцияны хирургия бөлімінің меңгерушісі Есенәлиев Г.К., хирург Омаров Н.О., ассистенттер Абдрешит А.М., Сәдібеков А.А., Сағиев И.С., анестезиолог Серік А.С., ота медбикесі Усерова А. жасады. Науқас Талғар аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінен қанағаттанарлық жағдайда шығарылды.
Айта кетейік, бұл операция Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асырылды.
Барлық дәрігердің қызметіндегі ең негізгі мақсат — адамдарға көмектесу және өмірді сақтап қалу. Ал, хирургия – медицинадағы ең қызықты салалардың бірі, ол әрқашан дамуды және жеткен жетістікпен тоқтап қалмауды, әлі де біліктілікті арттыруды талап етеді. Медицина ғылымының соңғы жетістіктері туралы білім мен қажетті әрекеттерді орындаудың жоғары техникасына ие болған хирург біздің денсаулығымыз бен өміріміз үшін күресте әрқашан алдыңғы қатарда тұратын тұлғаға айналады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалы.