Қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнесті дамыту – экономиканы нығайтудың басты бағыттарының бірі. Осы орайда, өз ісін бастап, кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтардың саны күн санап артып келеді. Солардың бірі – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Дегерес ауылдық округіне қарасты Бесмойнақ ауылының тұрғыны, 3-баланың анасы, аяулы жар, жеке кәсіпкер Қыдыр Бағила.
05 қаңтар 1982 жылы ҚХР –да дүниеге келген Қыдыр Бағила өзінің еңбекқорлығы мен іскерлік қабілетінің арқасында тігін өндірісі саласында жеке кәсібін дамытып отыр. Ол «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша, 5 миллион теңге көлемінде шағын несие алып, кәсібін жандандыруға мүмкіндік алды.
Бүгінде оның тігін және жүн түтетін цехы Бесмойнақ ауылында табысты жұмыс істеп, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде.
2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандық жылы» деп жарияланғанын ескере отырып, Қыдыр Бағиланың кәсіпкерлік жолын осы бастамамен байланыстыруға болады. Оның тігін және жүн түтетін цехы – ауылдық жерлерде жұмысшы мамандықтарының дамуына айқын мысал.
Қыдыр Бағиланың тігін өндірісі қазіргі таңда екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты азайтуға қосқан үлкен үлес. Оның тігін цехы халықтың күнделікті тұрмысына қажетті киімдерді тігумен қатар, арнайы тапсырыстарды да қабылдайды.
Кәсіпкер Қыдыр Бағиланың алға қойған мақсаттарының бірі – өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашу. Сондай-ақ, заманауи тігін жабдықтарын сатып алып, өнім сапасын одан әрі жақсартуды көздейді. Қыдыр Бағила өз кәсібін дамыту арқылы ауыл экономикасына серпін беріп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға ықпал етуді басты міндеттерінің бірі санайды.
Қыдыр Бағиланың кәсіпкерлік жолы – ауылдық жерлерде де табысты бизнес жүргізуге болатынын дәлелдейді. Мемлекеттік қолдаудың және өзінің қажырлы еңбегінің арқасында ол өз ісін өркендетіп, туған жерінің дамуына үлес қосып отыр. Мұндай шағын кәсіпкерлік бастамалар – ауыл шаруашылығы мен ауылдық инфрақұрылымды дамытудың маңызды бөлігі болып табылады.