Воскресенье, 22 декабря, 2024
Басты бетЖаңалықтарЕрлікпен қаза тапқан курсанттың марапаты ата-анасына табыс етілді

Ерлікпен қаза тапқан курсанттың марапаты ата-анасына табыс етілді

Ағымдағы жылдың 13 қаңтар күні Алматы облысындағы Панфилов ауданының әкімі Т.Өмірәлиев бейбіт шерудің соңын жаппай тәртіпсіздікке айналдырған бүлікшілердің қолынан қаза тапқан ҰҚК Шекара академиясының 2 курс курсанты Жайық Әділқанның ата-анасына ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен жеткен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін тапсырды.
Еңбекші ауылының мәдениет үйінде өткен шараға курсанттың ата-ана, туған-туыстарымен бірге ауылдастары қатысты. Сондай-ақ, жиынға аудан әкімімен бірге ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары подполковник Б.Бұзаушиев, ҚР ҰҚК Шекара академиясының, шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық ұйымының өкілдері қатысты.
Шара жауынгерлік міндетті орындау кезінде қаза болған курсант Жайық Угулханұлын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Осыдан кейін мәңгі батыр шекарашыларымыздың сапын толықтырған ұланның ата-анасына ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін тапсырған аудан әкімі Жайықтың ерлігі туралы айта келе, осындай ержүрек жауынгер үшін алғыс білдірді.
Шекарашылар атынан сөз алған подполковник Берік Бұзаушиев шекара аймағында туып, шекарашыларға қарап бой түзеген курсанттың, стратегиялық маңызды нысандарды қорғаудағы шекарашылардың ерлігі туралы айтты.
«Осындайда Ұлы Отан соғысы жылдарында маршал Г.Жуковтың: «Шекарашылардың батылдығы туралы тек қана айтарым: мен әрқашан майдан шебінде шекара әскерлері қорғаныста тұрса немесе шабуылдап жатса өзімді жайлы сезінемін», — деген сөздері еске түсіп, қойылған тапсырмаларды орындауда қандай да қиындықтарға қарамайтын жасыл күнқағарлы Отан қорғаушыларға деген сенімділік күшейе түседі», — деген шекара басқармасы бастығының орынбасары подполковник Б.Бұзаушиев шекарашылар атынан Жайықтың ата-ана, туғандарына көңіл айтып, Угулхан ағамызға Шекара қызметінің 30 жылдығына орай жарық көрген «Мемлекеттік шекара» кітабын сыйға тартты. Бұл кітап Тәуелсіз еліміздің Жайық секілді шекарашыларының ерлігі, Отан қорғау жолында жандарын қиған батырларымыз туралы сыр шертеді.
Қарындасының ағасы туралы егіле айтқан сөздері жиналған қауымды еріксіз тебірентіп, көздеріне жас алғызды. Курсанттың әкесі шекарашының жасаған ерлігі үшін марапаттаған Қазақстан Республикасының Президентіне өз алғыстарын жеткізді.
Жайық Шекара академиясына оқуға түскенге дейін өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын Тәуелсіз еліміздің қасиетті шекарасында өтеген. Сосын да шекараның ыстығы мен суығын өз басынан өткеріп, саналы ғұмырын ел шебін қорғауға арнауды шешкен Жайықтың жасын өмірі қиылғанымен, ол батырларымыздың қатарын толықтырды.
Өйткені, курсант бейбіт тұрғындардың тыныштығын бұзған бүлікшілерден еліміздің стратегиялық маңызы бар нысандарын табандылық қорғады.
ҰҚК Шекара қызметінің
подполковнигі С.ҚАЛЫМОВ

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments