Воскресенье, 22 декабря, 2024
Басты бетUncategorizedМаман дайындауға мүмкіндік жеткілікті

Маман дайындауға мүмкіндік жеткілікті

Петропавл қаласында «Sarap» талдау клубы АЭС туралы жалпыұлттық референдумның негізгі мәселелеріне арналған кездесу өткізді, деп хабарлайлы «Егемен Қазақстан» газеті.

Кездесуде «Ұлттық ядролық орталық» директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев пен осы орталық ҒЗИ бас инженерінің орынбасары Денис Зарва сияқты білікті мамандар жиналғандарға атом энергетикасының маңызы, оны қолдану қауіпсіздігі туралы айтып берді.

«Қоғамда атом энергиясын қолданудың қаупі туралы теріс көзқарастардың белең алғаны рас. Белсенді азаматтардың бәрі мұндайда Чернобыль мен Фукусима атом реакторларының жарылғанын мысалға келтіреді. Ол ІІ буын реак­торлар болатын. Қазір Қазақстанға АЭС салынатын болса ІІІ және ІІІ+ реакторлар қолданылады. Бұлардың қауіпсіздігі жоғары және апатты жағдай бола қалғанның өзінде автоматты түрде тоқтатылып, реактор 72 сағатта салқындатылады. Атом реакторын қолдану идеясы бүгін туып отырған жоқ. Қазірдің өзінде Курчатовта 2 зерттеу реакторы жұмыс істейді. Соның біріншісі өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері ешқандай апатсыз жұмыс жасап тұр. Атомды қолданғанда шығарылатын ядролық қалдықтан да қауіп жоқ. Оларды қауіпсіз сақтаудың технологиясы табылған. Қалдықтарды сақ­тайтын арнайы орындар жабдықталған. Айта кететін жайт, атом энергетикасының қалдықтары басқа энергетика көздері қалдығынан әлдеқайда аз. АЭС тұрғызуға қарсы алаңдататын тағы бір күмән – саланы игеруде бізде білікті маман жоқ деген қорқыныш. Алайда елімізде атомды жүйелі түрде зерттейтін ғылыми орталықтар бар. Тіпті реакторлық қауіпсіздік саласында қазақ ғылымының деңгейі жоғары деп айтуға болады. Егер олай болмаса халықаралық деңгейде танылған ядролық мекеме­лер мен реакторлық технологияларды дамытып жатқан елдер біздің «Ұлттық ядролық орталықпен» жұмыс істемес еді. Курчатов қаласында орналасқан орта­лық барлық реакторлық технологияны шығаратын елдермен жұмыс істейді. Атап айтқанда, Жапонияның атом агенттігімен бірлесіп болашақта қолданылатын IV буындағы реакторлық отынның қауіпсіздік мәселесін зерттеп жатыр. Сондай-ақ франциялық «Astrid» реак­торының қауіпсіздігін тексеру жұмыстары жүргізілуде» – , деді Ерболат Қоянбаев.

Сонымен қатар ол Курчатов­тағы ядролық орталықта 300 адам­ның еңбек ететінін, ал Ядро­лық физика институтының реакторында 200-дей адам қызмет істеп жүргенін айтты.

 

«Әрине, технологияға тәуелділік бар екені рас, бірақ мамандар саны жеткілікті болады деп ойлаймын. АЭС салынып жатқан уақытта да жүздеген маман даярланады. Біз өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері Семейдегі Шәкәрім атындағы университетпен келісімшартқа отырдық. Онда атом саласының мамандарын даярлайтын арнайы кафедра құрылып, факультет ашылған. Ондағы мамандар «техникалық физика», «ядролық физика» деген атаумен даярланады. Курчатов қаласында филиалы бар. Шығыс Қазақстандағы екі университеттің кафедрасы да Курчатовтың өзінде жұмыс істейді. Алдағы уақытта еліміздің алдыңғы қатарлы ҚазҰУ мен ЕҰУ сияқты университеттерінде де осы саланың арнайы мамандары даярланатын шығар деп ойлаймын»-, деді ол.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments