Пятница, 27 декабря, 2024
Басты бетЖемқорлыққа жол жоқЖемқорлық деген жегі құрт

Жемқорлық деген жегі құрт

«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тəннің құмары, бұлар болмаса, тəн жанға қонақ үй бола алмайды, һəм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыржұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дəмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнайкерней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бəрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бəрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».

 Абайдың жетінші қара сөзінде жазылған бірінші мінез туралы не деуге болады? Осы бірінші мінезбен туған балалар сияқты қазір қоғамда тек ішсем, жесем деген ниетпен жүрген жандардың қарасы көп-ақ. Яғни, олар екінші мінезбен туылған бала сияқты өз елінің өркендеуіне үлес қосудан гөрі өзінің қара басының қамын күйттеп, мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқырып, біреуден пара алып, біреуге пара беріп күнелтіп, жемқорлықтың жеті сатысына бірақ көтерілген əккі ұрыға айналғандар. Осындай жандардың кесірінен тəуелсіз ел атанған кең байтақ қазақ жерінің экономикалық өсуі кеңге қанат жая алмай келеді. Жегі құрттай жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жою үшін Сингапур елінің саясатын ұстансақ, біздің ертеңгі өміріміз де өзгерер ме еді, кім біледі.

 Сингапурдың Премьер-министрі болған Ли Куан Ю билікке келгенге дейін бұл ел жемқорлықтан көз ашпаған ең кедей халықтар тізіміндегі ел болатын. Бұл елдің дамуына өз елінің мемлекеттік қызметкерлерінің жемқорлығы кедергі болды. Сол үшін билікке келісімен Ли Куан Ю ең алдымен жемқорлықпен күресті қолға алып, парақор басшылар мен қызметкерлерді заң жүзінде жазалап, абақтыға жапқызды. Ол тіпті өзінің жақын досы мен бауырын жемқорлық əрекеті үшін темір тордың арғы жағынан бірақ шығарған деген де деректер бар. Бұл жайында Ли Куан Ю өзі: «Егер сіз жемқорлықты жеңуді қаласаңыз, достарыңыз бен туыстарыңыздан əрқашан бас тартуға дайын болыңыз», – деген екен.

Төле бише айтсақ: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – дегенге саяды. Осы қағиданы ұстанған Ли Куан Ю өзі мемлекетін басқарғанда жемқорлықпен күресті ең бірінші мəселе етіп қойып, 31 жылдың ішінде өз елін əлемге үлгі қылатын бай əрі жемқорлықсыз мемлекетке айналдырды. Ол үшін Сингапурда мемлекеттік қызметкерлер мен судьялардың, дəрігерлер мен полиция қызметкерлерінің жалақыларын бірнеше есе өсірді. Осылайша Сингапур қазіргі таңда өзге елдерге үлгі бола алатын, жемқорлықсыз елдердің ең үздік үштігінің қатарына енді.

Бізде де осы үрдіс енді-енді өз жолын табуда. Үстіміздегі жылы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы едəуір көтерілді. Алдағы уақытта біздің ел де жемқорлықты жеңіп, Сингапур елі сияқты өзге мемлекеттерге үлгі боларлық халге жетеді деген үміттеміз. Еліміздің өркендеуін ойласақ, жемқорлыққа жол бермейік, ағайын!

 Елдар ЖАҚЫПБЕК.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments